Экономика • 11 Сәуір, 2022

Астық экспортына сақтық керек

500 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ресей ЕАЭО елдеріне астықты экспорттауға уақытша тыйым салуға шешім қабылдады. Аталған елдің экономикалық даму министрлігінің баспасөз қызметі таратқан деректе бұл шектеу осы жылдың 15 наурызынан 31 тамызға дейін қолданылатыны айтылды.

Астық экспортына сақтық керек

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Ал еліміздің Ауыл шаруа­шы­лығы министрі Ербол Қара­шөкеев Қазақстанда 15 маусым­ға дейін бидай мен ұнды экс­порт­тауға шектеу енгізіле­ті­нін, ережелерді келісу процедурасы жүріп жатқанын хабарлады. Ми­нис­тр атап өткендей, біз­дің ел осы кезеңде 1 млн тонна бидай мен 300 мың тонна ұн сата ала­ты­­ны белгілі болды. Бірақ бидай өсірушілер ең алдымен ішкі нарықты елден шы­ға­ры­ла­тын көлемнің 10 пайы­зымен қам­та­ма­сыз етуге мін­детті.

Ресей мен Қазақстанның астық экспортындағы нарығы ай­тар­лықтай өзгеше екені осыған де­йін талай рет айтылған. Біздің ел бидай мен ұнды Орталық Азия елдері мен Ауғанстанға, Қы­тайға сатса, Ресей Қара теңіз маңай­ын­да­ғы нарықтар мен шалғай нарық алаңдарына сатады. Демек бұл тұста Ресей бізге бәсеке болған емес. Бірақ сарапшылар көрші елдің шешімі біздің нарыққа кері әсер етпесе де біраз өзгеріс енгізуге тура келетінін ашық айта бастады.

«Атамекен» Ұлттық кәсіп­кер­лер палатасының Агро­өнер­­кәсіптік кешен және тамақ өнер­кә­сібі департаментінің директоры Ербол Есенеевтің айтуынша, қазір елдегі астық бағасы тон­насына – 150 мың теңге. Батыс пен ЕО елдерінде баға біз­дегі мөлшерден біраз қымбат. Бұрын логистикалық шығындар пай­даның көзін қысып тастаса, қа­зіргі баға шығынның орнын толтырып, үстінен пайда кө­ру­ге мүмкіндік бар. Дегенмен, экс­­порт мәселесінде барынша сақ­тық керек.

«Қорымызда астық қоры жете­ді деп статистикаға сеніп қалу­ға болмайды. Қоймаларда қанша астық барын түгендеп шығу керек. Статистикалық органдардың деректері аймақтардағы астық қоры туралы мәліметтерді тек жалпылама түрде хабарлап жүр. Мұндай жағдайда аймақтардағы астық қоры туралы нақты мәлі­метті білу мүмкін емес. Қор­да қалуы тиіс 1,9 млн тонна ас­тық­­ты экспорттауға да, ішкі на­­рық­­тың қажетіне алдын-ала жұм­сап жі­беруге де болмайды. Ал­­да­ғы маусымның шығымы қан­­дай болатынын Ресей де, біз де біл­мейміз. Егер жазда құрғақ­шы­­лық болса, Ресейдің шектеу мерзімін одан әрі созуға құ­қы бар. Осыған дейін қорда қалуы тиіс астық көлемі туралы нақты дерек статистикамен сәй­кес келе бермейтінін талай рет байқағанбыз», деп атап өтті Е.Есенеев.

Астыққа деген қажеттілігі­міз­дің кемінде 25 пайызы Ресейден, қал­ғанын өзіміз дайындаймыз. Көрші елдегі баға арзан бол­ған­дықтан, көлеңкелі жолмен келетін астық экспорты арқылы стати­стикадағы олқылықтың орнын толтырып, тұқымдық астық­тың біраз бөлігін солардан алып келдік. Биылғы қажеттілікке 22 мың тонна бидайға тапсырыс берілген. Оның 10 мың тон­насын алып үлгердік. Көбі келі­сімге қол қойып, ақшасын төлеп, жеткізілуін ғана күтіп отыр. Ен­ді­гі жерде ел Үкіметі осы келі­сіл­ген, жарты ақшасы төлен­ген ас­­тықты елге кіргізуге жағдай жа­сауы керек.

«Ресейдің ЕАЭО елдеріне астық экспортын шектеу туралы мәлім­демесі еліміздің Ауғанстан, Тәжік­стан және Өзбекстан сияқ­ты экспортер елдеріне де әсер ете бас­тапты. Алыстағы Мы­сырдан да ұсыныстар түсіп жатыр. Бұл фактор экспорт көле­мін тағы кем дегенде 100 мың тоннаға арттыру қажеттігін алға тартып тұр. Бізде өз қа­жет­ті­лі­гі­мізден бірнеше есе көп ас­тық өсіруге мүмкіндік бар», дейді Е.Есенеев.

