Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
«Доллармен арзан, теңгемен қымбат»
Соңғы үш жылда тұрғын үй саласы мазаң күй кешіп тұр. Коронавирус жағдайында шаршы метрдің құны күрт төмендесе, одан кейінгі кезеңде баға сан құбылды. Ал қазір баспананың бағасын тоқтату тіптен қиындап кетті. Оның құны күн сайын өзгеріп тұр. Арзандаған жоқ. Қымбаттап барады. Сарапшылар тұрғын үй бағасының өсуіне көптеген фактор әсер етіп отырғанын айтады. Бұған доллар бағамының өсуі, құрылыс материалдарының қымбаттауы, Ресейге салынған санкциялар ғана емес, баспанаға деген сұраныстың күрт артуы да айтарлықтай әсер еткен.
Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, Қазақстанда тұрғын үйді сатып алушылар саны өткен айда күрт артып, ақпан айымен салыстырғанда 45,66%-ға көбейген. Бір айдың өзінде 67,8 мың нысан сатылған. Соның 49 844-і
пәтер болса, 17 957-сі – жер үй. Осылайша, өткен наурыз айында сұраныстың жоғары болуына байланысты тұрғын үй бағасы бұрын-соңды болмаған көрсеткішпен шарықтап, бастапқы нарықтағы бір шаршы метрдің құны орта есеппен 408 950 теңгені құраған. Ақпан айымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 21 170 теңгеге артық және соңғы бірнеше жылда болмаған рекордтық өсім екен.
Жылжымайтын мүлік бағасына апта сайын шолу жасап отыратын krisha.kz интернет ресурсының мәліметінше, тұрғын үйлердің қымбаттауы жағынан Нұр-Сұлтан, Атырау, Көкшетау қалалары алдыңғы орында тұр. Бас шаһардағы ең жоғарғы жылдық өсім 26,6%-ды құраса, Көкшетауда – 21,6%-ға жеткен.
Тұрғын үй саласын зерттеп жүрген тәуелсіз сарапшы Айбар Олжаевтың пікіріне сүйенсек, биылғы бірінші тоқсандағы баспананың қымбаттауына бірнеше фактор себеп болған. Оның ішінде объективті және субъективті факторлар да бар. «Басты фактор ретінде наурыздағы өсім, Ресейдің Украинаға қатысты агрессиясы және соның салдарынан болған рубль бағамының, оның артынан бірден теңге бағамының едәуір құлдырауын атап өтуге болады. Соның әсерінен тұрғын үй нарығындағы баға да қарқынды өсті. Оған екі себеп бар: теңгенің долларға шаққандағы паритеті әлсіреді де, сатушылар бағаны валютаға шақтап қайта есептеді. Екіншісі, құнды қағаздар нарығына қатысты пессимизм орын алып, инвесторлардың біразы ақшаны сақтап қалу үшін жылжымайтын мүлік нарығына оралды. 2012 жылдан бері тарихи тұрғыдан қарасақ, Қазақстандағы тұрғын үй бағасы доллармен есептегенде, керісінше арзандап келді. Ал теңгелей өте қатты өсті. Сондықтан баспана нарығындағы баға өсімінің курс коррекциясы және инфляциямен тікелей корреляциясын байқауға болады», дейді сарапшы.
Оның айтуынша, инфляция тауар, қызметтің қымбаттауынан пайда болады. Құрылыс компаниялары да үрейге бой алдырып, баға орнатуда агрессивті саясат ұстанғаны байқалады.
«Құрылыс материалдарының қымбаттау эффектісі – бір айдың ішінде білінбейтін, кем дегенде жартыжылдық циклы бар құбылыс. Сондықтан осы қымбаттауға құрылыс компаниялары «материал қымбаттап кетті» деген себеп айтса, ол сөздеріне сенбес едім. Сонымен бірге теңге бағамының алғашқы шоктан арылып, қазір тұрақтанып келе жатқанын айтуға болады. Ал осыны көре отырып, құрылыс салушылар баға өсуін тежей ме? Оны айту қиын», дейді А.Олжаев.
