Спорт • 15 Сәуір, 2022

Екінші кезеңде есе жіберді

145 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Теннистен Монте-Карлода өтіп жатқан ATP Masters 1000 турнирінің екінші кезеңінде Александр Бублик испа­ниялық Пабло Карреньо-Бус­тамен күш сынасты.

Екінші кезеңде есе жіберді

Жүлде қоры 5 415 410 еуроны құрайтын жарыстың тұсаукесер кездесуінде еліміздің бірінші ракеткасы швейцариялық атақты Стэн Вавринканы қапы қалдырып, өз жанкүйерлерін қуантқан еді. Екінші кезеңде Александрдың жолы тағы бір мықты ойыншымен қиысты. 30 жастағы Пабло АҚШ-тың ашық біріншілігінде екі рет жартылай финалға дейін жетіп, тағы екі мәрте Ролан Гарростың ширек финалында бақ сынады. Қазіргі кезде Испанияның өкілі АТР рейтингінде 18-орынды иеленуде.

Бәсекені Бублик жап-жақсы бастап, бірінші сетте 6:4 есебімен жеңіске жетті. Келесісі тай-брейкке дейін ұласып, бұл жолы Карреньо-Бустаның бағы жанды – 6:7. Шешуші сәтте 3:4 есебімен ұтылып жатқан жерлесіміз жарысты одан әрі жалғастырудан бас тартты.