Әдебиет • 13 Сәуір, 2022

Әдебиеттанудағы бірегей тұлға

480 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада көрнекті әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішевтің туғанына 95 жыл толуына орай, ғалымның шәкірті, профессор Жандос Смағұловтың «Абыз ғалым, аңыз тұлға» атты дәрісі өтті.

Әдебиеттанудағы бірегей тұлға

− Тұрсынбек Кәкішев туралы сөз, қазақ әдебиеттану мен сыны, сәкентану, сәбиттану және алаштану туралы сөйлеу, − деп дәрісін бастаған ғалым ұстазының әдебиеттануда ғылыми мектеп қалыптастырған бірегей тұлға екендігін айтты.

−Қазақ әдебиеттану ғылымында үш ғы­лыми мектеп бар: біріншісі, Ахмет Байтұр­сынұлының әдебиет теориясы мектебі, екін­шісі, Бейсенбай Кенжебаевтың қазақ әдебие­ті тарихын зерттеу мектебі, үшіншісі Тұрсын­бек Кәкішевтің сын және әдебиеттану тари­хы ғылыми мектебі. Ендеше, осындай ғы­лы­ми мектеп қалыптастырған тұлғаны – сол ғылымның абызы деп айтуға болады, − деді Ж.Смағұлов.

Айтулы ғалымның көзі тірісінде 40-қа жуық ғылыми-зерттеу кітаптары мен 1000-нан аса ғылыми-публицистикалық және сын мақалалары жарық көрген. Ол кісінің өмір жолы тақтайдай түзу болды дей алмаймыз. Оны ғалымның «Тағдырыма жазған осы ма, ылғи соқпақсыз жолды таңдап аламын да, жүре беремін» дегенінен байқауға болады.

Жандос Смағұлов ғұмыры ғибратқа толы ғалымның өмірде алған бетінен қайтпайтын шыншыл, батыл азамат болғандығын нақты мысалдармен жеткізді.

«1956 жылы ғалым Рахманқұл Берді­баев­тың «Қазақ әдебиеті» газетінде сол кезде өгей баланың күйін кешкен ана тіліміздің тағдырына алаңдап жазған «Ең үлкен байлық» деген мақаласы жарық көрді. Бұл кезде Тұрсекең Партия тарихы институтында марксизм, ленинизм классиктерінің аудармашысы болып істейтін. Сонда Кәкішұлы Р.Бердібаев көтерген мақалаға жедел үн қосып, сол институтта қызмет істейтін сегіз жігітті ұйымдастырып, қол қойғызып, «Тіл мәдениеті» деген мақала жазады. Әрине, ол кезде Рахманқұл ағамыздың мақаласын қолдаған қазақ зиялылары аз болған жоқ. Ал Тұрсекеңнің ерлігі неде дегенге келсек, Партия тарихы институтының қызметкерлері де тіл мәселесін қолдайды дегенді білдіргені. Алайда Тұрсынбек аға бастаған сегіз жігіттің мақалаға үн қосқан мәселесін аталған институт басшылығы партия бюросына салып, одан Орталық комитетке шақырып, оларды «жас ұлтшылдар» деп қара тізімге алып қойған», деді профессор.

Сондай-ақ ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің 1960 жылы «Қазақ совет әдебиетінің қалып­тасу кезеңіндегі творчестволық мәселелері» атты кандидаттық диссертациясын жазудағы батылдығын сөз ете келіп, оған Сәбит Мұқа­новтың оппонент болғандығын айтты.

«Бейсенбай Кенжебаев өзінің докторлық диссертациясын 20-30 жылдардағы әдебиет тарихынан қорғағысы келген. Бұл жайында Бейсенбай ағаның шәкірті Құлбек Ергөбек: «Бейсекең өзінің күнделігінде: «20-30 жыл­дардағы әдебиет тарихынан қорғайын деп едім, бірақ онда Ахаң, Жақаң, Мағжандарды айтқызбайды деп, осы тақырыптан саналы түрде бас тарттым» деп жазғанын айтады. Қазақ әдебиеттану ғылымының корифейі Бейсекең бас тартқан тақырыпқа жап-жас Тұрсекең қорықпай барып, канидаттық еңбегін жазды», деді.

Сонымен қатар көрнекті ғалым дауылпаз ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің өмір жолы мен шығар­машылығын зерттеп, іргелі дүниелер жазды. «Сәкен – менің кредом» деп білген ардақты азамат 1967 жылы Мәскеуден «Өнегелі өмір» сериясымен алғашқы болып «Сәкен Сейфуллин» атты кітап шығарды.

Қысқасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Жандос Смағұловтың ұстазы, қазақ әдебиеттанудағы бірегей тұлға Тұрсынбек Кәкішев туралы өткізген дәрісінде ғалымның көпшілік біле бермейтін қыры мен сыры айтылып, парасатты ой қозғалды.