15 Мамыр, 2010

“ТЫНЫШТЫҚТЫ АЛТЫНҒА ДА САТЫП АЛА АЛМАЙСЫҢ”

638 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Тағдыр біздің ұрпаққа ғасырлар тоғысында, түрлі қоғамдық өзгерістерді бастан кешуді, кеңестік жүйеде өмір сүріп, одан кейін жеке, дербес мемлекетіміздің іргетасын қалауды, оның алғаш өмірге келген сәтінен бүгінге дейінгі өткен жолын біте қайнасып бірге жүріп өтуді бұйырыпты. Біз соңғы жиырма жылда еліміз үшін ғасырға бергісіз тарихи оқиғаларды бастан өткердік деп айтып жүрміз. Иә, ол рас. Мұның бәрі тарих, мұның бәрі келер ұрпаққа мұра. Әркімнің де өмірінде сірә да естен кетпейтін елеулі сәттері болады. Менің өмірімдегі сондай сәулелі сәттердің біразы Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. “Жақсының өзінен бұрын аты жетеді” деген ғой дана халқымыз. Сол айтқандай, мен Нұрсұлтан Әбішұлын көрмей тұрып, оның атына сырттай қанық едім. Қарағанды облысының Ульянов ауданындағы “Көктал” совхозына жаңа ғана директор болып тағайындалған кезім еді. 1979 жылдың аяғы, 1980 жылдың басы. Көрші совхоздардың үш бөлімшесінен құрылған он екі де бір нұсқасы жоқ жаңа шаруашылық не үй, не отыратын қызмет орны, не мектеп, не балабақ­ша, не қызметкерлер тұратын үй, не дәрігерлік пункт жоқ, тіпті кадр да жасақталмаған шаруа­шылық екен. Ол кезде партия айтты бітті деп, жіберген жеріне бара беретін заман ғой. Содан аудан басшылары да “Сен жассың, осы совхозға басшылыққа қойылдың, енді барлығын өзің шешуің керек” деген сыңай танытты. Содан ойпыр-ай, мына қиындықтардан қалай шықсақ екен деп дел-сал болып жүрген сәтте, “Жыртық үйдің құдайы бар” демекші, “Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды”, – деп ел дүр ете қалды. Себебі, елге өзінен бұрын аты жеткен Нұрсұлтан Әбішұлы жалыны мол, қуаты зор, жас бола тұра аса парасатты, асқан іскер басшы деген халықтың бағасы ел құлағын елеңдетіп тұрған кез болатын. Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа қызметіне келе сала облыс бойынша көптеген, бәлен жылдан шешімін тосып жүрген мәселелердің бәрін шеше бастаған. Мен бірден өзім басқарып жүрген шаруа­шылығымның жағдайын айтып, көмек сұрайын, әйтпесе мына қыстың үскірік аязынан және жаңа құрылған совхоздың толып жатқан қиындық­тарынан абыроймен шығу оңайға түспейтініне әбден көзім жетіп, Н.Ә.Назар­баевтың қабыл­дауына баруға бел будым. Содан бір ыңғайы келіп, облыстық партия комитетінің ауылшаруашылық хатшысы В.Г.Ануфриевке осы өтінішімді айтып едім, ол кісі бірден “Не үшін барасың? Бәрін өзіміз шешеміз, көмектесеміз”, – деп ауданның басшыларына тапсырма бере бастады. “Нұрсұл­тан Әбішұлына кіріп шығайын және жаңа шаруашылыққа көмек сұрайын”, – деп едім, “Өзім айтам ол кісіге, келесі жылы кірерсің” деп, азар да безер болды. Содан В.Г.