Ерлан Қарин елімізді саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрғыда жүйелі жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформалар туралы айтып берді.
Соның ішінде Мемлекеттік хатшы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы елді жаңартуды көздейтін ұзақмерзімді бағдардың және жалпы саяси жаңғыру үдерісінің ажырамас бөлігі екенін атап өтті. Ол билік тармақтары құзыреттерінің барынша тиімді тепе-теңдігін қалыптастыру, көппартиялы жүйені, азаматтық қоғам институттарын және адам құқығын қорғау саласын одан әрі дамыту жөніндегі Мемлекет басшысының негізгі бастамаларына тоқталды.
Узра Зея Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси және экономикалық бастамаларына АҚШ-тың қолдау білдіретінін жеткізді. АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Қазақстанның демократиялық үдерістерді одан әрі ілгерілету жолындағы іс-әрекетіне алдағы уақытта да қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.
Кездесу соңында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың түрлі бағыты бойынша сындарлы диалогты жалғастыруға ықыласты екенін танытты.