Жаңа жинаққа суретші өмірінің әр кезеңінде салған портреттері, тақырыптық картиналары, абстракция, пейзаж, натюрморт суреттері топтастырылған.
Мазмұнды шарада белгілі ғалым, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков қылқалам шеберінің картиналарындағы бейнеленген оқиғалар мен заттардың тарихи маңызы зор екендігіне тоқталды.
«Қазақтың бәйгесін, көкпарын, ұлттық аспаптарын бояудың түсімен тамаша бейнелеген. «Балалықтан даналыққа жол» атты цикл Әл-Фараби өмір сүрген ғасырды шынайы суреттейді. Жанұзақ Мүсәпірдің жұмыстары осымен де құнды. Біз тарихымызды ұмытпай, ұлттық құндылықтарға заманауи сипат беріп, алға жылжимыз» деді қоғам қайраткері.
Сондай-ақ таныстырылым барысында академик Кәрімбек Құрманәлиев, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, «Рухани жаңғыру» КММ басшысы Абылайхан Қалназаров, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Батырхан Жұмабаев сөз алып, суретшінің шығармашылығы туралы ізгі лебіздерін білдірді.
Бүгінде талант иесінің көптеген еңбегі Қытай, Польша, Германия, Ресей секілді 30-дан аса елдің музей қоры мен жеке коллекционерлер мұрағатында сақталған. Әсіресе оның портрет жанрындағы қолтаңбасын ерекше айтуға болады. Автор өз есімімен арнайы кітап шығару көптен ойында жүргендігін сөз ете келіп:
«Қарияның сөзі киіз кітаптағыдай» деп бабаларымыз айтқандай, суретшілік өнер экзистенциясын жан-жақты ашатын еңбекте шығармашылық тағдырымның бұралаңдарын да жеке коллекция мен отбасылық фотосуреттермен бекітіп отырдым. Мені сыншылар «Алаш өркениетінен сериялы дүние жасау мен бейнелеудің сакральды білімін танытушы» деп атайды. Сол буырқанған бояуларды жұртшылық кітаптан өз көзімен көріп, қолына ұстаса деймін», деді ол.
Айта кетейік, Жанұзақ Мүсәпірдің шығармашылығы сан қырлы. Телевизияда режиссер болып, бірқатар деректі фильм түсірді. Мүсін өнерімен де айналысты. Бұған дейін де суретшінің «Қара шаңырағым», «Алтын ұя мектебім», «Өмір өткелдері» атты кітаптары жарық көрген.