Аймақтар • 12 Сәуір, 2022

Жағдай жіті назарда

170 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда Қарағанды облысында қарғын су таусылып, су тасқыны басылып, жағдай тұрақты сипат алды. Дегенмен, сәуірдің басында күннің күрт жылынуы салдарының өңір тұрғындарын біраз әуреге салғаны рас еді.

Жағдай жіті назарда

Мәселен, облыс орталы­ғын­дағы Оңтүстік-Шығыс ауда­нын­­дағы бірқатар көпқабатты үйдің жертөлелерін су алып, ондағы тұрғындар қауіпсіз жерлерге көшірілді. Мұндай жағдай қаланың басқа да аудандарында, көшелерінде ішінара кездесті.

Жалпы, 1-10 сәуір аралығында облыстық ТЖД жедел штабына аула аумақтарын су басу қаупі туралы 286 хабарлама келіп түскен екен. Тиісті органдар барлық жағдай бойынша жедел әрекет етіп, суды бұрудың шараларын дер кезінде жүзеге асырды.

Қарағандының өз басында барлығы 183 430 текше метр қарғын су сорылды. Сонымен қатар ұзын­дығы 3 680 метр арық та­зартылды. Су алу қаупі бар жерлерге 26 979 дана қап төселіп, ұзындығы 1 300 метр уақытша біліктер тұрғызылды. Бұдан бөлек аталған уақыт ара­лығында жол төсемдері арқылы барлығы 44 су тасқыны тіркелді. Облыстағы Самарқанд сынды аса ірі су қоймасынан су ағызу 400 текше метрге дейін, ал Ынтымақ су қоймасынан 250 текше метрге дейін ұлғайтылғанын айта кеткен ләзім.

Қарағанды облысы ТЖД бас­­пасөз қызметінің ақпараты бо­йынша, 1 сәуірден бас­тап су тасқынына қарсы іс-шара­ларға аталған ведомство  бөлім­шелерінің, жергілікті ат­қарушы органдардың, жол қыз­меттерінің, полицияның және ком­­муналдық қызметтердің мың­нан астам қызметкері мен 266 бір­лік техникасы жұмылдырылған екен.

Ал қазіргі уақытта мамандар облыс өзендеріндегі су деңгейінің төмендеуі байқалғанын айтады. Сондай-ақ даладағы қар да то­лықтай еріп кеткен. Соған қара­мастан, Төтенше жағдайлар депар­та­менті барлық арнайы қызмет­тер­дің кез келген дабылға сақадай сай дайын екенін және жағдайды ба­қы­лауда ұстап отыр­ғанын мәлім етті.

 

Қарағанды облысы