Байқауды ұйымдастырған «Сарыжайлау» кинотеатрының басшысы Рымбала Омарбекова балғын суретшілердің өнерге деген қызығушылығы мен құштарлығын ерекше атап өтті.
– Қарағанды, Шахтинск, Теміртау, Шахан, Приозёрск, Саран қалалары атынан қатысқан балғын суретшілердің бір де бірі назардан тыс қалмады. Олардың әрқайсысы жерлесіміз, Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтің құттықтау хатына ие болды, – деді Р.Омарбекова.
Байқау қорытындысында қазылар алқасының ұйғарымымен үш аталым бойынша Шахтинск қаласындағы Ә.Исмаилов атындағы балалар көркемсурет мектебінің тәрбиеленушілері жеңімпаз атанды. Атап айтқанда, «Сәндік-қолданбалы өнер» номинациясында Мария Тишкова топ жарса, «Графика» аталымы бойынша Валерия Кытманова және «Кескіндеме» сайысында Наргиз Башанова үздік деп танылды. Ал Қарағанды қаласындағы №2 Балалар өнер мектебінің оқушысы Сафина Бакирова «Композиция» аталымы бойынша бірінші жүлдені иемденді.
Байқауды ұйымдастырушылар жеңімпаздарды дипломдармен марапаттап, бағалы сыйлықтар тарту етті.
ҚАРАҒАНДЫ