08 Сәуір, 2014

Қыран самғауы

790 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов туралы толғаныс

БИГЕЛДИНОВ ТОсы, Кеңес Одағының Батыры атағын бір емес, екі рет алған қазақ аз ба, көп пе? Мүлдем қисынға келмейтін сұрақ. Екеудің бірі де емес, Бірдің өзі, нағыз дүрдің өзі Талғат Бигелдинов. Мұны айтып елдің есіне салғанда Американы қайтадан ашқалы отырған жоқпыз. Тек сонау қаһарлы соғыс жылдарында Сталиннің жарлығы бойынша 80 жауынгерлік ұшуды табысты орындаған ұшқышқа батыр атағы берілетін болып белгіленген екен. Ал, біздің Талғат ағамыз болса, 305 мәрте жауынгерлік тапсырмамен ұшып шығып, жауға соншама рет ойран салып шайқасқан, соншама рет өліммен беттесіп, арпалысып айқасқан. Қарапайым арифметикаға салсақ та, төрт немесе кем дегенде үш мәрте Кеңес Одағының Батыры болғандай екен! Әрине, екі Жұлдыз да тақиямызға тар келмес. Күпірлік болмасын, бірақ көңілде күмән барын қайтіп жасырайық. Қазаққа одан артықты қимаған, осы да жетер деген кердең пиғыл да болмай қалмаған-ау деп шамалаймыз. Ал мына екі мәрте батыр атағын бермеске де Талғаттай өреннің бірінен бірі асқан, толастамай үдемелеген ерен ерлігі ерікке қоймаған. Шабытты шағындағы болат топшылы қызылшыл қыран қайтпас қайсарлығымен Жұлдызды жұлып алған, іліп түскен. Елестеп өтті алдымнан Жаралы жылдар бейнесі. Қасым Аманжолов. Кыран самгауы-4 Қыран бүркіт қашанда мәрт келеді. Қыран мекені қияда. Қыран аңсары – күн астындағы шексіз, шетсіз кеңістік. Қыран самғауы зеңгір көктің төрінде. Қыранның шырқау биікті көксемейтін күні жоқ. Мұзбалақ қыран тұғыры – мәңгілік мұзарттар. Қазақтың текті қыраны, жеті қат көкте жаумен қисапсыз жағаласқанда жүрегі әсте шайлығып көрмеген, ел бағына туған қаһарман ұланы Талғат Бигелдинов даңқының, соны сүйіншілеп қуанған халық мерейінің биігі екі дүркін Кеңес Одағы Батырының жұлдыздарының сөнбес жарығымен сараланады. Қыран самғауының алғашқы ақ жолын еске түсірсек, ол әуелі Саратовтың арнайы барлаушылық ұшқыштар авиамек­тебіне оқуға жіберілген екен. Оны бітір­ген соң Чкаловтағы 3-ші бомбалау­шы және 1-ші жойғыш авиациялық ұш­қыш­тар мектептерінде аспан қыраны маман­ды­ғының қыры мен сырын тәптіштеп мең­гер­ді. Одан соң ИЛ-2 шабылдаушы ұшағында ұшуға үйренуден өтті. Осының бәріне ұзын-ырғасы екі жарым жыл шамасында уақыт кетті. Тек содан кейін ғана, 1942 жылғы желтоқсан айында Талғат Бигелдинов кейіннен 144-ші гвардиялық деп аталған алғы шептегі 800-ші шабылдаушы авиаполкке келіп қосылып, соның құрамында соғыстың соңғы күндеріне дейінгі бүкіл от-жалынды бастан өткере кешіп өтті. Осы арада Талғаттай қыранның пырағы – ИЛ-2 ұшағына сипаттама берудің кезі келген сияқты. Жалпы, авиация шабуылдау­шы, жойғыш, бомбалаушы, барлаушылық деп бірнеше түрге бөлінеді ғой. Соның ішінде шабуылдаушы авиацияның негізгі міндеті жер бетіндегі жаудың адам күші мен техникасын құрту болып табылады. Осы міндетті атқарушы ИЛ-2 ұшағы екі зеңбірек, екі пулеметпен жабдықталған. Жеткілікті мөлшерде «Катюша» атымен реактивті снарядтары мен бомбалары