Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев баспасөз мәслихатын өткізді. Онда Еуразиялық экономикалық одақ туралы әңгімеленді.
Брифингке Экономикалық интеграция істері жөніндегі министр Ж.Айтжанова, Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков, Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі А.Рау, Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Т.Жақсылықов қатысып, күн тәртібіне шыққан мәселе бойынша қойылған сұрақтарға жауап берді.
Бүгін осы Еуразиялық экономикалық одақ туралы сөз болады. Бұл шара бүкіл әлем жұртшылығының назарында тұрғанын жақсы білесіздер. Мұндай одақ құру ұсынысы осыдан 20 жыл бұрын біздің Елбасы тарапынан, Мәскеуде жасалғаны белгілі. Ол жылдары аймақтағы елдердің ондай экономикалық одақ құруға қызығушылығы болмады. Себебі, тәуелсіздігін жаңа алған елдердің өз іштеріндегі мәселелері де жеткілікті еді. Енді өтпелі кезең артта қалып бара жатқан қазіргі уақытта, осы күнге дейін күн тәртібінен түспеген Еуразиялық экономикалық одақ құру мәселесі қайта көтеріліп, оның құрылуының алғашқы кезеңі аяқталуға таяу. Бұйыртса, осы айдың соңына дейін тиісті құжаттар толық әзірленіп болса, келер мамыр айының соңын ала Қазақстан, Ресей, Беларусь елдерінің мемлекет басшылары Одақты құру жөніндегі шартқа қол қояды.
Бүгін сіздердің алдарыңызға келіп отырғанымыздың себебі бар. Еліміздегі кейбір бұқаралық ақпарат құралдары, оның қатарында электронды ақпарат желілерінде осы мәселе жөнінде көптеген талқылаулар жүрiп жатыр. Оған қолдау жасап отырғандар да, қарсылық бiлдiрiп жатқан да өзiмiздiң азаматтар бар. ЕЭО туралы шарттың айналасындағы кейбір түсiнiспеушiлiктер ақпараттардың толыққанды болмауынан да туындауы ықтимал. Көңiлге күдік-күмән ұялататын осындай пікірлерге байланысты айтарым, Еуразиялық экономикалық одақ – тек қана экономикалық интеграция. Ең бастысы, бұл – ЕЭО ешқандай да саяси ұйым емес. Мұнда тек экономикалық әрiптестiк жасау көзделген, деді Б.Сағынтаев.
Бірінші вице-премьердің айтуына қарағанда, келiссөздер барысында қазақстандық топ одақтың саясилануына, ұлттық құзыретке, тәуелсiздiк мәселелерiне тиесiлi тақырыптардың талқылануына жол бермеу жөнiнде нақты ұстанымдарын белгiлеп алады екен. Онда кез келген экономикалық емес тақырыптарға шектеу қойылатынын айтты. «Сондықтан Қазақстан азаматтары Еуразиялық экономикалық одаққа қатысты мазасызданып, қобалжымауларына болады. ЕЭО Қазақстан тәуелсiздiгiне қауiп төндiрмейдi. Керiсiнше, елiмiздiң экономикасына үлкен экономикалық мүмкiндiктер туғызады», дедi Үкімет басшысының бірінші орынбасары.
Баспасөз мәслихатының екінші бөлімінде журналистер Үкімет мүшелеріне өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойды. Кеден одағына қосылуға ниет білдіріп отырған Армения мен Қырғызстан туралы да сұрақ болды. «Өткен жылы Қырғызстан мен Армения Бiртұтас экономикалық кеңiстiкке ену жөнiнде ұсыныс тастағаны белгілі. Бұл орында Қырғызстан мен Арменияны жеке қарастыру қажет. Себебi, Қырғызстан тек Кеден одағына енуге келiсiп отыр. Осы тақырыпты талқылау барысында Қырғызстан Кеден одағына ену жөнiндегi жол картасын қабылдаудан бас тартты. Себебi, олар қол қояр алдында Кеден одағының құзыретiне жатпайтын бiрқатар жаңа талаптар қойды. Мысалы, олар Кеден одағы «үштiгi» Қырғызстанда экспортқа бағытталған өндiрiс ашу, миллионнан астам адам жұмыс iстейтiн Дордой мен Қарасу сынды базарларына еркiн экономикалық аймақ мәртебесiн беру, сонымен қатар, еңбек миграциясының еркiн жүруi сынды талаптарды алға шығарды. Бұл Кеден одағының құзырында емес. Десем де, бүгін жаңа үміт туып тұр. Себебі, қазiргi уақытта Қырғызстанда жаңа үкiмет жасақталды. Мүмкiн болашақта жаңа үкiмет құрамымен бiз ортақ шешiмге келермiз деп ойлаймын. Қырғызстан бойынша жағдай осындай», деді Б.Сағынтаев.
Үкімет басшысының бірінші орынбасарының сөзіне қарағанда, Армения Қырғызстанға қарағанда нақты жұмыстармен айналысып, оның 90 пайызға жуығын аяқтап қалған. «Арменияның Қырғызстаннан айырмашылығы сол, ол Кеден одағына да, Бiртұтас экономикалық кеңiстiкке де енуге мүдделiлік танытып отыр. Армения тарапы одаққа кiру бойынша жол картасын 90 пайызға аяқтады. Армения үкiметiнiң мәлiм еткенiндей, Еуразиялық экономикалық одақты құру жөнiндегi шартқа қол қою мерзiмiне дейiн бұл жұмыс аяқталады. Бiрақ бастапқыда ЕЭО құруға тек үш ел қол қояды. Олар – Қазақстан, Ресей және Беларусь. Бұған енгiсi келетiн елдер тек қосылатын болады», деп жауап берді.
Тілшілер ұлттық валютамызға қатысты да сұрақ қойды. Қазақстан интеграциялық үдерістер аясында өзінің ұлттық валютасынан бас тартпайды екен. Бұл туралы, «Еуразиялық экономикалық одақ аясында бірыңғай ұлттық валюта туралы әңгімелер қайдан тарап отырғанын білмеймін. Атап айтқанда, біз бұл мәселені талқылаған емеспіз. Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге осыған дейін болды және алдағы уақытта да бола береді», деп нақты жауап берді Б. Сағынтаев.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».