«Біз Еуразиялық Одақты ашық жоба ретінде қарастырамыз. Оны мысалы, Еуроодақпен, басқа бірлестіктермен қоян-қолтық қарым-қатынассыз көзге елестете алмаймыз. Алайда, біз бұрынғы КСРО-ны қайта қалпына келтіруді ойлап отырған жоқпыз. Бұл – бар-жоғы өткенді аңсайтындардың қиялы, болжамдары және бас пайдасы үшін пайдаланып қалғысы келетін іс-қимылдары ғана. Ең бастысы, бұл жерде біздің көзқарасымыз Ресей, Беларусь және басқа мемлекеттердің ұстанымдарымен толық сәйкеседі», деп жазады Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылы 25 қазанда «Известия» газетінде жарық көрген «Еуразиялық Одақ: идеядан болашақтың тарихына дейін» деп аталатын мақаласында.
Тарихтың беттерін парақтасақ, Елбасымыз ТМД-ға мүше елдердің Еуразиялық Одағын құру туралы идеясын 1994 жылдың 29 наурызында Мәскеу жұртшылығының алдында жариялағанын көреміз. Енді, міне, сол күннен бері арада 20 жыл уақыт өткенде Елбасының өміршең идеясы нақты нәтижелерге ұласа бастады. Бұл бастаманың оңайлықпен жүзеге аспағаны бесенеден белгілі. Кедергілер аз болған жоқ. Алайда, Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси ерік-жігерінің арқасында бүгінгі заманда интеграцияға еш балама жоқтығына көзіміз жетті. Ендігі қадам – тарихи қадам. Өйткені, көп ұзамай үш мемлекет – Ресей, Беларусь және Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО – Ә.Ә.) құру туралы келісімге қол қояды. Осыған орай, ЕЭО-ға қатысты бірер мәселеге толығырақ тоқталғанды жөн көрдік.
Біріншіден, жаңа бірлестік тек қана экономикалық одақ болады. Еуразиялық экономикалық одақ құруда әңгіме тек экономикалық интеграция жөнінде болып отырғанын Елбасы Н.Назарбаев әлденеше рет мәлімдеді. «...Біздің интеграциялық бірлестікте саяси егемендік тұрақты, бұл – аксиома. Оның есесіне экономикалық интеграция ұлттық мемлекеттілікті нығайтуға, экономиканы дамыту арқылы оны неғұрлым орнықты етуге мүмкіндік береді. Одаққа кіретін әр елдің егемендігі толық көлемде, соның ішінде халықаралық деңгейде тек нығайып, өркендейді», деді Президент Мәскеуде 2013 жылдың 24 желтоқсанында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында сөйлеген сөзінде.
Екіншіден, «Еуразиялық экономикалық одақ құрылғаннан кейін КСРО-ға қайтып ораламыз және Қазақстан Ресейге бағынышты ел болады» деу – абсурдтық пайымдау. Нұрсұлтан Назарбаев интеграциялық бірлестіктің негізінде тек қана экономикалық прагматизм, ашықтық, барлық шешімдерді қабылдауда құрмет, еріктілік, теңдік сияқты мызғымас қағидаттар жатқанын бірнеше рет қадап айтты. Екіншіден, ЕЭО құру туралы шарттың жобасына халықаралық құқықтың көпшілік мойындаған қағидаларын құрметтеу сияқты негізгі қағидаттар енгізілген. Үшіншіден, ЕЭО-ның құрылуы еліміздегі мемлекеттік тілдің дамуына ешқандай залалын тигізбейді.