«Әр шаршы метрге есебіміз әзір»
Қазіргі таңда жаңадан басталған құрылыстың бағасы ғана емес, аяқталуға жақын нысандардың да құны шарықтағаны белгілі. Қазақстан Құрылысшылар одағы нарықтағы жағдайға байланысты бағаның өсуі заңды деп есептейді. «Құрылыс салушылар апта сайын, ай сайын нарықтың жағдайын бағамдап, соған сай шығынын есептеп, бағаны өзгертіп отырады. Бірақ ешкім де шаршы метрдің құнын қолдан өсірмейді. Сіздер дұрыс түсініңіздер: құрылыс деген тек құрылыс материалдарынан құралмайды. Онда мыңдаған адам еңбек етеді. Олардың жалақысы бар. Оның үстіне құрылыс материалдары, жанар-жағармай, электр қуаты – бәрінің де бағасы қымбаттап жатыр. Бұлардың да құрылысқа қатысы бар. Онсыз нысан көтерілмейді ғой. Сондықтан құрылыс салушылар бағаны қолдан өсіріп отыр деген ойдан аулақ болған жөн. Қазіргі таңда Қазақстанның өзінен шығатын материалдар да қымбат. Тас, құм бағасының өзі 5-6%-ға өсті. Мұның бәрі құрылыстың шаршы метрінің бағасына әсер етеді. Доллардың бағасы түскенімен тұрғын үй құны арзандамайды», дейді Құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев.
Оның айтуынша, баспана бағасы енді түседі деп үміттенудің реті жоқ. Қазір оның құны ай сайын 5-6%-ға қымбаттап отыр. Бұл қарқын өспесе, төмендемейді. Әлбетте, бағаны тұрақты ұстаудың жолы бар. Ол үшін құрылыс саласындағы бәсекелестікті дамытып, саланы дағдарыстан алып шығу шараларын қазірден қолға алу керек. Осы жағынан құрылыс компанияларына мемлекет демеу көрсетуге тиіс.
«Құрылыс – қашанда ел экономикасының қозғалтқыш күші. Былтыр бұл салада 641,4 мың адам еңбек етті. Қазір бұл қарқын баяулап, құрылыс саласындағы көрсеткіш төмендей бастады. Сондықтан Үкіметке жедел түрде дағдарысқа қарсы шараларды қолға алуды ұсынамыз. Қазақстанның барлық аумағында инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін биыл мемлекеттік тапсырыстарды 1,2-1,5 трлн теңге деңгейінде еселеу қажет. Халыққа арналған ипотекалық несиелерді қайтадан қалпына келтірген жөн. Банк кредиттері бойынша мемлекеттік субсидияны жалғастыру қажет. Бұл елге де, құрылыс салушыларға да тиімді болар еді», дейді Т.Ерғалиев.
Сарапшының айтуына қарағанда, мемлекеттің қатысуымен салынатын құрылыс пен коммерциялық бағыттағы нысандардың бағасында айтарлықтай айырмашылық бар. Себебі мемлекет тапсырыс берген кезде құрылыстың жобасынан бастап, жер телімінің бағасын, инженерлік желілерді, абаттандыру шығындарын қоса есептейді. Ал коммерциялық тұрғын үйді салу шығындары – тек құрылыс салушының мойнында. Әрі олар объектіні сатқан кезде тек тұрғын үйге жататын шаршы метрді ғана сата алады. Подъездер, лифтілер, тұрғын үй емес жайларды сата алмайды. Мемлекеттің араласуымен салынып жатқан үйлердің коммерциялық баспаналардан 20%-дай арзанға сатылатыны сондықтан, дейді Т.Ерғалиев. «Құрылыстан хабары аз азаматтар тұрғын үйді қымбаттатып жатыр деп құрылыс компанияларын айыптайды. Шынтуайтында, біз әр шаршы метрге қосқан бағамызға жауап бере аламыз. Әр объекті үшін есебіміз дайын. Ешкім шаршы метр бағасын жайдан-жай өсіріп отырған жоқ», дейді ол.
«Табыс таппаса там салмас еді»
Ал елордадағы құрылыс компаниялардың бірінде өндірістік-техникалық бөлімнің инженер-сметашы болып жұмыс істейтін Бектай атты азамат (аты-жөнін көрсетпеуді өтінді – авт.) құрылыс компаниялары екі есе пайда таппаса, құрылыс салмайтынын айтады.
«Қазіргі таңда елордалық құрылысты салудың бір шаршы метрі орташа есеппен 500 доллар деп есептеледі. Мұның ішіне жердің құны да, бетон да, кірпіш те, лифті де, ішкі, сыртқы қаптау, әрлеу жұмыстары да, инженерлік желілері де – бәрі кіреді. Мысалы, 1 мың шаршы метр нысан салынса, барлық шығынды осы шаршы метрге бөлеміз, сонда құрылыстың өзіндік құны шығады», дейді сметашы-маман.
