Қоғам • 14 Сәуір, 2022

Интернетке тәуелділіктің алдын алу маңызды

1634 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда жастар мен балалар арасында интернетке тәуелділіктің және құмар ойындардың алдын алуға бағытталған әлеуметтік жоба іске асырыла бастады. Жобаның басты мақсаты – интернет кеңістігінде жеткіншектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Интернетке тәуелділіктің алдын алу маңызды

Гранттық жоба шеңберінде тәжірибе алмасу және шетелдік тәжірибелерді енгізу мақсатында халықаралық алаң құрылады деп жоспарланып отыр.

«Жобаның бір ерекшелігі – қазақстандықтарды шетелдік жат­тықтырушылар оқытады. Жұ­мыс интернет кеңістіктегі қауіп­сіз қозғалыс, құмар ойындар, ки­бербуллинг және интернетке тәуелділік сияқты төрт бағыт бойынша жүргізіледі. Жоба барысында қазақстандық мамандар шетелдік сарапшылармен тәжірибе алмасады. Сондай-ақ семинарлар өткізу үшін Қазақстанға халықаралық тренерлерді шақы­рамыз», деді Amanat партиясы жанындағы Жастар қанатының жетекшісі Нұржан Жетпісбаев.

Жобаны ұйымдасты­ру­шы­лардың айтуынша, жас­тар мен балалар арасында интернетке тәуелділік пен құмар ойындардың алдын алу сала­сын­дағы қазақ­стандық және халық­аралық заң­намаға талдау жүргізіледі.

«Жоба бірнеше жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді. Қазіргі уақытта интернетке тәу­елділік проблемасы мектеп оқушылары арасында ұлғайған. Бұл құбылыс «әлеуметтік індет» деп аталады. Корпоративтік қордың серіктестері ретінде біз халықаралық сарапшыларды тарту және жариялау арқылы жобаға барынша қолдау көрсетеміз», деп атап өтті жоба серіктесі «Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттарының қауымдастығы» ҚБ директоры Әлішер Дүнгенин.

Қоғам белсенділері жастарды интернет кеңістіктегі қауіпсіз қозғалыс ережелеріне оқыту бойынша ақпараттық түсіндіру материалдарын дайындауды жос­парлап отыр. Жоба аясында ұйымдастырушылар «Офлайн күн» акциясын да өткізеді.

Балалар мен жастарға кө­мек көрсетуге бағытталған әлеу­меттік жоба Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша іске асырылады.