Ануфриев менің мәселемнің біразына тікелей көңіл аударып, аудан басшылары да көмектесіп, жолым оңынан бола бастады. Сол кезде облыс бойынша шаруашылық пен өндіріс қана емес, кадр мәселесі де Нұрекеңнің қолында болды. Қарағанды қаласында ол уақытта қазақтардың үлес салмағы бар болғаны жеті пайыз төңірегінде ғана еді де, облыстағы қазақтың саны он екі-ақ пайыз болатын. Ал басшылық жұмыстардағы қазақтар саусақпен санарлық. Сонау Соломенцевтердің заманынан бастап сол аз басшылардың өзін тұқыртып, ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап, олардың еңсесін езіп тастаған-ды. Нұрсұлтан Әбішұлы басқа ұлт өкілдерін қолдай отырып, қазақтың да ақылды, іскер, білімді жігіттерін біртіндеп үлкен қызметтерге араластыра бастады. Бүгінде олардың басым бөлігі мемлекетіміздің нығаюы мен еліміздің болашағы жолында тер төгіп, аянбай еңбек етіп жүр. Кеңес Одағы құлап, мемлекетіміз тәуелсіз­дігін алуға бет бұрған сәт. Сол кезде мен Талды­қорған облысының басшысы едім. “Жас отаудың жоғы көп” демекші, 90-шы жылдар біз үшін аумалы-төкпелі, барымыздан жоғымыз көп, қиын-қыстау кез еді. Халық тұтынатын тауарлар жоқтың қасы. Тіптен, сабын да жоқ, кір жуатын ұнтақ та жоқ, қант та жоқ, өсімдік майы және халық тұтынатын тауарлар тапшы. Енді осы тығырықтан шығу қажет болды. Елбасымен ақылдасып, Жаркент және Алакөлде екі еркін экономикалық аймақ құрдық. Облыстың Қытай елімен шекарада тұрғанын пайдаланып, олардан қант алып, оны Ресейге, Нижний Новгород пен Омбыға жіберіп, олардан халыққа қажетті тауарлар алып, әрекет ете бастадық. Түскен пайданы бюджеттен тыс қорға шоғырландырып, сол арқылы облыстағы жағдайлары төмен отбасыларына, мүгедектерге, зейнеткерлерге, тіптен студенттерге жәрдем бере бастадық. Міне, осындай тығырықтан шығу жолын іздеген кезімізде Елбасымыздан үлкен қолдау таптық. Талдықорған облысы көп ұлтты аймақ. Сондықтан да ол жердегі ел тыныштығын сақтау, ұлтаралық келіспеушілікті болдырмау басты мақсатымыз еді. Осы мәселені дұрыс жолға қою үшін 1990 жылы жергілікті халықтар достастығы форумын құрдық. Сол форумның екі жылдығын атап өткелі жатқанымызда аяқ астынан Елбасы облысымызға келе қалды. Жоспарланбаған жағдай еді. Елбасынан сол жиынға қатысуын өтіндім. Мереке басталып кетті, халық жиналып қалған еді. Әр ұлт өз өнерлерін көрсетіп, ұлттық дастарқандарын жайып, ортақ мереке жасап жатқан. Бұл еліміздегі көп ұлттың басын біріктіруге, достық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған бастама еді. Жиналған жұрт күтпеген жерден Елбасын көріп, бір жағынан таңданып, мәре-сәре болды да қалды. “Президент те келіпті ғой!” деді де Нұрсұлтан Әбішұлын көтеріп ала жөнелгені бар емес пе?! Тарихта белгілі бір тұлғалардың есімімен тығыз байланысты, бір елдің, бір мемлекеттің, тіпті адамзаттың дамуының тағдырын шешкен оқиғалар аз емес. Сол сияқты аумалы-төкпелі заманда елімізді Нұрсұлтан Назарбаевтай басшы басқармағанда Қазақстан қандай болар еді? Жиырма жыл бойы ел ынтымағы сақталып, барлық ұлттардың бір үйдің баласындай сүттей ұйып отырғанының өзі зор жетістік. Қарабақ, Украина, Грузия, Қырғызстандағы қанды оқиғаларға қарап оты­рып, еліміздегі сан ұлт өкілдерінің осы ты­ныштығына тәубе дей­міз. Сондай-ақ елі­міздің ЕҚЫҰ-ға мүше болуы және мү­ше болып қана қоймай төрағалық етуінің өзі – үлкен тарихи оқиға. Оған қоса Біріккен Ұлттар Ұйымына, Шан­хай ынтымақ­тастық ұйымына, Еу­рАзия экономикалық ынтымақтастық ұйы­мына, Түркісой сияқты ұйымдарға мүше болар ма едік? Егер Нұр­сұлтан Назарбаев әлем