Қаржы • 13 Сәуір, 2022

Инвесторлар көбейді

207 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2022 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша жеке тұлғалар ашқан брокерлік шоттар саны көбейе түскен. Қазіргі кезде олардың нақты саны 313 388-ді құрап отыр. Яғни соңғы бір жылда 2,1 есе артқан. Ал биыл жыл басынан бері 44 пайызға көбейгені байқалады.

Инвесторлар көбейді

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Орталық депозитарийдің хабарлауынша, әсіресе ақпан айында бөлшек инвесторлар саны күрт артыпты (+69 мың шот). Ал наурызда инвестиция әлеміне білек сыбана кіріскен инвесторлардың арқасында ашылған шоттар саны 22 мыңнан асып түскен.

Сарапшылар инвесторлардың жыл санап «жасарып» келе жатқанын да еске салады. Брокерлік шот ашып, инвестиция әлемінің қыр-сырына қаныққысы келген жеке тұлғалардың тең жартысына жуығының (48,2 пайызы) жасы 35-ке жетпегендер екен. Жыл басталғалы 18-24 жас аралығындағы инвесторлар саны 2,5 есе өсіп, 59 мың адамды құраған. Ал кәмелетке толмаған азаматтар атынан ашылған субшоттар үлесі әдеттегідей 0,1 пайыздан да аспайды.

«Нарыққа кіруге байланысты біраз кедергінің алынып тасталуы инвесторлар базасын жасартуға септігін тигізді. Күші жойылған барьерлер ретінде бірінші кезекте брокерлік шот ашу процесінің жеңілдетілуін атап өтуге болады. Бұған қашықтан отырып идентификация жасау мүмкіндігі мен жаңа цифрлы брокерлік қосымшалардың пайда болуы әсер етті», дейді Орталық депозитарий басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов.

Сонымен бірге бөлшек инвес­торлардың басым үлесін 35-54 жас аралығындағы (35,2 пайыз) азаматтар құрап тұр. Одан кейінгі кезекте 29,2 пайыз үлеспен 25-34 жас аралығындағы азаматтар келе жатса, аға буын төртінші позицияда екен. Бұл ретте жасы 55-тен асып кеткен инвесторлар үлесі 21,2-ден 16,6 пайызға азайып кеткен.

«Гендерлік қатынас бойынша айтарлықтай тұрақтылық аңғарылады. Брокерлік шот иелерінің арасында әйелдер үлесі 42 пайызды құрайды. Бір ай бұрын да солай болған. Ал абсолютті көрсеткіште кішігірім өсім байқалады, жаңадан 8 701 әйел азамат қатарға қосылған. Бұл ретте жыл басынан бері бағалы қағаздар нарығындағы әйел-инвесторлар саны 1,5 есе өсті.  Өңірлерге келер болсақ, республикалық маңызы бар қос қала – Алматы (22,8 пайыз) мен Нұр-Сұлтанда (9,4 па­йыз) субшоттардың көбірек тіркелгені байқалды. Үшінші орында 9,1 пайызбен Түркістан облысы. Ал Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында инвесторлық белсенділік төмен деңгейде», деп хабарлайды Ranking сарапшылары.