Қоғам • 13 Сәуір, 2022

Тіл үйренуге ынтыққан қария

408 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ғалымдардың айтуынша және тілді меңгеруін деңгейлеп тестілеу талабы бойынша, 5000 сөз үйренген адам еркін сөйлеп, жаза алатындай жағдайға жетеді екен. Тіл үйрену қай жаста болсын кеш емес екенін Кентау қаласының тұрғыны Құрманбек Дайрабай қария дәлелдеп отыр.

Тіл үйренуге ынтыққан қария

Үйде бір-бірімен ағылшынша сөйлесетін немерелерінің «құпиясын» білуге құмартқан ақсақалдың тілге деген қызығушылығы оянған. Бүгінде ақсақал 1500 сөз үйренген. Бұл көрсеткішке тоқмейілсімей ағылшын тілін меңгеруді жетілдіре түсуді жоспарлап отыр. Аптасына үш рет тілдерді оқыту орталығына барып, сабаққа қатысады. «Тіл үйрену  – бүгінгі күннің басты талабы. Егер қызығушылық болса, білім алу жас талғамайды. Әкімдікте тегін үйрететін мекеме де бар екен. Бардым. Алғашқы курсты бітірдім. Қазір үйде немерелеріммен ағылшынша сөйлесетін кездеріміз көп», дейді 82 жастағы Құрманбек қария. Кентау қалалық тілдерді оқыту орталығының директоры Ақмарал Өтепбаева ақсақалдың үздік тіл үйренуші екенін айтады. «Атамыз сабаққа оффлайн қатысып, ағылшын тілін нөлден бас­тап үйренді. Қарапайым фразалар мен ережелерді, оқу және жазуды меңгерді. Қазір ағылшынша қойылған сұрақтарға өз бетінше жауап бере алады. Ол кісі тіл үйренушілердің ішіндегі ең белсендісі, тәртіптісі бола білді. Сабақтан бірде-бір рет қалған емес», дейді орталық директоры. Ақсақал «А-1 – beginner» деңгейін толық меңгеріп, сертификат алған. Ағылшын тіліндегі сөздерді құрап оқи алады.

 

Түркістан облысы

Соңғы жаңалықтар