бойынша ең алдыңғы қатарлы қуаты бар ядролық қарудан бас тартпағанда жағдай қалай болар еді? Қа­зақстан дәл бүгінгідей тыныштық пен да­мудың аралына айнала алар ма еді?.. Мен бірнеше шет мемлекеттерде Қа­зақстанның Төтенше және өкілетті елшісі болып 12 жылдан ас­там қызмет атқардым. Сондықтан да көптеген елдердің президенттері бас қосқан жиындарда Елбасының қасында болуға тура келді. Бүгінгідей Қазақстанды әлем таныған кез емес, сонау 90-шы жылдардың өзінде ірі басқосуларда президенттер легінің алдында көбінесе Қытайдың, АҚШ-тың, Ресейдің және Қазақстанның президенттері келе жататын. Нұрсұлтан Әбішұлы алпауыт державалардың президенттерін аузына қаратып, түрлі әзіл-қалжыңын айтып күлдіріп, ұтқыр ойларымен тәнті етіп келе жатқанына талай рет куә болдық. Сонда сырттан қарап тұрған біздердің жүрегімізге қуаныш ұялап, қазақ екенімізге, Қазақстан мемлекетіміз, осындай Елбасымыз бар екеніне қалайша мақтанып, масаттанбасқа?! Бүгінде еліміз әлем картасында ойып тұрып орын алған, өркениетті мемлекет, мәдениеті бай, интеллектуалдық әлеуеті жоғары адамдардың Отаны екенін әлем мойындады. Бұл жетістіктерге Елбасының жеке басының қосқан үлесінің зор екенін біреу жоққа шығара ала ма? Әрине, жоқ. Осы жерде мен Нұрсұлтан Әбішұлының шет мемлекеттерге сапары кезінде шет елдіктердің оны қалай құрметтейтіндігіне куә болған біраз оқиғаларды еске алғым келіп отыр. Австрияда елші болып жүргенімде Португалияда ЕҚЫҰ-ның үлкен басқосуы өтіп, оған көптеген елдің президенттері жиналды. Мен ЕҚЫҰ-да да елшілік қызмет атқаратынмын. Бұл 1996 жылдың желтоқсаны болатын. Осы басқосуға орай еліміздің имиджін көтеру мақсатында өзге елдердің елшілерімен, басқа да тиісті органдарымен айтарлықтай шаруа атқаруға тура келді. Әрине, сол кездің өзінде Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі артып, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы да шетелдерде айтарлықтай танымалдылыққа жетіп қалған еді. Міне, осындай іс-шаралардың нәтижесінде Қазақстан басшысы бірінші күнгі отырыстың екінші жартысын бастан-аяқ өзі жүргізіп, алғашқылар қатарында үзіліске дейін сөз сөйледі. Бұл біріншіден, еліміз үшін, екіншіден, біздер үшін де үлкен абырой болды. 2000 жылдың ақпанында ЕҚЫҰ-ның кезекті жиынына қатысу үшін Венаға Н.Ә.Назарбаев келеді деген елден хабар алып, елшіліктің қызу дайындалып жатқан кезі еді. Қызмет телефоным шыр ете түсті де арғы жақтан: “Қазір сізді Елбасымен жалғаймыз,” – деді. “Мына жақта жігіттердің біреулері жиынға барыңыз, біреулері бармаңыз дейді. Сен қалай ойлайсың, Сағынбек?” – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Мен: “Сіз келсеңіз, бұл жақтағылар Сізді ғана емес, бүкіл Қазақстанды мойындап, тәнті болар еді. Өйткені, Қазақстанның саяси және эконо­микалық реформалардағы қол жеткен жетістігі туралы Сізден артық ешкім айтып бере алмайды. Келгеніңіз өте дұрыс болар еді. Бұлар Сіз келеді деп қатты дайындалып жатыр”, – дедім. Шыны керек, сол кезде ЕҚЫҰ-ның кейбір қызмет­керлерінің Қазақстанға кейбір мәселелер бойынша сын айтып жүрген кезі еді. Түймедейді түйедей етіп, бұқаралық ақпарат құралдары бетінде бұл жәйт жаппай жазылып жатқан болатын. Бірақ, бұл сын ЕҚЫҰ-ның емес, осы ұйымның жекелеген адамдарының ғана пікірі болатын. Сөйтіп, құрамында сол кездегі Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы М.