бар. Зеңбірек гашеткаларын басып оқ атқан кезде сырт-сырт еткен фотоқондырғылар қоса жұмыс істейді. Сөйтіп, ол кездегі ИЛ-2 дегендеріңіз алапат күш-қару саналып, оларды көргенде жаудың үрейі ұшатын. Атап көрсететін бір жағдай сол, болашақ батырдың ұшу-техникалық даярлығының ғаламат тиянақтылығы мен тыңғылықтылығы. Бигелдиновке берілген сипаттама-мінездемелерден оның қырандық қасиетінің қалыптасқан нышандары байқалғандай. «ИЛ-2 ұшағын меңгеруі тамаша. Ұшуды жақсы көреді, ұшқан кезде шаршамайды. Еңбексүйгіш. Үйренудегі ұғымталдығы ғажап. Әуеде сабырлы, сеніммен ұшады» деген бағаларға лайықтылығын ол соғысқа кірген алғашқы күндерде-ақ дәлелдейді. Бір ғажабы, Бигелдинов үшін соғыста үйрену кезеңі, біртіндеп бейімделу мерзімі болған жоқ. Алғашқы шайқастан-ақ шын мәнінде жауға жасындай тиді. 292-ші шабуылдаушы авиадивизияның бұрынғы командирі, авиация генерал-полковнигі, Кеңес Одағының Батыры Н.Каманиннің куәлігіне жүгінсек, тұңғыш жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде-ақ оның салған беттен нысанаға сәтті шүйілгендігі сонша, бомбалар бензин қоймасына қолмен қойғандай дәлдікпен түсіп, ал екінші мәрте шүйілгенде қару-жарақ қоймасының күлін көкке ұшырып өртеп жібереді. Кәнігі ұшқыштардың өздерінде де мұндай тас-түйін шалымдылық сирек кездеседі екен. Ал, Бигелдинов болса бірден-ақ кемел шеберлікке жеткен. Сорғалап құйылғанда түлкінің ғана емес, арлан қасқырдың да белін үзіп жіберетін қазақ қыранының алғырлық қасиеті осындай болса керек-ті. Майдандағы қазақ қыраны тынымсыз ұшты. Ол шабуыл соққыларының қапысыз шеберіне, мүлтіксіз мергеніне, өткір жанары қиядағыны шалатын аспан барлаушысына айналды. Көк тәңірісі қыран бүркіт десек, сол қанқасап соғыстың аспандағы айқастарының құдіретті қыран бүркіті осы Талғат еді. Келе-келе оны ұрыстарға топтың сардар серкесі етіп салатын болды. Нақ 1943 жылы майдангер, ақын Қасым: «Білмеймін, қайда жоғалттым, Сескену, қорқу дегенді!» деп тура дәл осы шақта жау аспанында найзағайдай жарқылдап, жасын ойната шаңқылдаған жас қыран інісі Талғатқа арнап айтқандай екен. Жаңағы жарқын тұлға Каманин: «Қазақ халқының осынау даңқты ұлы күрес пен жеңістердің тамаша жолынан өтті. Мен үшін оның марапатқа, офицерлік атаққа ұсынылған қағаздарына қол қою да бір ғанибет болатын еді», дейді. Бұдан біздің қайсар батырдың от кешкен ортасындағы сыйлы-сүйкімділігі де аңғарылғандай. 305 рет жауынгерлік тапсырмамен ұшып ұрыс салып майдандасты деп айтуға ғана оңай. Басты гәп жан алып, жан берісе жағаласқан сол жанталастарда жеңіп шығу болса, Талғат соғыста 305 рет жеңіске жетті, жауынан мерейін 305 рет үстем етті. Ерліктің мақсаты әрдайым жеңіске жетіп отыру болса, сол қасиетті мақсат биігіне Бигелдинов мәрттікпен көтеріле білді. Ол жер жастандырған жау саны, талқандаған техника мен жабдық-жарақ, дұшпанды ойрандатқан шығын молая берді. Бір өзі алғашқы он ұшу жорығында-ақ дұшпанның Демьян тобындағы 10 автомашинасын, 2 зеңбірек, 4 дзотын, 100 шақты гитлершіл мен бір жойғыш-қырғиын құртып