Өзбекстанда дүниеге келген 27 жастағы Рахмонов аталған рейтингте екінші орында тұр. Ол өзінің тоғыз қарсыласын бірінші раундта есінен тандырса, бесеуін екінші кезеңде ойсырата ұтты. Тек осыдан төрт жыл бұрын Астанада өткен жарыста өзбекстандық Фаридун Одиловтың ғана біраз уақыт бойы Шавқаттың екпінді шабуылына тойтарыс беруге шамасы жетті. Бірақ үшінші раунд бел ортаға таяғанда қазақ спортшысы оны ұрып жықты.
Қазіргі кезде қандасымыз өз салмағы бойынша UFC-рейтингінде 15-орынды иеленуде. Ол осы промоушендегі үш кездесуінде де қарсыластарын бас көтертпей ұтты. Биылғы жылдың маусым айында жерлесіміз үздіктер тізімінде 10-сатыға жайғасқан америкалық Нил Мэгнимен айқасады. АҚШ-тың апайтөсін жеңген жағдайда Шавқат Рахмоновтың беделі күрт өсіп, рейтингте де бірнеше сатыға жоғарылайтыны анық.
Жоғарыда аталған рейтингте Том Аспиналл көш бастап келеді. 28 жастағы Ұлыбритания өкілінің осы спорт түрін серік еткелі сегіз жылға жуықтады. Сол аралықта 14 мәрте октагонға шығып, 12 бәсекеде оның мерейі үстем болды. Том UFC-дегі барлық бес кездесуін мерзімінен бұрын аяқтады. Ол Джейк Колье, Алан Будо, Андрей Орловский, Сергей Спивак және Александр Волов сынды саңлақтардың тас-талқанын шығарды. Алыптардың рейтингінде Аспиналл алтыншы орынды еншілеуде.
Үшінші орынды ОАР өкілі Дрикус дю Плесси (16-2-0) иеленсе, шотландиялық Пол Крэйг (16-4-1) пен испаниялық Хоэль Альварес (19-3-0) төртінші және бесінші сатыларға табан тіреді. Бұл жігіттердің барлығының спорттық карьерасында жеңілістер болғанымен, UFC жарыстарында олар ешкімге есе жіберген емес.