Әлем • 11 Сәуір, 2022

Украинадан қашқан босқындар саны 4,5 миллионнан асты

318 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

24 ақпаннан бері Украинадан 4,5 миллионнан астам адам кетіп қалды. Бұл туралы БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссариат басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Украинадан қашқан босқындар саны 4,5 миллионнан асты

Ресей арнайы әскери операциясын бастағалы бері 2,5 миллионнан астам азамат Польшаға өтіп кеткен.

«Алғашқы бес аптада Украинадан төрт миллионнан астам босқын көрші елдер шекарасынан өтіп кеткен. Сондай-ақ ел ішінде қоныс аударуға мәжбүр болғандар санында есеп жоқ. Олардың бәрі қорғау мен қолдауды қажет етеді», делінген БҰҰ мәлімдемесінде.

9 сәуірдегі жағдай бойынша босқындардың ең көп саны – шамамен 2,6 миллион адам – Польша шекарасын кесіп өтті. Румынияға 686 мың, Венгрияға 419 мың адам барған. Босқындар Молдоваға (410 мың), Ресейге (404 мың) және Словакияға (314 мың) да кеткен. 7 сәуірде Беларусь еліне 19 мың адам кірген. 21-23 ақпан аралығында Донецк пен Луганск облыстарынан Ресейге 113 мың адам қоныс аударған.

Біріккен Ұлттар Ұйымының бағалауынша, басқа елдерге кеткен украиналықтар да көп. Оның ішінде Германия, Франция, Италия, Чехия және ЕО-ның басқа елдері, сонымен қатар АҚШ, Ұлыбритания және Австралия елдері украиналық босқындарды қабылдап жатыр.