Тәжин, Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысов, Орталық сайлау комиссиясының төрайымы З.Балиева, тағы да бірнеше жауапты мемлекет қызметкерлері бар, Елбасымыз бастаған делегация Венаға келе қалды. Осы жерде беделді Ұйым Қазақстанды сынайды-ау деген алып-қашпа пікірлер де болғанын жасырмаймын. Алайда, біздің Президентіміз бұл пікірді жоққа шығарып, бәрін өз орнына қойып, барлық аудиторияны өзіне бірден баурап алған еді. Осы халықаралық жиыннан кейін Нұрсұлтан Әбішұлының Австрия президентімен, канц-лерімен жеке кездесулері болды. Олардың біздің Елбасына құрмет көрсеткені соншалық, өз мемлекетінің ең жоғарғы орденімен марапаттап, Елбасымызды 2000 жылдыққа арналған мың жылда бір-ақ рет болатын мерейтойлық “Вена балына” шақырды. Ол дәстүрлі мерекеде Еуроодақ басшылары сұранып, қол жеткізе алмаған Австрия президентінің лоджасында Қазақстан Президенті ғана үлкен құрметпен отырғанда, көкірегімізді кернеген қуаныш соншалық, төбеміз көкке жеткендей болдық. Қай уақытта Қазақ елі осындай құрметке жетіп еді?! Қазақстан Президентінің бұл сапары осы халықаралық ұйымға Төраға болып, қазіргідей халықаралық абыройлы болуымызға жол ашып берді. Мұндай баққа тек тәубе дегеннен басқа не айтуға болады? Осының бәрі ұзағынан болғай. Шет елде қызмет бабымен жүргенде байқағаным, Нұрсұлтан Әбішұлының өте бір ерекше қабілеті мен қасиеті қай елдің болмасын басшыларын аузына қаратып, өзіне баурап алатындығы дер едім. “Ханның басында мың адамның ақылы бар” дегендей, Елбасымыз өзінің білімділігімен, тектілігімен, ұшқыр ойымен, әзіл-қалжыңымен небір жоғары деңгейдегі басшыларды аузына қаратып, мойындата­тынына көзім жетіп жүрді. Нағыз елдің қамын ойлаған саясаткер үшін бұл таптырмайтын ұтымды қасиет екенінде дау жоқ. Осылайша ол өзін ғана емес, бүкіл Қазақ елін әлемге мойындатты. Шет елдерде тағы бір байқағаным: көптеген шет мемлекеттер басшылары Президентімізге құрметпен қарайтыны, салиқалы саясаткер ретінде жоғары бағалайтыны, жақын аралас­қысы, кездескісі келетіндігі. Осыған бір ғана нақты мысал келтірейін. Нұрсұлтан Әбіш-ұлының Хорватияға сапары әзірленіп жатқан болатын. Сол тұста осы ел президенті С.Месич Қазақстан Президентінің өз елінде қанша болатынын сұрады. Хаттама бойынша екі-үш күн екенін айттым. “Қалып, демалуға уақыты болар ма екен?” – деп өтінді ол. Сапар аяқталған соң Елбасымыз Хорватия президенті С.Месич мырзаның өтінішін құп алды. Хорватия басшысы Нұрсұлтан Әбішұлына үлкен құрмет, қошемет көрсетті. Қазақстан Президентінің жатқан жеріне өзі барып, “галстуксыз” кездесу ұйымдастыруды ұйғарды. Осы әңгіме шыққан кезде көрші Словения мемлекетінің Президенті В.