Сарапшы Үкімет ұсынған экспорттық баж салығы туралы мәсе­леге де пікір білдірді. «Бізге тауар өндірушілерге, әсіресе ұн өн­дірушілерге көмектесу үшін субсидия тетігін барынша жетілдіріп, ретке келтіру керек. Бола­шақта субсидияның орнына төмен пайызбен несиелер беріледі деген пікір бар. Өзбекстанға, Қырғызстанға экс­порт­таған кез­де экспорттық баж салығы бол­­майды деген ке­лі­сім бар. Бұл келісімдер мем­ле­кетаралық келі­сімдер негі­зінде ратификация­ла­нып кеткен­дік­тен, біз оны бұза алмаймыз», деп түсіндірді Е.Есенеев.

Яғни елімізге астық нары­ғын әртараптандырып, дайын өнім­дерге басымдық беретін кез келді. Алыс-жақын көршілер қа­зақ бидайынан ұн тартып, ше­телге экспорттап отыр. Сон­дық­тан астықтың басым бөлі­гін өзімізде қалдырып, дайын өнімдер шығаруға арналған ло­­гис­тикалық әлеуетті пайда­лан­­ған абзал. Сарапшылар жер­дің тозып, құнарлылығының төмендеуі, көрші мемлекеттер тарапынан болған демпингтер салдары тауар өндірушілердің жағдайын әлсіреткенін айтып жүр. Метеорологтер биылғы жаз­дың астыққа аса қолайлы бол­майтынын ерте көктемнен бас­тап ескерте бастады. Бұл фактор елде қалатын астық қорын ерте бас­тан қамдап алу қажеттігін көрсетіп тұр.

Қазақстан астық өңдеушілер ода­ғының төрағасы Евгений Ган­ның айтуынша, бұл түйткіл­дер­дің бір ғана себебі бар – ауыл шаруашылығының өңделген өнімі саласында нақты эскпорт стратегиясы жоқ. Бидай мен ұн қорын астық экспорты, ұнды ішкі тұтыну және ұн экспортына бөліп қарастыру керек. Ресейден келе­тін астық импорты еліміздегі ас­тық бағасымен салыстырғанда ар­зан болғандықтан баға бел­гі­луге әсер етіп, астық баға­сын тұ­рақтандырып келді. Де­мек ал­дағы уақытта астық баға­сын­да былтырғы бағамен салыс­тыр­­ғанда өзгеріс болуы әбден мүмкін. Е.Ганның айтуынша, жыл­дың жартысында бидай баға­сы­ның қанша болатынын ешкім айта алмайды.

Ресейдің астық экспортын шектеу туралы мәселе қаралған Еура­зиялық­ комиссия отырысында ЕАЭО-ның барлық аума­ғын­да ауыл­ шаруашылығы өнім­де­рінің ­экс­портын реттеудің бірыңғай тетігі – экспорттық баж са­лығы немесе квотаны енгізу мәселесі көтерілген-ді. Астық өн­дірушілер одағы бұл сәтті уыс­тан шығарып алуға болмайтынын айтады. Экспорттық баж салығын астық өсірушілерді қол­­дауға бағыттайтын кез келді. Бұл оларға мемлекетке де, астық өсіру­­шілерге де қосымша тыныс алуға мүмкіндік береді.

Қазақстан астық өңдеушілер одағының вице-президенті Талғатбек Әлихан қазір астық қо­рында 6 млн астық барына күмән­дәнатынын айтты. 2021 жыл­ғы қуаңшылық кезінде астық түсімі ойдағыдай болған жоқ. Сарапшы айтып өткендей, 2022 жылдың қаңтарында экспортқа 600 мың тонна, ақпанда 700 мың тонна астық жөнелтілді. Бұл 2021 жылдың қаңтар-ақпан айларымен салыстырғанда екі есеге жуық көп. Демек астық экспортына баж салығын енгізу ұнның көбірек дайындалуына мүмкіндік береді. Біз үшін бидайдың бәсі емес, ұнның бәсекесі жоғары болайын деп тұр.

«Қазақстан өз астығына экс­порт­­тық баж салығын енгізсе, Ре­сей бидайын Қазақстанға жет­кізу­ді қалпына келтіруге туралы келіссөздерде біраз жеңіл­дік­тер­ге ие боламыз. Оның қанша бо­латынын барлық мүдделі та­рап­тар бірге талқылап, ортақ ше­шімге келуі керек», дейді Т.Әлихан.

Сарапшылар экспорттық баж салығын енгізу туралы ұсынысты, тіпті астық трейдерлерінің өзі қолдайтынын осыған дейін де айтып келген. Әзірге барынша айқын түсінікті тетік осы ғана. Сарап­шы ескертіп өткендей, өткен жыл оңай болған жоқ. Биылғы жылдың да тәуекелі жо­ға­ры. Мұндай жағдайда ке­лі­сім­шарттар орындалмай, мәсе­лені жең ұшынан жалғасып жү­ріп шешу жағы белең алып кетуі мүмкін.

Әлемде 1,5 млрд-қа жуық адам ашар­шылық жағдайын бас­тан кешіп отыр. Астыққа зәру ел­дердің қатары өсіп, әлем­дік на­рық­тағы бағаға әсер ететіні бел­гілі болып қалды. Сарап­шы­лар АҚШ, Қытайда да астық қоры азаятынын айтып отыр. Демек бізге экспорт мәселесінде барынша сақтық таныту керек. Өзге сала­лардағы өндірістен үлкен өсім күтіп отыра бермей, астық пен ұн өндірушілерді қолдауды арт­тыра түссек жөн болар еді.

 

АЛМАТЫ