Әрине, посткеңестік елдердің қатысуымен құрылған басқа да халықаралық ұйымдардағыдай (ТМД, ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ және т.б.) ЕЭО-ның органдарында да орыс тілі негізгі жұмыс тілі болып табылады. Бірақ, ЕЭО құру туралы шарт жобасының 26-бабында көрсетілгендей, Одақ шеңберінде шығарылатын халықаралық келісімдер, комиссияның шешімдері Одаққа мүше-елдердің ұлттық заңнамасында жазылған жағдайда, сол тараптың мемлекеттік тіліне міндетті түрде аударылады. Бұл мақсатқа Одақтың бюджетінен арнайы қаражат бөлінеді. Бұл бап Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіліне аударылған халықаралық құжаттардың басқалармен тең жағдайдағы заңды күші мен сәйкестігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Төртінші мәселе – ЕЭО сияқты интеграциялық бірлестіктер шеңберінде шешім қабылдағанда Қазақстанның құқықтары шектеле ме? Еуразиялық экономикалық комиссиядағы шешімдер қабылдау механизмі Кеден одағына мүше қандай да бір елдің басымдыққа ие болуына жол бермейді. Негізгі шешім алқа шеңберінде білікті көпшіліктің үштен екісінің қалауымен қабылданады. Сонымен қатар, Кеңес мүшелері ұлттық мүддеге қайшы келетін кез келген шешімге қарсылық танытып, оны шешімдер тек өзара бәтуаластықпен қабылданатын үкімет басшыларының немесе мемлекет басшыларының деңгейіне шығара алады. Мұндай ұстаным шешім қабылдарда барлық тараптардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге жол ашады.
Сонымен бірге, «жаңа Одақтың органдарында біздің өкілдеріміз бола ма?» деген сауал да жұртты мазалайтыны мәлім. Еуразиялық интеграцияны тереңдетуге ықпал ететін маңызды элементтің бірі Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК– Ә.Ә.) болып табылады. Бұл орайда ЕЭК – Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістіктің ортақ және тұрақты әрекет ететін реттеуші органы. Комиссия екі деңгейден – Комиссия Алқасынан және Комиссия кеңесінен тұрады. Алқа құрамына «үштік» елдердің әрқайсынан үш өкілден кіреді. Сондай-ақ, Алқа кеңесіне тараптардың интеграциялық мәселелерге жетекшілік ететін Үкімет басшыларының үш орынбасары мүше болады. Осылайша, Комиссияда үш тараптың да өкілі болатынын көреміз.
Қазір Қазақстан болашақ Одақтың органдарында, бәрінен бұрын, ЕЭК департаменттерінің басшылығында тараптардың тең өкілдері болғанын жақтауда. Біздің ұстаным бойынша, ЕЭК департамент басшылары мен орынбасарлары лауазымына қатысты конкурс үш тараптың ұсынған үміткерлерінің арасында жүргізілуі керек. Іріктеуді Алқа төрағасын қоспағанда, Алқа мүшелерінің құрамындағы конкурстық комиссия өткізеді. Конкурс қорытындысы бойынша ЕЭК-тің департамент басшыларын тағайындау туралы шешімді Алқа төрағасы шығарады. Ал, лауазымдық қызметтерге үміткерлерді тағайындауда даулы мәселелер туындаса, ол Комиссия кеңесінің қарауына шығарылады. Сол жерде түпкілікті шешім қабылданады.
«ЕЭО құру туралы шарттың жобасы қоғамда талқыланбай отыр» деген мағынасыз ой-пікірлер де айтылып қалады. Бұған айтарымыз – ЕЭО құру туралы шарттың жобасы барлық қосымшаларымен Қазақстанның Ұлттық кәсіпкерлер палатасының (ҰКП – Ә.Ә) ресми сайтында орналастырылған. Шарт жобасының ережелерін талқылайтын келіссөздер үдерісіне тараптардың премьер-министрлері орынбасарларының деңгейіндегі Комиссия кеңесінің отырыстарына, консультативтік комитеттердің жиналыстарына ҰКП-ның, Қазақстанның жетекші салалық және бизнес-қауымдастығының өкілдері қатысады. Сондай-ақ, ЕЭО құру туралы шарт жобасының кейбір баптарын қазақстандық кәсіпкерлер белсенді талқылауда. Өйткені, олардың ой-пікірлері мен нақты ұсыныстары қазақстандық тараптың ұстанымын білдіру кезінде ескерілетіні белгілі.
Әмірлан ӘЛІМЖАН.