Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Ведомствоның мәліметінше, трафик теңестірілген. «Google DNS серверлеріне қысқамерзімді жүктеуге байланысты серверлерге жауап беру уақыты артты. Трафик теңдестірілді, қазіргі уақытта мәселе шешілді. Айта кетейік, интернеттің істемей қалуындағы қиындықтар қысқамерзімді сипатта болды», делінген аталған компания таратқан хабарламада.
Елордада интернет қызметінің нашарлауы бұл ғана емес. Бір апта бұрын сол жағалауда да байланыс қызметі нашарлаған болатын. Бұл жөнінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин үйдегі интернет туралы айта келіп, 2020 жылдың соңынан бері қажетті талаптар енгізілгенін және құрылыс нормалары мен ережесінде өзгерістер болғанын жеткізген еді. Бұл ретте тұрғын үй кешендері тапсырылған кезде оптикалық желі тартылуы керек. Дегенмен министр базалық стансалар бойынша проблема бар екенін жасырмады, яғни тұрғындар осы құрылғылардың орнатылуына қарсы. Еліміздегі заңнамаға қатысты айтсақ, егер тұрғындар қарсы болса, онда операторлар стансаларды алып тастауға мәжбүр. Ведомство басшысының айтуынша, операторлар аталған мәселеге қатысты заңнамаға түзетулер енгізуді сұрап отыр.
«Қазір бұл қадамдарды пысықтап жатырмыз. Депутаттармен кеңесіп, тиісті заң жобасын енгізбекпіз. Биыл байланыс саласында бірқатар өзгертуді де енгіземіз. Бұл жаңашылдықтар байланыс сапасына әсер етеді. Осы орайда операторларға ауылдар мен қала маңындағы байланысты жақсартуына қатысты талаптар болады. Биыл барлық түзету қабылданады деген ойдамын», деді министр.
Б.Мусин «Қазақтелекомды» монополиясыздандыру туралы түсіндірмесінде «Жаңа Қазақстан аясында жаңа шешімдерге жол беріліп жатыр. Телеком нарығында бәсекелі ортаны күшейту назарға алынып отыр. Жалпы, бұрын нарықта осындай жағдай бар екенін үнемі көтеріп келдік. «Қазақтелекомға» тоқталсақ, оларға екі операторды сатып алуға рұқсатты бұрынғы Үкімет берді. Шамамен 5 жыл бұрын сатып алған болатын. 2020 жылдан бері оларға қатысты бақылау жұмыстарын күшейтіп, интернет сапасы бойынша талаптар қойдық», деген еді.
Сонымен қатар министр тиісті заң жобасы аясында депутаттармен бірлесе тиісті айыппұлдар сомасын арттыру мәселесі талқыланып жатқанын жеткізді. Тағы бір мәселе – радиожиіліктер монополиясы. «Қазақтелеком» АҚ-ға барлық радиожиіліктің 75 пайызы тиесілі. 2021 жылы радиожиіліктер бойынша сот арқылы тиімді пайдаланылмаған 8 облыс аумағына қатысты «Қазақтелекомнан» радиожиіліктер алынған. Оны енді аукцион бойынша таратпақ. Мұнымен қоса министр өткен жылы жаңа операторлардың пайда болуына мүмкіндік берілгенін айтты.
Телекоммуникациялық қызмет нарығында тіркелген байланыс қызметі бойынша 80%-дан астам және мобильді байланыс бойынша 60%-дан астам үлесі бар монополист болуы «Қазақтелеком» АҚ компаниялар тобына басқа сабақтас нарықтарда айтарлықтай үлес алуға мүмкіндік берді.