Таяуда ауылдан көшіп келген, алпысты алқымдап қалған көзтаныс азамат мұңын шақты. Шағын қаланы шыр айналып шыққанымен, қолынан келетін, қауқары жететін жұмыс таба алмаған. Ауылға лайық мамандықтың, күш-қуаты барында жанын салып істеген кәсібінің қалада еш қажеті жоқ екен. Ал жаңа жосықты игермеген. Оның үстіне өзінің айтуына қарағанда, денсаулығында аздаған кінәрат бар. Қажыр-қайратты қажет ететін қара жұмысқа қауқарсыз. Дәл осындай өкінішті уәжді әлденеше рет естідік. Біз тілдескен, жастары жер ортасынан ауған ағайынның бәрі «Күміс жас» жобасынан хабарсыз екен. Үкімет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықты білгені, мүмкіндікті пайдаланып жұмыс істегені жақсы емес пе? Бір отбасының ғана ырысын көбейтпей, ел ішіндегі өкпе-назды да сейілтер еді.
– Адам алпысқа жеткенше жұмыс істесе, онда да біз сияқты ауылдық жерде қара жұмысты күйттесе, денсаулығы құрып бітеді, – дейді ел ағасы Қайрат Омаров, – адам ағзасы темір емес қой. Әупірімдеп жүріп зейнет демалысына жетсе, жастық шағында көрген бейнетінің қайтарымы болар еді.
Әрине, ақсақалдың сөзі орынды. Бірақ жасалып жатқан қамқорлық жайлы білмеу, оны пайдаланбау өкінішті-ақ. Министрлік жасы жеткен адамдар үшін бағалы бастаманы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жүргізуді ұсынған. Осы жоба бойынша әр жыл сайын 5 мың адам қамтылмақ деп уәде еткен. Жобаға бір жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан, жалақы бойынша берешегі жоқ барлық меншіктегі кәсіпорындар мен ұйымдар қатыса алады.
– Біз осы бағдарлама бойынша жасы зейнеткерлікке таяп қалған адамдарды шақырып, құлақтандырып жатырмыз, – дейді қалалық жұмыспен қамту орталығының басшысы Асыл Молдиярова, – бірақ өтініш білдіріп жатқандар өте аз. Зейнет жасы алдындағы адамдардың жалақысының бір бөлігі бюджет қаражаты есебінен субсидияланады.
Ел ішінде бойындағы қайраты кеміген, қуаты қайтқан адамдар түгіл бойында жастық жалыны лаулап тұрған жастардың өзі екі қолға бір күрек таба алмай отыр деген жорамал жиі айтылады. Бірақ ақыл таразысына салып байыптап қарасаңыз, осы бір үйде отырып айтқан баянсыз болжам шындыққа түбегейлі жанаса бермейтін сыңайлы. Біз бұл тақырыпты ел газеті «Егеменде» өткен жылы да қаузап жазған болатынбыз. Шындығында, облыс орталығында да, елде тіршіліктің тайқазанын қайнатып жатқан, ауыл шаруашылығымен айналысатын ұжымдарда да жұмыс көп, жұмысшы жоқ.
– Мен бір жылдың ішінде жұмыспен қамту орталығына бірнеше мәрте барып, жұмыс іздеп жүрген адамдар барлығын білемін, – дейді құрылыспен айналысатын серіктестік басшысы Сайран Жақыпов, – тас қалаушы, әрлеуші, дәнекерлеуші тәрізді мамандарға сұраныс көп. Ал кранда істейтін бесаспап мамандар тіптен тапшы. Олардың жалақысы айына 400 мың теңге төңірегінде, ешқандай мамандығы жоқ жай қара жұмыс атқаратын адамдардың өзі айына орташа есеппен 200 мың теңге төңірегінде табыс табуға мүмкіндіктері бар. Бірақ еңбекақысы уақытында төленетін осындай жұмыстарға керек кезінде адам таба алмаймыз.
Тек құрылыс жұмыстары ғана емес, өзге де шаруаны игеру үшін қол күшіне зәру болып отырғандар жетіп артылады. Тіпті дипломның да, кәсіби шеберліктің де қажеті жоқ. Кәдімгі кез келген кісінің қолынан келетін қара жұмыс.
– Өткен жылы қолына күрек ұстауға қауқары жететін адам таппай қиналған кезде, жалақыларын айына бір рет емес, әр күн сайын атқарған жұмысына қарай төлеп тұрамыз деп құлаққағыс айттық, – дейді жол жөндеу учаскесінің шебері Айдарбек Ырысбаев, – бірақ некен-саяқ жұмысшы табылғанымен, қажетті мөлшер шықпады.
