09 Сәуір, 2014

Үрей

596 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

НЕМЕСЕ ИНТЕРНЕТТЕ КЕЗ КЕЛГЕН КІСІМЕН ТАНЫСА БЕРУДІҢ ТҮБІ...

Еркин РакышевКинематография әлеміне кездейсоқ келіп, сыналса да, сүрінсе де алға қарай ұмтылып, көрермендерін тапқан «Жаралы сезім», «Жетімдер», «Менің де атым Қожа», «Астанаға көктем кеш келеді», «Мәңгі өмір сүргің келсе» атты фильмдерді түсірген режиссер Еркін РАҚЫШЕВ енді «М-Агент» деп аталатын жаңа фильмді аяқтады. Аталмыш кинотуын­дының жабық көрсетілімінен кейін режиссермен әңгімелескен едік. – Еркін мырза, осы уақытқа дейін мелодрама, лирикалық комедия, балалар киносын, деректі дүниелер, тіпті, сериалдар да түсіріп көрдіңіз. Сізді қорқынышты жанрға не жетеледі? – Қызық болды. Бұл идеяны маған журналистер берді. Бір бағдарламада менен сұхбат алып отырған тілші: «Ереке, енді қорқынышты жанрда кино түсіру ойыңызда жоқ па?» деп сұрады. Мен Алла сәтін салса түсірерміз, неге түсірмеске, дедім. Содан әлгі журналист: «Сіз онда түсіріңіз, сөзіңіз­­де тұрыңыз. Біз күтеміз. Бұл алғашқы Қазақ­стан­дағы үрейлі жанрдағы кино болады», деген соң, мен жарайды деп уәдемді бергенмін. Содан көмекшілерім бар, сценарий жазуға кірістік. Осы идеяны пісіру барысында бұл жай ғана қорқынышты болмауы керек, айтар ойы, мақсаты болсын деп шештік. «М-Агент» фильм идеясының негізгі ой қазығы: егер біреуге қиянат жасасаң, ол міндетті түрде алдыңнан шығады, сенің алдыңнан шықпаса, кейінгі үрім-бұтағыңның алдынан шығады дегенді жеткізу. Сонымен қатар, бүгінгі интернеттің пайдасымен қоса, зиянды жақтары да жеткілікті. Әсіресе, біздің жас­тар мен жасөспірімдер әлеуметтік желілерде отырып алып, көрінгенмен танысып, дос болып жатады. Әрқайсысында жүздеген, мыңдаған достары бар. Аты-жөні жоқ, жөн-жосықсыз адамдармен таныса берудің арты жақсылыққа апармайды. 046A0475 – Киноны негізі баяндамайды, көреді ғой, құпиясын түгел ашпай, былай қысқаша тоқтала кетуге болатын шығар? – Үш жігіт пен бір қыз түнгі клубтан көлікпен келе жатып, абайсызда бір жас әйелді қағып кетеді. Заң алдындағы жауапкершіліктен қорыққан олар әйелді өлді деп ойлап, денесін қала сыртына апарып тастайды. Алайда, көлік қаққан әйел қиналып жатып агенттегі достарына «көмектесіңдерші!» деп қана жазуға шамасы келіп, азаппен көз жұмады. Содан оның елесі өзін өлтіргендерге келеді. Олар қатты үрейден көз жұмады. Бүкіл қалада кім ол әйелмен әлеуметтік желіде дос, бәрі өледі деген қауесет тарап, адамдарды қорқыныш билейді. Көріпкелдер ол әйелді дұрыс рәсімдеп жерлемегенше, оның жаны жай таппайды, ол сондықтан да агентте «көмектесіңдер!» деп жазып жүр дейді. Осы оқиғаны зерттеумен айналысып жүрген журналиске бір күні елес келіп, қолынан ұстайды. Үрейі ұшқан журналиске осылайша ақпарат беріледі... – Қалай десек те, қазақ киносына жаңа жанр енгізген картина табысты болсын! Өзіңіз сынай беретін бүгінгі кинематография жайында пікіріңіз жақсы жағына өзгеріп келе жатыр ма? – Қазіргі қазақ киносында үлкен қозғалыс бар. Түрлі жанрдағы кинолар түсірілуде, сериалдар да көптеп шығып жатыр. Бұдан 5-6 жыл бұрын жылына 2-3 кино шығатын болса, қазір әр телеарнаның өзі жылына бірнеше сериал жасайды. «Қазақфильммен» қатар, жекеменшік студиялар да өз киноларын халықтың назарына ұсынуда. Қазақ киносын көруге халық кинотеатрға бармайды деген пікір бүгінде түбегейлі өзгерген. Сәтті шыққан фильмдерге билетке кезекке тұрып көретін күнге де куә болып жүрміз. Бірақ, жарық көріп жатқан кинолардың саны көп болғанымен, сапасы жағынан әлі де ақсап тұрмыз. Бұған, әсіресе, мән-мазмұны, түйіп