жіберген. Сол ерлігі үшін ең алғаш рет ІІ дәрежелі Отан соғысы орденін алды. Харьковтегі жау аэродромын шабуылдау кезінде жағдайдың аса күрделі қиындығына қарамастан, Талғат Бигелдинов зениткалардан жауған қалың оқтың арасынан аман өте біліп, жеке өзі фашистік екі истребительді жойып, бірнеше бомбалағышын зақымдап қатардан шығарды. Осы Харьковтың түбінде өз ұшағы құлатып түсірілгенде, тіршілік тайталасындағы қыңбас қайсарлығы тағы танылды. Жау тылында адаса жүріп, азапқа төзген жаралы сайыпқыран өзін әлдеқашан өлдіге санаған үйіріне қайта қосылып, сауыққан соң шайқас көгінде, сайыс төрінде қайтадан қиқулап самғады, жау көзіне әзірейілдей көрініп, ажал төндірді. «Мені атып түсірген ер кім, соны көрсетіңдерші?» дейтін неміс майталманының сол кездерде Талғаттың өнеріне табынды демесек те, таңғалғаны шындық. Бигелдинов бара-бара ұрыстарға шабуылдаушы ұшақтардың, яғни штурмовиктердің үлкен топтарын бастап шығатын болды. Қиян-кескі қатал ұрыстардың от-жалынында шыныға түсті, шайқастағы шеберлігін шарболаттай шыңдай түсті, шабуыл соққысының нағыз сойқан көкдауыл перісіне айналды. «Ұшатын танк» атандырып, ИЛ-2 ұшағына да дем салып, даңқын шығарушылар осы Талғаттар. Ал неміс солдаттары ИЛ-2-лерге «Қара ажал» деп ат қойған екен. Соғыста ерлік көрсеткіші жауға кел­тірілген шығынмен есептеледі. Тек Днепрдің оң жағалауынан плацдарм алу жолындағы ұрыстарда ғана Т.Бигелдинов 10 танкті, 32 автомашинаны, 18 ат-арбаны, 8 зеңбіректі жоқ қылып, 180 неміс солдатын жер жас­тандырды, әскери қоймаларда жойқын өрт шығарды. 1943 жылдың желтоқсанында Талғаттың звеносы Шевченко қаласы маңында 16 жойғыш ұшақ, яғни истребитель қорғаған, әскер, техника мен қару-жарақ әкеле жатқан үш эшелонды талқандап, жау ұшақтарының үшеуін құлатты. Жол істен шығарылып, пойыздар қозғалысы тоқтап, соның нәтижесінде дұшпанның белгілеген қарсы шабуылын болдырмай тастады. Айта берсе, мұндай мысалдар көптен де көп. Жермен-жексен етілген танк колонналары, автомашиналар керуені, қару-жарақ пен бензин қоймаларында қисап жоқ. Бұл ғажап ерліктердің барлығы Талғат аға штурмовигі фотоаппаратының суреттерінде паш етілген, Ұлы Отан соғысының жәдігерлі шежіресіндегі өлмес, өшпес жырдай қатталып сақталған. Күллі адамзаттың жан-жүрегіне алапат жара түсірген сол қанды қырғын, қияпат соғыста неше неміс өлтіріліп, қанша паровоз бен қару-жарақ қоймасы қиратылып, неше «Мессершмитт» атып түсірілгенінің дәл есебіне бәрібір жете алмаспыз. Оны тізбелей бергенмен ерлік киесін солдаттың ғашық жары жолдаған кестелі орамалдың шетіне сусардай түйе де алмаспыз. Бізге де Бигелдиновтің қанша жауды өлтіргені қызық емес, сол арқылы қанша отандас бауырларының өмірін сақтағаны қым­­батырақ. Қыран ерлігінің ұрпақ жатқа айтар өмір жырына айналуы да сондықтан болар. Сол жырдан бір мысал келтірсек, 144-ші гвардия авиаполкінің ардагері Я.