08 Сәуір, 2014

Бәсекелестіктің басты кілті педагогтарда

321 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Жақында «Өрлеу БАҰО» АҚ филиалы Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыратын республикалық институтында Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы Жолдауының басым бағыттарын жүзеге асыру» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті. Онда білім берудің сапасын жақсарту мәселесі жан-жақты талқыға түсті. ERA_7593 Еліміздің тірегі – білімді жас­тар екендігін ұстаздар қауымы жақсы түйсінген. Ал сол ел болашағы саналатын жас­тарымыздың бойына білімді қалайша сіңіру керек? Міне, бізді ойландыратын да осы мәселе. Оның шешімін іздеген кезде еріксіз Президентіміздің бастамасымен ашылған Назарбаев зияткерлік мектептері еске оралады. Дөңгелек үстел барысында еліміздің жалпы білім беретін оқу орындарын Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу мәселесінің қозғалуы да сондықтан. Осы мақ­сатта әзірленіп жатқан зама­науи бағдарламалар мен оқы­ту әдістемелері жан-жақты тал­қы­ланып, аталған мәселелерді жү­зеге асырудың бірден бір тетігі – педагогтардың біліктілігін арттыруда жатқандығы ерекше аталды. Еліміздің «Білім туралы» Заңының 51-бабы 2-тар­мақ­шасында педагог қызметкердің ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-эксперименттік жұмыспен ай­налысуға, педагогтық практикаға жаңа әдістемелер мен технологияларды енгізуге құқығы барлығы атап көрсетілген. Бұл қазіргі жағдайда педагогтардың барынша бәсекеге қабілетті болуына қажетті негіз қалап отыр. Әйтсе де, аталған мәселелерді жетілдіру үшін біліктілікті арттыру жүйесінің қызметі осы бағытқа бағышталуы тиіс. Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін педагогтардың біліктілігін арттыру жүйесінің мазмұнын жетілдіру қажет етіледі. Ондағы бағыттардың бірі – қашықтықтан оқытуды енгізу. Қашықтықтан оқыту арқылы кез келген педагог өзіне қажетті инновациялық әдіс-тәсілдерді меңгеруге, оны тәжірибесіне енгізуге және білім сапасын арттыруға мүмкіндік алады. Жаһандану заманында ақпараттық қоғам мен білім беруді ақпараттандыру және электрондық оқыту (e-learning) жүйесін білім беру ұйымдарына енгізу жағдайында педагогтардың қашықтықтан біліктілігін арттыру ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Мұндай өзекті мәселені шешу үшін республикалық институттың «Менеджмент және ақпараттық технологиялар» кафедрасы ЮНЕСКО халықаралық ұйымымен бірлесе отырып, педагогтардың ақпараттық-ком­муникациялық құзырлылығын қалыптастыру бойынша мо­дульдік оқу бағдарламаларын жа­сады және оны MOODLE ортасында ұйымдастыруды ұсынды. Сонымен бірге Білім және ғылым министрлігі жариялаған іргелі ғылыми-зерттеу жұ­мыс­тары бойынша грантты ұтып алу негізінде педагогтардың қашық­тықтан біліктілігін арттырудың нормативтік-құқықтық базасы жасалып, республикадағы ша­ғын жинақты мектептердің педагогтары үшін сынақтан өткізілуде. Әрине, бұл ретте еліміз педагогтарының бүгінгі ақ­па­раттық-коммуникациялық ике­мі қай деңгейде деген сауал туындайды. Олай болса педагогтардың жас ерек­ше­лі­гіне сәйкес келесі фактор­ларды атап кеткім келеді. Жүр­гізілген сауалдама 50 жастан асқан педагогтардың компьютерге бейіндігі төмендігін, ал 30-45 жастағылар ақпараттық-коммуникациялық ортаға тез сіңісіп кеткендігін көрсетіп отыр. Осы факторлар негі­зінде республикалық институт еуропалық стандартқа сәй­кес педагогтардың ақпарат­тық-коммуникациялық құ­зыр­лылығын қалыптастыру бой­ынша көпвекторлық модуль­дік бағдарлама жасады. Бағдар­ламаның негізгі ерекшелігі сол, мұнда педагогтардың жа­сы­на сәйкес ақпараттық-комму­ни­кациялық құзырлылықты қалып­тастыруды көздейді. Жалпы, педагогтардың ІТ-саласын жан-жақты меңгеруі үшін кез келген педагог кең жолақты интернет желісіне қосылған ноутбукпен қамтамасыз етілуі қажет. Сонда ғана ол іздене бастайды. Олардың кәсіби деңгейіне қойы­латын талаптардың бірі ретінде ақпараттық-комму­ни­кациялық және технологиялық құзырлылығын қалыптастыру нор­мативтерін қарастыру көз­делген. Аталған үрдістер тәжірибеге енгізілген жағдайда пе­дагогтың ақпараттық-ком­му­ни­кациялық құзырлылығын қалып­тастыруға толық мүмкіндігі болатындығы дәлелденген. Бұл