аларлықтай мәні жоқ, жеңіл-желпі оқиғаға құрыла салған сериалдарды айтсақ болады. Сан болса сапа да болады деп тоқмейілсуге болмайды. Енді біз сапаға жұмыс жасамасақ, ол қалай болғаны. – Сіздіңше, бізге қандай кино керек өзі? – Ең бастысы – кино ұлтқа қызмет етуі керек. Халықтың санасын оятып, рухын көтеретін ізгілікке тәрбиелейтін кино керек. Киноны көріп отырып көрерменнің бойынан ұлтына деген мақтаныш сезімі ояну қажет. Балалар мен жасөспірімдер кинодағы кейіпкерлердің бойынан отансүйгіштік пен бауырмалдылықты, достыққа берік болу секілді жақсы қасиеттерді көріп, бойына сіңіріп соларға еліктеп өсуі қажет. Біз үш ғасырдай отарлықта өмір сүрген халықпыз. Құлдық санадан әлі де арыла қойған жоқпыз. Сондықтан да жастар арасында тәуелсіздіктің қадіріне жетпеу, өз ұлтын менсінбеу, өзге елдің жұлдыздарын пір тұту бар. Біз саналы ұрпақ тәрбиелейміз десек, салт-дәстүрлерімізге негізделген ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін кинолар түсіруіміз керек. Өкінішке қарай, бізде тарихи кинолар жоқтың қасы. Барларының өзі аңыз-әңгімелерге құрылған. Бізге тарихи деректерге негізделген кинолар түсіру қажет. Біз осыншама ұлан-ғайыр кең байтақ даламызды жаудан қорғап қалған хан, сұлтандарымыз, батырларымыз жайлы не білеміз?! Оның орнына Сүлейман сұлтанның бала-шағасы мен немерелеріне дейін, одан қалса тоқалдарына дейін білеміз. Мәдениет министрлігі түрік-кәріс сериалдарын енді сатып алмаймыз, оның орнына өзіміз шығарамыз дегені бір жағынан дұрыс та. Бірақ, алдымен азғындыққа, жауыздыққа, қылмысқа итермелейтін киноларға тоқтау салу керек. Тарихи картина түсірудің бір маңыздылығы – біз тарихтан сабақ алып, енді қателік жасамауды, болашаққа сеніммен қарауды үйренеміз. Әркімге еліктей берудің қажеті қанша? Елбасының дамыған 30 елдің қатарына кіреміз деген идеясы бар емес пе?! Алла қаласа сонымен-ақ көтерілеміз, дамимыз, өркендейміз. – Бұл фильмді түнде монтаждауға жү­­рек дауаламады дейсіз. Сонымен, көрер­мендеріңізді «қорқыта» алдыңыз ба? – Алматыда өткен жабық көрсетілім кезінде көрерменнің көзқарасын, қабылдауын бақылап отырдым. Бастапқыда көпшілігі қорқыта алмайтын шығар деген күмәнмен отырған еді. Кино басталмай жатып-ақ, жаны тыныш таппаған әруақ баршаның зәресін ұшырды. Арасында жылағандар да болды. Не үшін көздеріне жас келгенін айтпай-ақ қояйын. Ол жағы құпия бола тұрсын. – Сіз кастинг өткізбей-ақ, актерлерді түсіре беретін режиссерсіз ғой. Басты рөлге «Келін» арқылы таныс болған Гүлшарат Жұбаеваны таңдапсыз. Ол жапондардың «Қоңырау» дейтін атақты қорқынышты фильміндегі қызға өте ұқсайтыны айтылып жатыр. – Әртістерді таңдағанда көбінесе кастинг өткізбейтінім рас. Сыртынан байқап жүремін. Еңбегіміз ақталып, ойымызды жеткізу үшін әйгілі режиссерлердің көптеген қорқы­нышты киноларын көріп шықтым. Бірақ, жапон фильміндегі қыздың сұлбасы қатты әсер етіп, соған ұқсайтын образды іздедім. Байқаған боларсыз, кейіпкердің жүзінде тартымдылық болғанымен, суықтық сезіледі. Басты рөлдегі Гүлшарат Жұбаева Алматыға алғаш келгенінде бәрі оны «Звонок» деп атапты. Ойымда жүрген актрисаны сол қызға ұқсатқанын естіп, одан сайын қуандым. Ал оқиға желісі бойынша біздің картинамыз «Қоңырауға» үш қайнаса сорпасы қосылмайды. – Осы сіз қазақ киносын аз сынаған жоқсыз, сізді сынағандар да жеткілікті болды. Ұлттық киноны дамытудың алғы­шарттары қандай? – Біріншіден, қандай кино түсіруіміз қажет деген бағыт-бағдарды, халыққа не қажет екенін анықтап алуымыз керек-ақ. Бұл бағдарлама жоғарыдан бекітіліп, соның негізінде сценарийлер