Шапочка Талғат ағамыз жөнінде былай деп тебіренеді: «Біздің әуе армиясында Бигелдинов ең сайыпқыран ұшқыш-штурмовиктердің бірі деп саналды. Ол полкымыз үшін ғана емес, сонымен бірге, дивизия, корпус және бүкіл әуе армиясы үшін және тіпті, жаяу әскер бөлімдері үшін де барлау жүргізді. Мен нақ осы Талғат Бигелдинов басқарған барлау эскадрильясының ұшақтарын ұшуға дайындағанымды мақтаныш етемін». Иә, алып-қосары жоқ риясыз сезім, батырға деген ізгі ілтифат осылай ақта­рыл­ған. Айлар өте берді. Сұңқар Талғат Калинин, Воронеж, Далалық, 2-ші және 1-ші Украин майдандарындағы шайқастарға қатынасты. Ерлік қимылдары ұлғая берді, батырлығы мен батылдығына ешкім талас тудырмады. Соғыс жылдарында ІІ дәрежелі Отан соғысы, екі мәрте І дәрежелі Отан соғысы, екі рет Қызыл Ту, Александр Невский, ІІІ дәрежелі Даңқ, «Қызыл Жұлдыз», «Жеңіс» ордендерімен, Поляк Әскерінің «Алтын Кресімен» марапатталып үлгерді. Абайша толғасақ, сүйінерге жарар ұлды елі де сүйді. 1944 жылдың 26 қазанында КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Талғат Бигелдиновке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді, ал 1945 жылдың 27 маусымындағы Жарлық оның төсіне екінші Батыр Жұлдызын жарқырата тақты. Бүкіл соғыстың өн бойында жау жайлаған жерлердің аспанында жалпы жиыны 500 сағаттан астам ұшқанда бір де бір рет бағытынан жаңылып көрмеген бағдаршыл болжампаз да біздің Бигелдинов болып шықты. Бірінші Украин майданында 420 жауынгерлік ұшуды шығынсыз атқарған оның эскадрильясы полкта бірінші орынды ұстап тұрды. Оның жауынгерлік іс-қимылының асқан тиімділігі мен пәрменділігін 158-ші жойғыш ұшақтар авиаполкының командирі Кеңес Одағының Батыры гвардия майоры Н.Лощак, 152-ші гвардиялық истребительдер авиаполкының командирі екі дүркін Кеңес Одағының Батыры гвардия майоры С.Луганский растап айғақтады, фотобақылаулар куәландырды. Оған Батыр атағы берілуін даңқты қолбасшылар армия генералы Р.Малиновский мен маршал И.Конев және басқа әскер сардарлары қызу қуаттап қолдады. Алғашқы Батыр атағына ұсынылған құжатта Талғат ағамыздың ұрыстағы қаһармандығы неғұрлым дәлірек сипатталған деп ойлаймыз. Онда былай деп көрсетілген: «Бірінші гвардиялық шабуылдаушы авиакорпустың 800-ші полкінің құрамында Калинин, Воронеж, Далалық және 2-ші Украин майдандарындағы ұрыстарға қатыса отырып, 155 жауынгерлік ұшу жасады. Өзі басқаратын эскадрильясымен 1670 жауынгерлік ұшуды орындап, бірде-бір рет бағдардан жаңылмады, өз әскерлеріне жаңсақтан соққы жасау оқиғасын болдырмады. «Круг» ұрыс тәртібімен жауға соққы жасау жөніндегі тактикалық тәсілді тамаша меңгеріп, неғұрлым тиімді әрі шығынсыз шабуылды қамтамасыз ету үшін өз ұшқыштарын осы тәсілге күнделікті үйретіп отырды. Сәтті орындалған 155 жауынгерлік ұшуда көрсеткен ерлігі мен жаужүректігі, жаудың бес ұшағын атып түсіргені үшін, Александрия, Знаменск, Кировоград қалаларын азат ету жолындағы шайқастарда қаһармандық танытқаны үшін, біздің әскерлердің мемлекеттік шекараға шығуы кезіндегі ұрыстарға қатысқаны үшін, дұшпанның адам күші мен техникасына ойсыратқан үлкен шығын келтіргені үшін – Кеңес Одағының Батыры атағына лайық». Соғыс жылдарының сарғайған парақтары осындай ерлік