Жыл басынан бері жұмыспен қамту орталығына 688 адам өтініш берсе, олардың 418-і жұмыссыздар есебінде тіркелгендер екен. Орталықтың себі тиіп, 363 адам жұмысқа орналасыпты. Есепті кезең ішінде жылдық жоспар
2 583 жұмыс орны болса, әзірге 179 адам тұрақты, 180 адам уақытша жұмысқа орналастырылған. Осы арада он екі мүшесі сау адамдарға үлгі-өнеге болуы үшін мүмкіндігі шектеулі адамдардың да күнкөріс үшін талпынып, жұмыс істеп жатқанын екпін түсіріп айта кетсек, ерсілігі болмас. Айталық, жыл басынан бері 35 мүмкіндігі шектеулі адам жұмысқа орналасқан, олардың 30-ы белсенді жұмыспен айналысады, қалғандары қоғамдық жұмыстарға тартылған. Бұл санамен салмақтайтын мысал.
Жоғарыда айтқандай, шалғайдағы шағын елді мекендерден келіп, облыс орталығынан жұмыс іздеп жүргендер жетерлік. Бәрінің көкейіндегі мақсат-мұрат бір арнада тоғысып жатыр. Бұл – табысы толымды жұмыс табу. Бұл арада қам жейтін қиындық жоқ тәрізді. Ең бастысы, адал жұмыс істеймін деген ықылас болса жетіп жатыр. Өйткені кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы шеңберінде еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша жұмысшыларды қайта даярлауға мол мүмкіндік бар. Демек, аз уақыттың ішінде белгілі бір кәсіпті игеріп, еңбекақы тауып, отбасыңның несібесін көбейте аласың. Жыл басынан бері қалалық жұмыспен қамту орталығында 90 адам жаңа кәсіпті игерген. Әрине, облыс орталығы үшін аса үлкен көрсеткіш те емес. Бірақ жұмыс таба аламын ба, жоқ па деп дүдәмал көңіл күйде жүріп діңкесі құрыған адамдар үшін тығырықтан шығатын жол емес пе? Жаңа бизнес идеяларды ойлап тауып, соныға соқпақ саламын дейтіндер үшін де келешектің көкжиегі ашық. Биыл өз кәсібін дамытуға лайықты қолдау көрсету үшін 50 грант бөлу көзделіп отыр. Жаңа кәсіпті игеруге де, нарықтағы бос кеңістікті анықтауға да, қай жұмыстың тиімді екенін бағдарлауға да көмек беріледі. Қалған шаруа өзіңе байланысты.
Жұмыспен қамту орталығында өзге бағыттар бойынша да көрсетілетін қамқорлықтар аз емес. Тек уақтылы құлақтандырып, жалпақ жұртты жақсы іске жұмылдырып, ырысты болуға ұйымдастырып отырса болғаны.
– Індет үдеп, қала тұрғындары қарға адым жер ұзап шыға алмай қалған кезде орталықтың жұмысын насихаттауға мүмкіндік те шектеулі болды, – дейді жұмыспен қамту орталығының басшысы, – енді ғана мүмкіндік туып отыр. Халық көп жиналатын жерлерде бос жұмыс орындарын айтып, көрсетіп, құлаққағыс ететін боламыз.
Тағы бір айта кететін мәселе бар. Шын мәнінде, қанша адамның жұмысқа орналасқанын нақты болжап білуге болмайды. Айталық, құрылыс компаниясы көпқабатты үйдің қабырғасын қалауға кірісті делік. Білетіндердің айтуына қарағанда, компания бір адаммен ғана келісімшарт жасайды. Ол жұмысты елу, әлде одан көп адам атқаруы мүмкін. Сол себепті нақты есеп шықпайды. Әрі зейнетақыға, әрқилы салықтарға аударылатын төлем төленбейді. Орталық мамандарының айтуына қарағанда, олардың бұл тарапта тексеріс жүргізуге құқықтары жоқ.
Әуелгі тақырыпқа қайта оралсақ, мемлекет тарапынан қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, еңкейген кәрісі мен еңбектеген баласына дейін жанды қамқорлық жасалуда. Біз сөз етіп отырған «Күміс жас» жобасы да осы ел қамын жеген игі істің бір арнасы.
Ақмола облысы