Аймақтар • 11 Сәуір, 2022

Музейдегі құстар

720 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сәуірдің алғашқы күндері дүние жүзінде аталып өтетін Халықаралық құстар күні табиғат жанашырлары қанатты тіршілік иелерінің қазіргі жағдайы, олардың қорғалуы туралы кеңес құрады. Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің табиғат залында осы күнге орай «Құстар — табиғат көркі» атты көрме ашылып, оған Ақтөбе облысы аумағында тіршілік ететін 40-қа жуық құстың тұлыбы және құрқылтайдың, бөдененің ұялары қойылды.

Музейдегі құстар

Музей қызметкерлері құстардың тұлыптарын өткен ғасырдың 1955-1960 жылдарынан бастап жинақтаған. Осы істе музей ардагері, жақында ғана өмірден өткен Рысжан Ілиясованың еңбегі зор. Ғасырға жуық уақыт бойы қорда сақталған құс тұлыптарының арасында жойылу алдында тұрған сарыалқым аражегіш, тауқұдірет, аққу, үкі, балықшы тұйғын, қалбағай, қарабай, тарғақ та бар. Олар өте жақсы сақталған.

Музейдің табиғат залында осы өлкенің інжу-маржаны саналатын «Ырғыз-Торғай» мемлекеттік табиғи резерваты туралы диорама жасақталды. Айта кету керек, Ырғыз-Торғай бассейні құстардың көктемде ұшып келіп, күзде ұшып кететін ежелден қалыптасқан жолы. Қазақстан аумағын мекендейтін барлық құс түрі осы өткел арқылы Үндістан, Пәкістан, Иран бағытына қарай қыс қыстауға ұшып кетеді. Ал 2-3 миллионға жуық қанаттылар көктем мен күз айларында Ырғыздың Нұра аумағындағы 30-ға жуық шағын көлді нағыз құс базарына айналдырып жібереді. «Ырғыз-Торғай» мемлекеттік табиғи резерваты көлдерін Қызыл кітапқа енгізілген қызғылт қоқиқаз, ақ тырна, жалбағай үйрек, бұйра-қызғылт бірқазан, безгелдек, лашын, аққудың екі түрі, қаршыға, жорға дуадақ, көкқұтан, ақбас үйрек, су бүркіті мекендейді.

р

Көрмені тамашалуға келген қонақтар құрқылтайдың ұясын тамашалады. Құрқылтай – дене тұрқы 11 см, салмағы 20 грамм шамасында болатын торғай тәрізділер отрядына жататын киелі құс. Құрқылтайдың ұясын ата-бабамыз ежелден түрлі ауруға ши­па ретінде емге қолданған. Көрмеге ата-бабамыз киелі деп санайтын үкінің де тұлыбы қойылды. Үкі жемін көбіне түнде аулайды. Олардың сүйікті тамағы – кірпі. Қанаттарының ерекшелігіне байланысты түнде дыбыссыз ұша алады. Бұл қабілет аң аулау кезінде үлкен көмегін тигізеді. Кейбір түрлері тырнақтарының көмегімен балықтарды да аулап жейді.

Музейдегі құстар көрмесіне қа­тыс­қан қалалық жас туристер стансасы үйір­месінің оқушыларына Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген құстар жа­йын­да деректер жинауға тапсырмалар беріліп, жойылу алдында тұрған, ерекше қорғауға алынған құстар туралы буклеттер таратылды.

н

 

Ақтөбе облысы