сырларын шертеді. Екінші Жұлдызға ұсынылған сипаттамада да жеке өзінің қаншама ұрыс техникасы мен жау әскерін жойғандығы жөнінде бұлтартпас деректер келтірілген. Бұл жолы да Львов-Сандомир операциялары кезінде жеке өзі және топ бойынша 420 сәтті жауынгерлік ұшуларда көрсеткен ерлігі мен өжеттігі және Висла, Шпрея, Нейса өзендерінен өтуді қамтамасыз еткендігі, осынау сайыпқырандықтың батыр атағына әбден лайықтылығы атап көрсетілген. Талғат Бигелдинов аспан шайқас­тарының саясат-сырларын, ұңғыл-шұңғылын жете меңгерген саңлақ болды. Польшаға кірген уақыт. Бір батальон Висла өзенінің ар жағына өтіп, Сандомир қаласы тұсынан шағын плацдарм алып бекініпті. Немістер қайткен күнде де осы плацдармды құртуды ойлайды. Талғаттың бір әдеті, барлауға түнгі уақытта шығатын. Бір жолы таң атып қалған кезде алыстан бұрқылдаған шаңды көреді. Анықтап қараса, 40 шамалы танк соқтыртып келе жатыр. Біздің плацдармдағы батальонға 50 шақырымдай қалған. Жетсе болды, таптап тып-типыл қылып өтпек. Талғат дереу жерге хабарлайды: Резеда! Резеда! Мен – Бигелдинов! Осындай да осындай. Жақын маңдағы кез келген аэродромға қонып, ұшақтар тобын алып шабуылдауға рұқсат етіңіз... Сол арада Талғат аэродромға қонып, жанармай құйғызып алады да, әзір тұрған 24 ұшақты бастап барып әлгі мұздай құрсанған танктердің тас-талқанын шығарады. Сонда танктер плацдармға 10 шақырымдай жақындап келіп қалыпты. Енді 10 минут кешіккенде батальонды құртады екен... Маршал Коневтің айрықша алғысын алып, ықыласына бөленгені осы жолы еді. Дәл Жеңіс күні, 9 мамырда соғыстың соңғы нүктесін қою құрметі де қазақ қыранының пешенесіне жазылыпты. Сол күні ертемен Талғат комдив Дольченкодан: «Бүкіл эскадрильяңмен Праганың күнгей шетінен жер бауырлап ұшып өт!» деген шұғыл жауынгерлік тапсырма алады. Сөйтсе, қаланың оңтүстік жағына орнығып алған бір эсэс дивизиясы «сөзсіз тізе бүгуді» мойындамай, қарсыласып жатқан көрінеді. Үстерінен қара бұлттай төніп Талғат эскадрильясының болат беренді сұңқарлары шүйіле қаптап ұшқанда жау жүйкесі бырт-бырт үзіліп, солдаттар үрейлері ұшқаннан тоңқалаңдап жата қалып, қолдарын көтеріп беріле бастады. Оқ жұмсамаған психологиялық әуе шабуылы діттеген мақсатына осылайша жетті. Сонда құлақтағы радиоқондырмадан: «Молодец, Бигельдинов! Задание выполнено! Возвращайся домой!» деген командирінің саңқылдаған шат дауысын естіген Талғат сұңқарларын соңынан ертіп, соғыстың соңғы нүктесін қойып, Дрезден түбіндегі тұрақтарына жеңіс жалауын желбіретіп оралып еді-ау. Өткен жылғы Жеңіс күні – 9 мамыр қарсаңында Алматыдағы «Ғылым ордасында» болған үлкен кездесуде батырдың көзіндегі нұрлы шуақты көріп көппен бірге қуанғаным есіме түсіп отыр. Қыран самғауы халқының сүйінуіне жарайды-ақ! Бәрекелді! Ұзағынан сүйіндіре бергей. Тоқсаннан асқан қарт қыран әлі де самғаудан жазбаған. Ерекше тағдыр еншілеген қазақтың осындай текті қыраны болғанға мың шүкір. Қарт қыранға қарап бой түзейтін ұлан-ұрпақтарымыз мол болғай... Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.