Кучанның көмекшісі телефон шалды, “Ертең Назарбаев пен Месич “галстуксыз” кездесу өткізеді екен, біздің Президенттің де Сіздің Президентіңізбен бірге болғысы келетін тілегі бар”, – деді. Міне, сөйтіп Еуропадағы екі ел – Хорватия мен Словенияның президенттері уақыттарын бөліп, біздің еліміздің басшысымен жылы жүзді кездесу өткізгені бар еді. Чехия, Болгария президенттері де сапар барысында оңаша, бейресми кездесулер ұйымдастыруға ықылас танытты. Бұл, әрине, Қазақстанның Елбасын Орта Азия аумағы, тіпті бұрынғы Кеңестер Одағы мемлекеттері басшылары ішінде ерекше саясаткер деп есептеп, жақынырақ танысқысы, біліскісі келгенінің белгісі еді. 2002 жылдың аяғында Чехияда да бірнеше мемлекеттер президенттерінің басқосуы өтті. Ол кезде Чехия мемлекеті де біздің Венгрия­дағы елшілікке қарайтын. Осы басқосуға Қазақстан Президенті келетін болғандықтан, сапарды жоғары деңгейде өткізу үшін Прагаға келдім. Осы сапарда Нұрсұлтан Әбішұлының АҚШ Президенті Бушпен жеке кездесуі өтті. Алпауыт АҚШ елінің Президентінің уақыты өте есептеулі болса да Қазақстан Президен­тімен кездесуге мүмкіндік табуының өзін үлкен абырой. Және де айтылған жеке кездесуден кейін алқалы отырыста көптеген елдердің президенттері ішінен суырылып шығып, біздің Елбасымыз ең ірі держава АҚШ Президентінің қасында шүйіркелесіп, бірінші қатарда бірге отыруы көңілімізді әбден толтырған еді. Бұған қайтіп қуанбассың, қалайша риза болмассың?! Жалпы тарихта соғыс, қақтығыстың бәрі жер мен дін мәселесінен өрбиді. Алтайдан Атырауға созылып жатқан дархан даламыздың тұтастығын сақтау үшін ең алдымен оның шекара сызығын анықтау аса маңызды. Осы жерде Тұңғыш Президентіміздің ешбір кикілжің, қырғи-қабақсыз Қытай, Ресей, Өзбекстан, Түркіменстан елімен бейбіт келісімге келіп, шекарамызды делимитация­лауы таңқаларлық, бұрын-соңды болмаған, зор қуанышқа бөлейтін жағдай. Бұл еліміздің тәуелсіздігін баянды етіп, көршілес мемле-кеттермен бейбіт қарым-қатынас орнатуы­мыздың негізгі кілтіне айналды. Бүгінде Елбасымыздың тәуелсіздігімізді нығайта түсіп, оны сыншыл сырт көздерге де мойындата отырып, ТМД шеңберінде саяси, экономикалық реформалардан алдыңғы қатарға шығу саясатына өзіміз ғана емес, бүкіл әлем жүгінеді десек, артық айтқандық болмас. Елбасының батыл ойы, тегеурінді қадамы арқылы Қазақстан көптеген халықаралық шаралардың бастамашысы, бірнеше беделді ұйымның іргетасын қалаушысы бола білуде. “Ел бірлігі – ынтымақта” демекші, бірлікте болып, шаңырағымызды шайқалтпау, сырт көзге күлкі болмау біздің ұлы мақсатымыз екенінде күмән жоқ деп ойлаймын. Көпті көріп, көңіліне түйген, мадақ сөзге өте сараң, сарабдал, сақа саясаткер Бәйкен Әшімов ақсақал: “Тыныштықты алтынға да сатып ала алмайсың” деген еді бір отырыста. Сол ақылгөй ақсақалымыздың осы сөзі артындағы ұрпағының әркез есінде жүруге тиісті. Күні кешегі көрші Қырғыз еліндегі қантөгіс жағдай тәртіп пен тыныштықтан артық бақыт жоқ екенін көрсетіп берді емес пе? “Ерегескен ел болмас, етектен кесіп, жең болмас” дегендей, тұтастығымыз бен ынтымағымызды сақтап, әр азамат өзін үлкен шаңырақтың бір-бір уығы деп есептеп, Қазақстан атты үйіміздің түтіні түзу, іргесі берік болуына атсалысып, бір тілекте, бір ниетте болуын, аруақты еліміздің абыройы артып, өркендей беруін тілеуден басқа қандай арман болуы мүмкін?! Сағынбек ТҰРСЫНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, Төтенше және өкілетті елші.