Мазмұнды іс-шара ортағасырлық тарихты зерттеудің өзекті мәселелерін талқылау, тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қайта құру және оларды насихаттауда халықаралық тәжірибелерді зерделеуге арналды.
Бүгінде Қазақстан мен Түркия арасындағы достық, бауырластық екі ел арасындағы саяси және сауда-экономикалық қатынастарды ғана емес, мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға да мән берілген. Әсіресе бұған түркітілдес халықтардың тарихи тамыры мен мәдени құндылықтары ортақтығының ықпалы мол. Сондықтан қос мемлекет ғалымдары арасындағы байланыс тарихи-мәдени мұраны зерттеу, сақтау және репрезентациялау мәселелерін шешуде үлкен рөл атқарады.
Семинарда Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Арғынбеков жиынның мақсатына тоқтала келіп, «Бозоқ» жобасының еліміздің тарихи-мәдени мұрасын дамытудағы болашағы зор екенін айтып, оны Үкімет тарапынан Мәдениет және спорт министрлігі қолдайтынын атап өтті. Сондай-ақ «Бозоқ» музей-қорығының директоры Сәуле Бурбаева ашық аспан астындағы «Бозоқ» ұлттық паркін құру жобасын таныстырса, Түркия Мәдениет және туризм министрлігі Коллекциялар басқармасы филиалының директоры Азиме Евренсел «Бозоқ» жобасының бірегейлігіне таңғалып, тарихи-мәдени мұраны сақтайтын осындай ауқымды жобалар әлемде сирек кездесетіндігін сөз етті. Қазақстандағы ТІКА үйлестірушісі Хикмет Өзденоулу Түркия тарапынан жобаны іске асыруда ынтымақтастыққа дайын екендігін айтып, тәжірибе алмасу үшін Түркияның музей ісінің жетекші мамандарын Қазақстанға жіберу туралы ұсынысын жеткізді.
Іс-шара барысында Қазақстанның музей қызметкерлері үшін Түркияның жетекші мәдени және ғылыми орталықтарына тағылымдама ұйымдастыру, сол елдің алдыңғы қатарлы ғылыми және музей орталықтарының реставрациялаудағы, консервациялаудағы халықаралық жұмыс тәжірибесін зерделеу мен мәдени мұра саласындағы жетістіктерін жұртшылыққа таныту мәселелері қозғалды. Сонымен қатар «Бозоқ» жобасын іске асыруда ашық аспан астындағы музейлердегі тарихи-мәдени мұраны репрезентациялау жөніндегі ұсыным талқыланды.