Бокс • 08 Сәуір, 2022

Жеті боксшымыз – жартылай финалда

170 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Таиландтың Пхукет қала­сын­да өтіп жатқан бокстан ха­лықаралық Thailand Open турнирінің ширек финалдық бәсекелері өз мәресіне жетіп, жартылай финалға шыққан былғары қолғап шеберлерінің есімі белгілі болды. Финалға жолдама беретін жекпе-жектерде Қазақстан құрамасының жеті боксшысы өнер көрсететін болды. Ал 81 килодағы Нұрбек Оралбай финалға тікелей жолдама алды.

Жеті боксшымыз – жартылай финалда

Жазғы Азия ойындарының алдындағы дайындық турнирі саналатын Таиландтағы жарысқа Азия, Африка және Еуропа құр­лықтарының 19 мемлекетінен боксшылар қатысып жатыр. Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов бұл жарыста еліміздің негізгі құрам өкілдері мен жастар арасындағы Азия, әлем біріншілігінің чемпиондарынан құралған жас боксшыларды сынақтан өткізгенді жөн көрген екен.

Жарыстың алғашқы айналымын сәтті бастаған жерлестеріміздің қатары ширек финалдан кейін сирей бастады. Таиландтағы турнирге Қазақстан құрамасынан 11 бокс­шы аттанған болса, соның тек сегізі ғана халықаралық доданың жартылай финалына жолдама алды. Өкінішке қарай, бірнеше бокс­шымыз жеребеге сәйкес алғашқы кездесулерде бір-біріне қарсылас атанып, жарыс жолынан шығып қалды. Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосынов ширек финалда күтпеген жерде шаршы алаң иесі Танарат Саенфеттен төрешілердің аралас шешімімен (27:30, 29:28, 28:29, 30:27, 28:29) жеңіліп, турнирді ерте аяқтауға мәжбүр болды.

Жекпе-жектен соң Сәкен Бибосынов қазақстандық Bassport.kz сайтына пікір білдіріп, жеңілісінің себебін түсіндірді. «Бұл – менің әлем чемпионатынан кейін қатысқан алғашқы жарысым. Бірінші жекпе-жегімді сәтті өткізгеніммен, екінші айқасымда жергілікті бокс­шыдан айламды асыра алмадым. Қар­сыласым таиландтық боксшы болған соң, төрешілер оған көмектесті деп есептеймін. Мен жеңілген жоқпын, төрешілер тарапынан аздап бұрмалау болды. Бұл боксшымен былтырғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде кез­десіп, айқын басымдықпен жеңген болатынмын. Алайда, бұл – спорт. Спорт болған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді емес пе? Әрбір жеңілістен қорытынды шығарып, келесі жекпе-жектерге бұдан да мықты болып ораламыз. Бапкерлерім де барынша қолдау білдіріп, уайымға салынбауымды сұрап жатыр. Әлем чемпионатынан кейінгі үзіліс маған жақсы әсерін тигізді. Біраз тынығып, жаңа күшпен оралдық. Биылғы маусымның басты бәсекесі – Қытайда өтетін Жазғы Азия ойындары. Сол бәсекеде еліміздің көк байрағын биікке көтеруді мақсат еттім», деді Сәкен Бибосынов.

Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері Виктор Демьяненко бұл жекпе-жекте Бибосынов жеңілген жоқ деп есептейді. «Дегенмен, айқас шаршы алаң иесімен өткеннен кейін қазақстандық боксшы бір бас жоғары өнер көрсетуі керек еді», дейді ол.

– Жекпе-жекті көріп шықтым. Меніңше, екі боксшы да тең дәрежеде өнер көрсетті. Соққылар саны бойынша Бибосынов жеңілген жоқ, дегенмен бұл жерде оның ринг иесімен жұдырықтасқанын ескеру керек. Мұндай жағдайда бір бас жоғары жұдырықтасып, төре­шілерге ойланатындай мүмкіндік қалдырмау керек. Сарапшы маман ретінде айтар болсам, Сәкен жекпе-жек барысында өте көп артық қимыл жасап, соққылары көздеген жеріне жетпей жатты. Ол қарсы соққыға жұмыс істеуі керек еді. Бұл салмақта нокаутқа жіберетін соққы сирек кездеседі», дейді В.Демьяненко.

Сәкен Бибосыновтан бөлек, жастар ара­сын­дағы әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай (52 кило) мен Тимур Нұрсейітов (75 кило) те жа­рысты ерте аяқтады.

Ал ширек финалда қарсыластарынан ба­сым түскен Серік Теміржанов (57 кило), Санат­әлі Төлтаев, Сұлтан Мусинов (63,5 кило), Асланбек Шымбергенов (69 кило), Аятул­ла Тәкіжанов (75 кило) және Сағындық Тоғам­бай мен Айбек Оралбай (91 кило) жар­ты­лай финалға шығып, кем дегенде қола ме­­дальға қол жеткізді. Ширек финалда Серік Теміржанов Сингапур өкілі Мохамед Ханур­дин Бин Хамидтен 5:0 (30-24, 30-25, 30-25, 30-26, 30-24) есебімен басым түссе, 63,5 килодағы Санатәлі Төлтаев Тайпей боксшысы Чу-Эн Лайді төрешілердің аралас шешімімен жеңді. Ал Сұлтан Мусинов Вьетнам боксшысы Ву Танды нокаутпен ұтты.

Биылдан бастап ұлттық құраманың капитаны болған Асланбек Шымбергенов те ал­ғашқы жекпе-жегінде техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Ол ширек финалда филиппиндік Маржон Пианармен кездесіп, бірінші раундта екі рет нокдаунға жіберді. 75 килодағы Аятулла Тәкіжанов жартылай финалға жолдама беруші кездесуде жергілікті боксшы Борворн Кадамнуанға еш мүмкіндік қалдырмады. Тіпті үшінші раундта Тәкіжанов қарсыласын бір мәрте есеңгіретіп алды.

Ауыр салмақтағы Сағындық Тоғамбай мен Айбек Оралбай Вьетнам және Үндістан бокс­шыларын қапы қалдырып, жартылай финалға жолдама алды. Жеребе бойынша жекпе-жектерін жартылай финалдан бастаған Нұрбек Оралбай бірінші айқасында Таиланд боксшысы Анават Тонгкатокты техникалық нокаутпен жеңіп, қазақстандық боксшылар арасынан бірінші болып финалға шықты.

Айта кетейік, жартылай финал жекпе-жектері бүгінге, ал финал кездесулері ертеңге жоспарланған.