Егер қазіргі салынып жатқан тұрғын үй құрылысының бір шаршы метрін маман айтқан бағамен есептесек, онда құны шамамен 225 мың теңге (доллардың теңгеге шаққандағы қазіргі бағамы 451 теңге деп есептесек) болып тұр. Ал оның нарықтағы бағасы одан екі еседей қымбат деуге болады. «Құрылыс та – ірі бизнес. Құрылыс салушылардың одан пайда көруі заңды. Бірақ кейде олар бағаны тым шарықтатып жіберетінін көріп жүрміз. Жұртшылыққа түсінікті болу үшін 2019-2021 жылдары салынып біткен бір тұрғын үйдің құнын санап берейін. Құрылыстың жалпы құны – 7 млрд теңгені құрады. Көлемі – 55 мың шаршы метр. Бастапқы кезде құрылыстың әр шаршы метрінің өзіндік құны 127 273 теңгеге (7 млрд теңгені 55 мың шаршы метрге бөлсек, осы баға шығады) бағаланды. Сол жылдары құрылыс материалдарының бағасы онша өсе қойған жоқ. Демек, шаршы метрдің құны да аса өзгермеді. Бірақ құрылыс компаниясы тұрғын үйді салып біткен кезде оның шаршы метрін 390-450 мың теңге аралығында сатты. Осылайша, компанияның бір құрылыстан көрген пайдасы шамамен 23 млрд-тан асты», дейді маман.
Иә, құрылыс саласы қазір әрі-сәрі күй кешуде. Қарапайым халық баспана бағасы қымбат десе, құрылыс салушылар керісінше осы саланың қарқыны баяулап кетті деп дабыл қағуда.
«Лоббимен шұғылданатын ұйымдарға сене бермеген жөн»
Қазақстан Құрылысшылар одағының мәліметінше, бүгінде мемлекеттік инвестиция есебінен салынып жатқан 286 құрылыс нысаны жұмысын тоқтатқан. Оның 84-і жобалардың қымбаттауына байланысты қызметін әрі қарай жалғастыра алмай отыр. Сондықтан мемлекет дереу қажетті шараларды қолға алмаса, оның салқыны әсіресе, мамыр айынан бастап қатты сезілуі мүмкін. Алайда кейбір сарапшылар мұнымен келіспейді.
«Біздегі құрылыс саласындағы менеджерлерде масылдық принципі басым. Мемлекет бізге көмектессін, себебі біз жұмыс тауып беріп отырмыз дейді. Біріншіден, олардың жұмысшылары мемлекет мүддесі үшін емес, сол компанияның бизнес мүддесіне жұмыс істеп жатыр. Құрылыс компаниясы мемлекеттен көмек сұрайтындай, сол мемлекетке тегін пәтерлер беріп жатқан жоқ. Бағаны ұстап тұруда жанашырлық танытып жатқаны да шамалы. Қазақстандық өндірісті күшейтуге, импортты алмастыруда құрылыс секторында ешқандай алға жылжу байқалмайды. Осы орайда құрылысшылардың мемлекеттен көмек сұрап, талап қоятын ешқандай моральдық құқығы жоқ деп ойлаймын», дейді тәуелсіз сарапшы А.Олжаев.
Сарапшының пікірінше, ірі құрылыс компанияларының өздері бас болып, «Құрылыс салушылар қауымдастығы», «Қазақстанның құрылысшылар одағы», «Құрылыс саласының одағы» сынды ең кемі үш қоғамдық ұйым құрып алып, лоббимен айналысып жатқанын, соңғы кездері тіпті шантаж риторикасына көшкенін айқын байқауға болады.
«Шынымен де, олардың жағдайлары нашар ма? Онда аудиттелген қаржылық есебі, бухгалтерлік баланстары қайда? Ондай құжаттарын ешқашан ашық жариялаған емес. Бірақ біз ең ірі үш құрылыс компаниясының 2021 жылдың қорытындысы бойынша супертабыс тапқанын жақсы білеміз. Және әр шаршы метріне олар қойып отырған бағаның кем дегенде 40 пайызы акционерлерге табыс ретінде түсіп отыр. Сондықтан олардың бағаны кем дегенде 40 пайызға түсіре алатын әлеуеті бар», дейді ол.
Сарапшының айтуынша, мемлекет құрылыс компанияларына нарықтағы ойын ережесін, заңнаманы бәсекелестік жағдайында бизнес дами алатындай қылып реттеп беруі керек. Одан әрі араласудың керегі жоқ. «Құрылыс – таза нарық. Басында-ақ солай болған. Қазір оны құрылысшылар субсидияланатын салаға айналдырып, мемлекетті де, халықты да бірдей «емгісі» келеді. Егер бір компания жабылып, банкроттыққа ұшырап жатса, ол – нарық жағдайы. Оның орнына міндетті түрде басқасы келеді. Сондықтан мемлекеттік органдарға құрылысшылар құрып алған түрлі одақтар мен қауымдастықтың сөздеріне ере берудің қажеті жоқ. Онымен бірге, олардың қазір «Үлескерлік қатысу туралы» заңды қоныштан басып, бұзып отырғанын ескеріп, халықтан «брондау» деген сылтаумен ақша жинап отырған әрекеттерінің алдын алу қажет», деп сөзін түйіндеді А.Олжаев.