Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Қазіргі геосаяси шиеленіс жағдайында Ресейге қатысты санкциялардың қайталама әсері Қазақстанның экономикалық өсуіне әсер ететіні және 2022 жылы инфляциялық қысымды күшейтері белгілі. Бұл жағдай жалғасып жатқан пандемиямен және әлеуметтік шиеленістің көбеюімен қатар, елдің экономикалық дамуына қатысты негізгі белгісіздікті тудырады. Осылайша, ХВҚ 2022 жылы Қазақстанның ІЖӨ-сінің өсуі 2,3 пайызға дейін төмендейді деп болжайды. ХВҚ сарапшылары ұзақ мерзімді перспективада экономиканың тұрақты өсуі экономикалық әртараптандыруды және оның ішінде климаттың өзгеруіне байланысты қатаң шараларды қажет етеді деп атап өтті.
ХВҚ-ның пікіріне қарағанда, сыртқы тұрақсыздық пен инфляциялық қысымның артуына байланысты Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтерді. Бұл қажет болған жағдайда ақша-кредит саясатын одан әрі қатайту мүмкіндігі туралы берілген сигнал болатын.
Инфляциялық қысым мен фискалдық ынталандыруды ескере отырып, ХВҚ Ұлттық банктің ақша-кредит саясатын орташа қатаң және негізделген деп бағалады. Инфляция 2022 жылғы ақпанда, негізінен, азық-түлік бағасының өсуі есебінен 8,7 пайызға жетті. Бұл Ұлттық банк белгілеген 4-6 пайыз дәлізінен жоғары. Осы ретте ХВҚ болжамдарына сәйкес, 2022 жылы инфляция жоғары болады. Алайда орта мерзімді перспективада оның 4 пайыз деңгейіне дейін төмендеуі күтіледі.
ХВҚ Ұлттық банктің инфляциялық таргеттеу саясатына қолдау білдіріп, инфляциялық таргеттеудің толыққанды режіміне көшу, транспаренттілікті жақсарту, ақша-кредит саясатының тәуелсіздігін және коммуникация тиімділігін арттыру, сондай-ақ орталық банктің талдамалық әлеуетін дамыту жөніндегі жұмысты оң бағалаған. Атап айтқанда, ХВҚ ақша-несие саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясын атап өтті, оның негізгі міндеті – инфляцияны 2025 жылға қарай төменірек диапазонға дейін апару. ХВҚ ақша-несие саясаты комитетін құру, базалық мөлшерлеме бойынша шешімдерді ақпараттандыру және түсіндіру, валюталық операцияларды жариялау, сондай-ақ консультациялар мен техникалық көмек тарту аясында ХВҚ-мен тұрақты екіжақты диалог аталған оң өзгерістердің негізгі драйвері болып саналатынын жеткізді.
ХВҚ сарапшылары ақша-кредит және салық-бюджет саясатын үйлестіруді жақсарту инфляцияны тежеуге де ықпал етеді деп санайды. Әсіресе тұтынушылық несиенің ерекше қарқынмен өсіп келе жатқанына назар аударған халықаралық сарапшылар, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қаржы нарығын қадағалау мен реттеуді одан әрі күшейту керек дейді.