07 Сәуір, 2014

Екі елдің академиясы маңызды меморандумға қол қойды

231 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
08 04 - Kirgiz akademiyasiБішкекте өтіп жатқан «Түркі халықтарының мемлекет басқару дәстүрі» атты халықаралық І ғылыми конгресі аясында Түркі академиясы мен Қырғыз Республикасының Ұлттық ғылым академиясы маңызды меморандумға қол қойды. Бұл туралы Түркі академиясының баспасөз қызметі хабарлады. Жиын барысында бауырлас екі академияның президенттері Дархан Қыдырәлі мен АбдыганыЭркебаев түркология саласында бірлесе ғылыми зерттеулер жасаудың маңыздылығына тоқталды. Жас ғалымдарды ынтымақтастыққа тарту мәселесіне баса мән берілді. Тараптар негізгі жұмыстарын түркі халықтарының тарихы мен мәдениеті, түркі тілдері және әдебиеттері, философиясы, түркітілдес мемлекеттердің заң саласы, экономикасы және саясаты, сондай-ақ, қазақ-қырғыз байланыстарына бағыттайды. Меморандум аясында ғылыми жобаларға байланысты ғылыми-зерттеу топтарының күштерін пайдалану, бірлесе отырып конференциялар, симпозиумдар немесе жұмыс топтарын ұйымдастыру; ғылыми-техникалық құжаттарды  өзара алмастыру жайы қарастырылған. Сонымен, екі елдің академиясы қол қойылған құжаттың нәтижесін дәл бағамдап отыру үшін Астана немесе Бішкекте жылына бір рет кездесу өткізуге келісті. Жалпы, «Түркі халықтарының мемлекет басқару дәстүрі» атты халықаралық ғылыми конгресі алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Тағы бір атап өтеріміз, көрші ел биыл «Қырғыз мемлекеттігін нығайту жылы» деген маңызды шараны жариялап, оның аясында атқарылатын істерді пысықтау үшін ғалымдардың уәждерін тыңдауды жөн санапты. Ал осы айтулы жиында сөз алған Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі мыңдаған жылдық тарихы бар түркілер өз дәуірлерінде бірқатар алып империялар құрғанын және оны табысты басқарғанын атап өтті. Сондай-ақ, ол Жүсіп Баласағұнның мемлекет басқару туралы жазған «Құтты білік» шығармасының маңызына кеңірек тоқталды. Ғылыми конгреске АҚШ, Қазақстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Корея, Жапония мен Ресей сынды елдердің зерттеуші ғалымдары қатысуда. Шара аясында Түркі академиясы мен қырғыз-түрік халықаралық Манас университеті өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Дастан Кенжалин. Дереккөз: Түркі академиясының баспасөз қызметі. Фото: Time.kg.