фактілер педагогтардың ІТ саласын меңгеруі бойынша үз­діксіз біліктілігін арттырумен қамтамасыз етілгендігін көрсе­теді. Алайда ІТ саласының ди­на­микалық өзгерісіне сәйкес, республикадағы 300 мың­ға тарта педагогтың ақпарат­тық-коммуникациялық құзыр­лы­лығын қалыптастыру бір жылда жүзеге асыру мүмкін емес. Бұл қажеттілікті шешу барысын­да республикалық инс­титут ЮНЕСКО, Майкрософт және Интел компанияларымен бірлесе отырып, жұмыс жасап келеді. Жыл сайын e-learning жобасына сәйкес 8000 педагогтың АКТ бойынша құзырлылығын қалыптастырумен айналысудамыз. Осы жобаның жүзеге асуы­на сәйкес Оңтүстік Корея мен Ан­глия мамандарымен тәжірибе ал­­масып, біліктілікті арттыру бой­­­ын­ша меморандумға қол қой­ылды. Он-лайн режіміндегі ин­терактивтік сабақтар өткізу Білім және ғылым министрлігімен бірлесе жүргізілуде. Педагогтар он-лайн режімінде өз тәжі­рибелерін ортаға салу мен осы режімде Ұлттық бірыңғай тестке дайындалу үрдістерін же­тілдіріп келеді. Сөз орайы келгенде Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының педагогтары белсенділік танытып жатқанын баса атап кеткенді жөн көріп отырмын. Жоғарыдағы аталған мәселелерді практикаға енгізу бағытында республикалық институтта шағын жинақты мектептердің педагогтары үшін қашықтықтан оқыту курстарын ұйымдастыру жұмыстары басталып кетті. Тіпті бұл үшін республикалық институтта интерактивтік виртуалдық орта жасалды (www.ripkso.project.kz). Осы ортада республикадағы шағын жинақты мектеп ұстаздары бүгінгі күні қашықтықтан біліктілігін арттыру үстінде. Білім беру ұйымдарына элек­трондық оқыту жүйесінің енгі­зілуі мен интернет техно­логиялардың дамуына байланысты педагогтардың ком­муникациялық мәдениеті қан­дай деңгейде деген сауал туын­дайды. Электрондық оқыту жүйесінің платформаларымен жұмыс жасауда педагогтардың әлі де болса жұмыс жасау деңгейі қалыпты деп айтуға болады. Электрондық журнал мен электрондық күнделікті толтыру және оқушылардың білімін электронды түрде тексеру – бүгінгі педагогтың күнделікті жұмысына толығымен айналуы тиіс. Педагогтардың кәсіби қызметін электрондық форматқа ауыстыру және бірыңғай ақпараттық жүйені енгізу мәселелері де кө­кейкесті. Педагогтың комму­никациялық құралдармен жұмыс жасау сауаттылығы да өзекті мәселе. Сондықтан сауат­ты­лық­ты қалыптастырудың негіз­гі те­тіктерінің бірі ретінде педа­гог­тардың телеарналарға шығуы мәдениетін арттыру мәселесі туындайды. Осы мәселені шешу барысында Корея Республикасының білім саласы бойынша үйренген тәжірибемізді ортаға салсам деп отырмын. Оңтүстік Корея елінде 7 телеарна білім саласы бойынша жұмыс жасайды екен. Атап айтар болсақ, Оңтүстік Кореяда білім беру жүйесінің ақпараттық кеңістігін кеңейтетін оқыту және ғылыми-көпшілік бағдарламалары ірі Educational Broadcasting System (EBS) телерадиокомпаниясының 7 телеарнасынан таратылады. Сонымен бірге бұл елде білім беру жүйесінің келесі ақпараттық платформалары: EduNet (оқыту мен оқу үшін), EMIS және NEIS (басқару үшін), Cyber Home Learning System (CHLS) (үйден оқыту үшін) құрылған. Аталған платформалар e-learning оқыту жүйесін іске асыруға бағытталған. Кореяда біліктілікті арттыруда «теңбе-тең» оқу ұстанымын кеңінен қолданады, яғни білік­тілігін арттырған әрбір ұстаз өз мектебі мен өзге мектептегі әріптестеріне жаңа тәжірибесін үйретеді, кәсіби мәселелерін шешу үшін Кореяда педагогтардың желілік қауымдастығының қорлары белсенді пайдаланылады, ал біліктілікті арттыруда кредиттік жүйе қолданылады, яғни әрбір мұғалім жыл сайын 8 кредитті (120 сағаттық) жинау қажет. Педагогтардың АКТ-дайындығын қамтамасыз ету үшін арнайы контент жасақталған. Елбасының Жолдауында көр­сетілген 7 стратегиялық қадам­ның бірі ретінде алдыңғы және бә­секеге қабілетті ұлттық білім беру жүйесін қалыптастыру – жоғарыда айтылған ойлардың негізгі түйіні болып табылады. Балаларымыздың бойында бәсекеге қабілеттілік дарынын ояту үшін алдымен педагогтардың санасын түбірімен өзгерту қажет. Ұстаздар қауымы үнемі ізденіс үстінде жүрсе, оны көрген балалар да тартыла бастайды. Аталған шараның өткізілуінің астарында осындай игілікті ойдың жатқаны айтпаса да түсінікті. Сәуле МҰХАМБЕТЖАНОВА, педагогика ғылымдарының докторы. АЛМАТЫ.