Аймақтар • 14 Сәуір, 2022

Алматының қоғамдық көлік паркі газбен жүретін 105 автобуспен толықты

279 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматының қоғамдық көлік паркі газбен жүретін 105 жаңа экологиялық таза және жайлы Golden Dragon автобусымен толықты. Жақын уақытта тағы 45 автомобиль жеткізіледі. Осы жылы Алматыда экологиялық таза көлік үлесін 50%-ке дейін жеткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматының қоғамдық көлік паркі газбен жүретін 105 автобуспен толықты

«90 адамға арналған Еуро-5 экологиялық топтағы едені төмен, үш есікті автобустар кондиционермен, бейнебақылау камераларымен, аялдамаларды жариялауға арналған автоматты дыбыстық хабарландырумен, жүргізушінің шаршағанын тіркейтін датчикпен, бейнетіркегішпен, ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған пандуспен және басқа да опциялармен жабдықталған», деп жазылған әкімдік хабарламасында. 

Техникалық жабдықтаудан кейін бүгін 44 бағыт бойынша 14 жаңа автобус жолға шықты. Қалған автобустар техникалық дайындығына қарай жақын күндері жүктемесі көп бағыттарды жаңарту және күшейту үшін іске қосылады.

Жалпы бірінші жартыжылдықтың соңына дейін қоғамдық көлік паркіне 300 жаңа автобус беріледі. Бір жыл ішінде жеке тасымалдаушы газбен жүретін қосымша 250 автобус сатып алады.