Саясат • 14 Сәуір, 2022

Сенаторлар БҰҰ Даму бағдарламасының басшылығымен кездесті

253 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары БҰҰ Даму Бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Виталий Времишпен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Сенаторлар БҰҰ Даму бағдарламасының басшылығымен кездесті

Комитет төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед Біріккен Ұлттар Ұйымы барлық елдерді толғандыратын проблемаларға тиімді жауап беретін ерекше ұйым екенін атап өтті. 

«Қазақстан БҰҰ ДБ-ның Нұр-Сұлтандағы кеңсесінің ауқымды үлесін жоғары бағалайды. Біз ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, атап айтқанда, таяудағы бес жылға даму мақсаты аясында БҰҰ-ның елдік әріптестік жөніндегі жаңа Негіздемелік бағдарламасын табысты жүзеге асыруға мүдделіміз», деді сенатор.

Тараптар Қазақстан Парламентінің Орнықты даму мақсаттарын іске асырудағы рөлін талқылады. Сенатор Құл-Мұхаммед ұлттық бағдарламалардың 80%-ы ОДМ-ға сәйкес келтірілгенін, яғни еліміздің стратегиялық құжаттарына кіріктірілгенін айтты. Депутат бұл Қазақстанды әлемнің дамуына өз үлесін қосатын әлемдік қоғамдастықтың ажырамас бөлігі ретінде сипаттайтынын атап өтті.

Мұхтар Құл-Мұхаммед сонымен қатар ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясына қарар жобасын әзірлеу жоспары туралы айтып берді. Онда ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің 2030 жылға дейінгі кезеңге даму саласындағы күн тәртібі бойынша міндеттемелерді орындау және Орнықты даму мақсаттарын іске асырудың маңызы атап өтілетін болады.

Виталий Времиш өз кезегінде біздің елмен ынтымақтастықтың жоғары деңгейі мен ұлттық құжаттардың Орнықты даму мақсаттарына кіріктірілгенін айта келіп, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұрын айтылған саяси бастамалары БҰҰ-ның Орнықты даму саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Негіздемелік бағдарламасымен сәйкес келетініне тоқталды.

Сөзінің соңында ол адамның дамуы мен оның құқықтары, гендерлік теңдік және экологиялық тұрақтылық сияқты тақырыптағы бағыттарды іске асыруды көздейтін қарар жобасын бірлесіп әзірлеуге дайын екенін айтты.