Өнер • 12 Сәуір, 2022

Сағыныш әні

1024 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақтың қай әні болмасын адам­ның нәзік пернесін тап басып, жан-жүйесін босататын, қайдағы бір қиялды қозғап, айран-асыр күйге түсіретін, енді бірде мұңды ойға батырып, өмірдің өткінші екендігін түсіндіретін, кейде тіпті көктемгі «алтын күрек» самалдай жаныңды желпитін сырлы сағынышқа толы болып келеді.

Сағыныш әні

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Тыңдарманға жеткеннен бастап, жұрт бас қосқан жерде, яғни сахна болсын, жиын-той болсын жиі шырқалатын туындының бірі – «Қарағым-ай» әні. Ел көңілінен шыққан ғажайып әннің сөзін, айтулы ақын Шөмішбай Сариев, музыкасын белгілі композитор Кеңес Дүйсекеев жазған. Ал оны сахнада алғаш Нұрлан Өнербаев орындады.

Осындай талантты үштік одақтың бірлесуімен жарыққа шыққан ән халықты бірден елітіп әкетті. Сөзі мен сазы әсем үйлескен әнді тыңдағанда, оның маз­мұнынан өзекті өртер өкіні­ш пен сағынышты, жұмыр басты пен­денің өмірге қонақ екенін, өзіміз ұзақ көретін өмірдің шолақ екендігін түсініп, көңіліңізді мұң басады.

Кез келген шығарманың туу тарихы бар. Оны өмірге әкелген автордың жан-дүниесінде булығып жатқан сыры деп те ұғуға болады. Кеңес Дүйсекеев көзі тірісінде осы әннің қалай туғаны жайында «Бір туынды тарихы» бағдарламасында айтқан екен.

«Қарағым» деген қазақтың ең ұлы сөзінің бірі. Көбінесе жасы кішілерді еркелетіп айтады. Сондықтан мен «Қа­ра­ғымға» жүрегімді мазалап жүрген өкінішімді білдіріп, «ай»-ды қостым. Шындығында, қазақтың әр сөзінің әсері бар екенін ұмытпау керек. Біздің тұқымда, қазақша айтқанда, көбінесе ер балалар өмірге келген. Менің алдымда жалғыз апам болды. Ол Алматыда жоғары оқу орнында оқып жүргенде, 19 жасында қайтыс болды. Сол жылы әкем де дүние салды. Мен онда бес жастамын. Есейдік, өнер жолына түстім. Әкем пен апама арнап бір туынды жазсам деп, ұзақ ойланып жүрдім. Осы әнді әкем пен апама арнадым. Егер әкем тірі болып, жалғыз қызын ұзатып жатқанда қандай әнді айтар еді деп ойладым» деп мұңға батыпты.

Жалпы, әннің қайырмасындағы: «Қиы­­лып үзіліп қарадың-ай, Қараған қандай сұлу жанарың-ай», деген екі шумақта терең философия жатыр. Бұл жайында композитор «Жарық дүниеде өз балаңның жанарынан артық жанар жоқ деп ойлаймын» деп сыр тарқатыпты. Марқұм Кеңес Дүйсекеевпен көзі тірі­сінде кездесіп, сұхбат алған едім. Сонда ол кісі алдымен шығарманың музыкасын жазып, сосын оның идея­сын ақынға айта­мын дегені бар еді. Жүрекке жылы тие­тін әннің сөзі сезім қылын шертетін нә­зік болғанымен, оның сақаға құйылып түс­кен қорғасындай шымырлығы да бай­қа­лады. Аталған туындының өлеңін жаз­ған Шөмішбай Сариев: «Қарағым-ай» − мен үшін махаббат әні» деп бағалапты. «Адамның өмірге деген құштарлығы да, болашаққа деген сенімі де, бәрі де махаббаттан туады. Маған осы ән махаббаттың жиынтық образындай елестейді. Шынымды айтсам, мен осы өлеңді жазғанда, оны халқымыздың сүйіп айтатын әні болады деп ойлаған емеспін», депті.

Жалпы, Кеңес Дүйсекеев пен Шөміш­бай Сариевтің шығармашылық байланысынан біз сөз етіп отырған әннен басқа, қазақ ән өнерінің қазынасын байытқан қаншама шұрайлы шығармалар туғандығын айтсақ, артық емес.

«Әннің де естісі бар, есері бар», деп Абай атамыз бекер айтпаған. «Қарағым-ай» секілді мағынасы терең, мазмұны мұңды әуеннің орындаушысы да дәл табылған. Әуезді қоңыр дауысымен оны сахнада алғаш орындаған Нұрлан Өнербаев әннің бірден көңіліне ұнағанын айтады.

«Алматыдағы Республика сарайында кешім өтетін болып, сол концерттің өзегі боларлық ән іздеп, Кеңес ағама бардым. Ол кісі жаңа жазған 3-4 туындысын көрсетіп, соның ішінен «Қарағым-ай» әні бірден көкейіме қонды. Кеште әннің авторын сахнаға шығарып, жаңа әннің тұсауын кестік. Сол жерде Кеңес ағаның өзі рояльде ойнап, мен гитарамен әнді орындадым. Халық сүйіп тыңдады. Менің сахнада ән айтып жүргеніме біраз жыл болды. Қай жерге барсам да жұртшылық алдымен осы әнді сұрайды. «Қарағым-ай» менің әндерімнің ішіндегі қанатты дүниелердің бірі. Оны жасы келген қариялар да, орта буын өкілдері де, кейінгі жастар да жылы қабылдайды», дейді ол.

Нұрлан ағадан кейін де бұл әнді елге танымал басқа да өнерпаздар орындады, соның ішінде аса дарынды әнші Димаш Құдайбергеннің орындауындағы ән өзгеше түрленіп, жарқырай түсті.

«2016 жылы астанада 70 жылдығыма орай «Қазақстан» концерт залында мерейтойлық кешім өтпекші болды. Бірде маған Димаш Құдайберген келіп: «Кеңес аға «Қарағым-ай»-ды мен айтсам бола ма, қалай қарайсыз?» деп сұрады. Негізі, мен басқа әншіні «осы әнді айтасың» деп шақырып қойғам. Сонда да талантты жас баланың меселін қайтарғым келмей, көңіліне қарап, «да­йындал» дедім. Осы әнді Димаш сахнада орындағанда орнымнан қалай тұрып кеткенімді байқаған жоқпын. Димашты барып құшақтап, «Айналайын саған дауыс қана емес, жүрек және ең бастысы, бас та берген екен», дедім. Жиырмаға әлі келмеген баланың бұл әннің философиясын терең түсінеді деп ойлаған жоқпын. Шынымды айтсам, ол менің армандап жүрген ойымды жеткізді», депті Кеңес ағамыз.

Қазір «Қарағым-ай» әні Димаш Құдайбергеннің орындауында қазақ даласынан асып, әлем сахнасында шырқалып, жаһан жұртын тамсандырды. Осыдан-ақ Кеңес Дүйсекеев пен Шөмішбай Сариев секілді халқымыздың ардақты тұлғаларының екінші өмірі олардың жүрегінен шыққан ғажайып әннің ғұмырымен жалғаса беретіндігіне сенесіз.