![Жаңа бетбұрыстың нақты қадамы](/media/2022/04/18/6pmjutqg-1.jpg)
Қоғамдық ой-санада билік пен бұқара арасындағы жаңа тиімді қарым-қатынастар жаңа саяси мәдениеттің қалыптасуына оң әсер етуде. Бұл халықтық сенімді нығайта түскенін көрсетеді. Сонымен бірге қарапайым халықтың талабы да күшейіп, өздерінің қоғамдағы ой-ұсыныстарын ашық жеткізуде. Тұтастай алғанда қоғам әділеттілік пен ашықтыққа, жариялылық пен жаңаруға негізделген бетбұрыстардың тірегіне айналды.
Жаңа Қазақстанды құрудың басты қағидаты – әділдік пен әлеуметтік әділдік болуының тарихи мәні мен оның нәтижесіне өз өмірімізде-ақ тілеулі халқымызбен бірге куә болатынымызға сенеміз.
Бүгіндері Қазақстанда мемлекеттік басқарудың жаңа моделіне көшетін іс-шаралар қолға алынып, оны жүзеге асырудың қажетті қадамдары жасалуда.
Мұның бәрін халық көріп, естіп отыр. Көптеген өзекті мәселенің дер кезінде шешілуінен ұтарымыз көп. Мәселен, жұрт қандай да бір мәселені жергілікті атқару органдары тарапынан қылаң беретін, тіптен әуре-сарсаңға салатын сөзбұйдалық пен қағазбастылық секілді құбылыстарды қаламайды.
Мемлекет басшысының күні кеше мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту туралы Жарлыққа қол қойғанында бұл мәселенің үлкен мәні мен беретін нәтижелері құптау тұрғысында қабылданып отыр. Жаңа заман, жаңаша талап, нақты қадамдар барлық реформалық істі ілгерілетуге ықпал етеді.
Жарлық бюрократиядан арылтудың негізгі қағидаттарын айқындап берді. Олар – форма мәнінің басымдығы, бастапқы қалпы бойынша цифрландыруды, басқарушылық жауапкершілікті, үздіксіз жетілдіруді, регламенттеудің оңтайлығына байланысты нақтыланған. Бұл ретте жүйелі және қолданбалы шаралар кешені қарастырылған.
Осында көзделген шаралардың жүзеге асырылуы мемлекеттік аппаратта шешімдердің қабылдануын жылдамдатады, мемлекеттік органдардағы бірінші басшылардың дербестігі мен жеке жауапкершілігін арттырады, құжат айналымы мен есеп берушілікті қысқартады. Атап айтқанда, жүктелген міндеттерді жылдам жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдарға нормативтік құқықтық актілерді өздерінің функцияларын заңнамалық деңгейде нақтылап жатпай-ақ қабылдауға құқық беріледі.
Мемлекеттік аппараттың тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ететін озық талаптар мен жаңа міндеттердің мән-мағынасы жаңа уақытқа сай жауапкершілік және мейлінше айқындық сипатымен мағыналы.
Үкіметке он жұмыс күні ішінде осы Жарлықты іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекітуді қамтамасыз етуді атап көрсеткен. Бұл, әлбетте, үлкен міндеттер мен жауапкершілік жүктейді.
Мұны барша отандастарымыз Жаңа Қазақстан құру ісі аясында атқарылып жатқан сенімді және серпінді қадамдар мен іскерлік жағдайдың түбегейлі өзгерістері деп біледі.
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Мәжіліс депутаты