жазылу қажет. Киноның жақсы шығуының ең бастысы сценарийге байланысты. Бұл – заңдылық. Алайда, сол сценарий белгіленген бағытынан ауытқымай, соның шеңберінде өрбуі керек. Үкімет сценарийге байқау жария­­­лаған­да оның 2-3 беттен аспайтын қысқаша түсінік­темесіне «синопсиске», жобасына жасау керек. Байқауға қатысқан адам бұған аса көп уақытын жұмсамай, көп шығындалмайды. Егер де сенің жобаң байқаудан жеңіп жатса, онда сценарий жазуға Үкімет қаржы бөлсе. Кейбір елдердегі сияқты жекеменшік киностудиялар ұлттың мүддесі үшін мемлекеттің ынтымағы, бірлігі үшін кинолар түсірсе, оларға Үкімет тарапынан қолдау көрсетілуі керек деп ойлаймын. Бұл үрдіс қоғамның барлық саласында бар ғой. Мысалы, ауыл шаруашылығында жекеменшік жеке кәсіпкерлерге қолдау көрсетіліп жатады. – Ең көп сыналатын сала кино болған, әлі де солай. Сіздің көңіліңізге қонған, өзіңіз мойындаған сын болды ма? – Мен қазақ киносындағыдай сынды бірде-­бір басқа саладан көрмеппін. Егер қоғамда басқа салаларда дәл осындай сын болса, біз алға қарай әлдеқашан қарыштап дамып кетер ме едік?! Сын түзелмей, мін түзелмейді деп жата­ды ғой, сол айтпақшы сыннан нәтиже шықсын десек, объективті болуымыз керек. Ал біз­де қалай? Жөн-жосықсыз жалпылама бір жақ­­ты қаралауға немесе мақтауға шебер­міз. Ки­ноны кәсіби талдауға, сынауға өресі жет­­­пейтін адамдардың сынағаны жаныма бата­ды. Бізде, өкінішке орай, кәсіби киносын­шылар жоқтың қасы. Айтпақшы, мықты кино­­сыншының бірі, «Еуразия» кинофестивалінің арт директоры – Гүлнар Әбікееваға былтырғы өткен фестивальда «Қай қазақ киносын ерекше атар едіңіз?» деп сұрақ қойылғанда біздің «М-Агентті» айтыпты. Бұл біздің киноға берілген жоғары баға деп білеміз. – Фильмнің бюджеттік қоры 250 мың долларды құрапты. Бастапқыда көптеген картиналарыңызды қарызға түсіргеніңізді айтып жүретін едіңіз... – Әлі де қарызға түсіріп жүрсіз бе деп сұрағыңыз келіп отыр ғой. Біраз ақша өз қалтамыздан шықты. «КТК» арнасы қолдау білдірді. Басында «қорқынышты фильм» дегенімізде көңіл аудара қоймап еді, мағынасын түсінгеннен соң демеушілік танытты. – Адастыратын діни ағымдардан сақтандыратын картина түсіруді көксеп жүргеніңізді айтып едіңіз. Соны қолға алып жатқан көрінесіз? – «Кеш келген махаббат» деген дінімізді насихаттайтын фильмнің түсірілімін аяқтап та қалдық. Діннің махаббатқа не қатысы бар деп ойлап отырған боларсыз. Бірақ, бұл фильм әлеуметтік тақырыпты қозғайды. Қоғамда үлкен дертке айналған нашақорлықтың зардаптары жайлы. Тәрбиелі отбасынан шыққан жас жігіттің жаман ортаға түсіп, бұның салдары жақындарын, әке-шешесін сорлатып, солардың көрген қиындықтары жайында. Кино желісі бойынша, жас қыздың кезінде өзіне қиянат жасаған нашақор жігітпен махаббаты баяндалады. Өмірі мешітке аяқ баспаған жігіттің ата-анасы қиналған сәтте ғана Алланы есіне алады. Бір жағынан жас қыз бен жігіттің махаббатын негізге ала отырып, ата-анасының да нағыз имандылыққа кеш келгені көрсетіледі. – Жаңа жобаға Қазақстан діни басқармасы болыса ма? – Қазақстан діни басқармасының төраға­сы Ержан Малғажыұлы қолдау көрсетуде. Сол кісі сценариймен танысып: «Тәрбиелік мәні зор екен. Діни бағыттағы алғашқы кино болғалы тұр. Дін мен дәстүрімізді сабақтастыруымыз қажет. Бірігіп шығарайық» деп ұсыныс айтқан болатын. Қаражатын өзіміз тауып береміз деген. Түсірілім уақыты таяп қалғанда ол кісі: «Біреуден қарыз алып болса да түсіре беріңдер. Біз міндетті түрде қаржыландырамыз», деген. Алла қаласа, бәрі сәтті аяқталады ғой деген үміттеміз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.