06 Сәуір, 2014

Шындыққа жанаспайтын ақпар наразылық туғызды

474 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
06-04-КорdauЕртеде ет пен қымызға тойып алып, ерігіп келе жатқан хан жолын кесіп өткен қаңбақты көріп, жанындағы жолсерігі Жиреншеге: «Менің жолымды кесіп өткен кім екен, қайдан келеді және қайда барады екен, барып соны сұрап кел»,- деп бұйырады. Сонда Жиренше шешен атын тебініп қалып, қаңбаққа жетіп барыпты да, біраз тұрып, ханға шауып келіп: «Барып сұраған едім, мен қаңбақпын, менің ұшарымды жел біледі, ал қонарымды сай біледі. Соны сұратып отырған ханың ақымақ па, әлде ханның айтуымен сұрап келіп тұрған сен ақымақ па?»,- деп айтты деген екен. Үстіміздегі жылдың қаңтар айының басында мен теледидардан қылмыс туралы  бағдарламаны көріп отырып, осы  бағдарламаны елге көрсетіп отырғандар  «ақымақ» па, әлде соны көріп отырған мен ақымақ па деген ойға келіп, сол шығарманы дүниеге келтірген азаматтарға қарным ашты. Енді көрсетілген қойылымға келейін. Ол хабарда тілші Жамбыл облысының «Қордай» кеден бекетіндегі қызметкерлердің қылмыскерлермен қалай күресетіндігін хабарлады. Онда Қордай ауданының бір азаматы экономикалық контрабандамен айналысып, тез арада мол олжаға батқысы келгендігін, осылайша «Газель» автокөлігімен Қырғызстанға барып, сол жерден 3,5 тонна құс етін алып, «Қордай» кеден бекетіне келгенін, кеден бекетінде автокөліктің терезе перделерін жауып қойып, кеденшілерді автокөлікте ешқандай зат жоқ деп алдап, тауарды бекет арқылы Қазақстан жеріне кіргізгені баяндалады. Бірақ, қылмыскердің қуанышы ұзаққа созылмай, оны қаржы полициясы қызметкерлері Қордай ауылы ішінде ұстағанын, осылайша қылмыскер әділ жазасын алғаны туралы айтылды. «Қордай» бекеті арқылы өтіп көрген азаматтардың кез келгені осы хабарды көргенде менің жағдайыма түсіп, «кім ақымақ?» деген ойға түсетініне еш күмәнім жоқ. Кеден бекетінен 3,5 тонна құс еті тұрмақ, балаларына Бішкектің базарынан алған 1-2 сөмке киімдерін өткізе алмай, қаншама азаматтың сарсаңға түсетіні туралы осы тілші біле ме екен? Ол бекетте кеден қызметкерлерінен бөлек шекарашылар қызмет етеді. Шекарадан қылмыстық жолмен тек тауарлар ғана емес, есірткі, қару-жарақтар, оқ-дәрілер өткізілуі мүмкін. Сондықтан әр көлік ғана емес, көліктердің зат тығуға ыңғайлы барлық қуыстары тексеріледі, әр сөмке қатаң тексеруден өтеді. Автокөліктің терезе пердесін жауып қойып, тексерусіз өтіп кету, 100 кило емес, 3,5 тонна құс етін байқатпай алып өту деген нағыз ертегінің өзі. Экономикалық контрабанда отандық тауар өндірушілердің дамуына орасан зор зиянын тигізетін ауыр қылмыс екенін ескерсек, мұндай бағдарламаларды түсіру өте үлкен  жауапкершілікті талап ететінін білуіміз керек. Бұл бағдарламада көрсетілген азаматтың кеден бекетінен қалай өткеніне көп көңіл бөлінуі керек еді. Бұл не, кедендегі қызметкерлердің шалағайлығы ма, әлде сыбайластық па? Егер сыбайластық болса, онда 3,5 тонна ет алып өткен азаматтың қылмысы мұхиттың тамшысы ғана емес пе? Сонда сыбайластық жасаған қызметкерлердің экономикаға тигізген зияны көп пе, әлде бір рет ғана контрабандалық тауар алып өткен азаматтың зияны көп пе? Ондай жағдайда біз несіне бір азаматтың ұсталғанын айтып мәз болуымыз керек, мәселенің түбіріне неге үңілмеске? Ондай жалпақшешей бағдарлама кімге керек, ол  бағдарламадан   елімізге  қандай            пайда  бар?   Өзге  елдің  «Человек  и  закон»   тәрізді бағдарламаларын барлық ел сүйсіне қызықтайды. Себебі, олар ешкімнің көңіліне қарамастан, шыңғыртып тұрып шындықты көрсетеді. Мұзтаудың су бетіндегі бөлігін  ғана емес, оның су астындағы бөлігін де толық көрсетуге тырысады. Қоғамдағы үлкен проблемаларды қозғай біледі. Кез келген шығарма өзінің шындыққа жақындығымен құнды болады. Міне, сондықтан Бауыржан атамыз өзі туралы кітап жазып жүрген жазушы сұхбат алуға келгенде қылышын стол үстіне қойып, егер кітапта өзін өтірік дәріптейтін болса, осы қылышпен жазушының қолын шауып тастайтынын айтып ескерткен. Кітап жазғанда, кино түсіргенде міндетті түрде ондағы көтерілетін мәселелерді жақсы білетін мамандардың көмегіне жүгініп отыру қажет. Кино соғыс туралы болса, соғысқа қатысқан әскери маман, қылмыс туралы болса тәжірибелі заңгер көмегіне жүгіну керек. Сонда ғана  шығарма шындыққа жақын болады, яғни халық жүрегіне жақындай түседі. «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» дегендей, мен тырнақ астынан кір іздеп емес, журналистиканың қадірі қашпаса екен деген ниеттен қолыма қалам алдым. Қазақ тілді газеттер аз оқылады, қазақ тілді хабарларды көрермендер қарамайды деп наразы боламыз. Сүреңсіз шығармалар, жалған мақтауларға толы мақалалар халықтың жүрегінен қалай орын табады?  Халық қазақша басылымдарға, хабарларға мойын бұрсын десек, шындықты жалпақшешейлердің табанына таптатпайық, ағайын! Бақытжан Бексұлтанов. Жамбыл облысы, Шу ауданы. Дереккөз: Б. Бексұлтанов. Фото: www. Inform.kz. (кеден бекеті).