Құм құрсауындағы ауыл, қайбір жылы қалың сексеуіл екпеген болса, көшкен құмның астында қалуы ғажап емес еді деп ойлаймын, балалық табанын күйдірген ыстық топырақтың қызуын қазірге дейін сезініп. Құмның беті ыстық болғанымен білекке дейін қазып, аяғыңды салсаң, сап-салқын болушы еді. Көлеңкесі мен саясы үстінде емес, астына жасырылған бір тылсым дүние еді қайран құм.
Сексеуіл, жантақ, шырыш, шеңгел, жусан, адыраспан... құмда қозы баққан баланың көзіне ілінер қылпық осылар ғана. Жел қуған жантақты лақпен бірге сен қуған шақ қандай. Адырдан адыр асқан, қылтиған қара шөпте қадірі асқан, қасиетті адыраспан қандай. Үлкендер адыраспанға сәлем бер дейтін. Оны басында ұқтық па, адыраспан көрсек, адам көргендей амандаса беруші ек. Ағам баласының адыраспанға «амансыз ба, апа» дегені ауылда мәтел болған тұс еді.
«Ассалаумағалейкүм, адыраспан,
Мен сізге жіберген Омар, Оспан» деген дуадай сөз қастерлі шөптің серті екенін кейін білдік.
Қырдағы қылтиған қылпықтың бәрін қасиетті деп өсірді бізді. Жусан да, сексеуіл де, тіпті шалбар балағын жыртар шеңгелді де қастерледік. Сертін орындамай селеуге де тимеуші ек. Ара-тұра тобылғы кезіксе, әулие кезіккендей арбалдық. Қазір ойласам, соның бәрі тәрбие екен. Қара шөпті кісідей көрдік.
М.М.Сперанский деген генерал-губернатордың патша ағзамына хат жазып, қазақ халқы сексеуіл секілді, біріне-бірін соғып қана жаруға болады деуінің де сыры тереңде жатса керек. Саясат солай жүргізілді де. Соқты, сындырмаққа бақты, тамырдан шапты, қоңырау тақты.
Ал сексеуіл болса, көктем сайын қайта гүлдеп жатады.