Қоғам • 18 Сәуір, 2022

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заң әзірленіп жатыр

481 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әділет министрлігі «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» ҚР Конституциялық заңының жобасына реттеуші саясаттың консультативтік құжатын әзірледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заң әзірленіп жатыр

Атап өтілгендей, құжат Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында әзірленді.

Қазақстанда құқық қорғау қызметінің тиімділігін арттыратын және нормативтік құқықтық актілердің ҚР Конституциясына сәйкестігін қамтамасыз етуге ықпал ететін өкілеттіктерді беру ұсынылады.

Атап айтқанда, адам құқықтары жөніндегі уәкілді ұйымдастыру тәртібі мен қызметіне және оның мәртебесін арттыруға қатысты негізгі ережелерді қайта қарастыра отырып, Құқық қорғау құралдарының моделін өзгертуді көздейтін «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» жаңа Конституциялық заң әзірлеу жоспарлануда.

«Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заңында  келесі мәселелер қамтылуы тиіс:

  • Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық мәртебесі, қызметке сайлау және қызметтен босату тәртібі;
  • Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құзыреті және оны жүзеге асырудың ұйымдастырушылық нысандары;
  • Азаматтардың шағымдарын қараудың құқықтық негіздері және өтініштерді Конституциялық Сотқа жолдаудың негіздері;
  • Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өтініштері бойынша қолданылып жүрген заңдар мен өзге де құқықтық актілерге конституциялық бақылау енгізу;
  • Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің және оның облыстағы, республикалық маңызы бар қаладағы, елордадағы өкілінің, адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың қызметін ұйымдастыру;
  • Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың қызметін ұйымдастыру және қамтамасыз ету мәселелері.

Көзделген мақсат:

  • Азаматтардың конституциялық бақылауға қол жетімділігін кеңейту;
  • Адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру;
  • Заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін қамтамасыз ету;
  • Конституцияның заңнамадағы және құқық қолданудағы жасампаздық әлеуетін жан-жақты ашу, қолданыстағы құқықтың сапасын арттыру;
  • Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқық қорғау құралдарын күшейту;
  • Қоғамның және мемлекеттік аппараттың конституциялық-құқықтық мәдениетінің деңгейін, азаматтардың мемлекеттік институттарға сенімін арттыру.

Құжат 11 мамырға дейін Ашық НҚА сайтында жария талқылау үшін орналастырылған.