Қазақстан • 14 Сәуір, 2022

Министрліктер мен әкімдіктер жанындағы кеңесші органдар саны қысқарады

423 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үкіметке екі айдың ішінде өз аппаратының, орталық және жергілікті атқарушы органдар жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың санын екі есе қысқарту жүктелді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Министрліктер мен әкімдіктер жанындағы кеңесші органдар саны қысқарады

Президент бүгін қол қойған «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» Жарлықта осындай тармақ бар. «Үкімет, орталық және жергілікті атқарушы органдар жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың санын екі есе қысқартуды қамтамасыз етсін», деп жазылған құжатта.

Сондай-ақ Үкіметке осы екі ай ішінде азаматтар мен бизнес неғұрлым талап ететін өмірлік және іскерлік жағдайларды қосып, олардың реинжинирингі мен автоматтандырылуын қамтамасыз ету, көрсетілетін мемлекеттік қызметтер тізілімін қалыптастыру тәсілдерін қайта қарау жүктеліп отыр.

«Азаматтармен коммуникация және ведомствоаралық жедел өзара іс-қимыл жасау мақсатында ашық кеңестер өткізу үшін қолжетімді онлайн-сервистерді пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз етсін», делінген Президент Жарлығында.