Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудан табыс табу белгілері бар банк операцияларын анықтау мақсатында оның өлшемшарттарын белгілеп, «Электронды үкімет» порталында көпшіліктің талқылауына ұсынған еді. Бұл талқылау биылғы ақпан айынан бері жүргізілді. Өлшемшарттар екі айдың ішінде пісіп-жетіліп, әбден електен өтті деуге болады. Бүгінде осыған қатысты Қаржы министрінің бұйрығы шықты. Бірақ бұл барлық жеке тұлғаның шоты бақылауға алынды деген сөз емес. Мәселе – басқада. Бірақ халықтың күмәнданатын да жөні бар.
Әңгімені әріден бастасақ, дүние жүзін дүрліктірген коронавирус кезінде халықтың цифрлы сауаттылығы күрт артқаны белгілі. Тіпті Үкімет қабылдаған цифрландыру бағдарламасының өзі мұндай табысқа жеткізе алмаған еді. Халық ешқайда шыға алмай, үйінде жіпсіз байланғаннан кейін онлайн қызметтерге деген сұраныс күрт артты. Ел де жағдайға қарай бейімделіп, үйде отырып-ақ бірталай құжатты ресімдеуге көшті.
Ешқандай банк картасын ұстап көрмеген, банкте жеке шоты болмаған тұрғындардың өзі осы кезеңде жаппай банк картасы жүйесіне қол жеткізді. Сондай-ақ бұрын қолма-қол сауда жасағанды тәуір көрген жұртшылық интернет арқылы төлем жасау тиімді екеніне көз жеткізді.
Осылайша, мобильді төлем жүйесі де бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен дамыды. Ал қолма-қол ақшасыз төлемдер көлеңкелі экономиканың қысқаруына да ықпал ететіні сөзсіз. Осы ұрымтал сәтті қалт жібермеген Үкімет кәсіпкерлердің мобильді қосымшаларын да бақылауға алып, тұтынушылардан түсетін ақша аударымдарын фискалдандыру мәселесін шеше қойды. Былтыр жылдың басынен бері қозғалған бұл мәселені халық басында күмәнмен қабылдап, жеке тұлғалардың мобильді аударымдарына да салық салынады деп түсінді. Бірақ тиісті ведомство өкілдері мобильдік банк қосымшалары арқылы ақша аударған қарапайым қазақстандықтарға салық салынбайды, өзгеріс тек кәсіпкерлерге ғана қатысты екенін мәлімдеді.
Арадағы бір жылдай уақыт ішінде енді жеке тұлғалардың мобильді аударымдарына қатысты сөз қозғала бастады. Кәсіпкерлердің шотына мониторинг жүргізілгеннен кейін қарапайым халықтың күмәндануы да орынды.
Мемлекеттік кірістер комитетінің жақында таратқан хабарламасында кәсіпкерлік қызметке арналмаған шоттарды пайдаланып, табыс алу белгілерін анықтайтын өлшемшарттар белгіленгені айтылды. Қарапайым тілмен түсіндірсек, кейбір кәсіпкерлер табысын жасырып, жеке тұлға ретінде шот ашып, мобильді аударымдар қабылдауы мүмкін. Бұған басты себеп – жеке тұлғалардың мобильді аударымдарына салық салынбайтыны және бақылауға алынбайтыны. Сондықтан салық органдары бір адамның күн сайын бірнеше адамнан аударымдарды ұзақ уақыт бойы қабылдауын кәсіпкерлік қызметтің белгісі ретінде қарастырмақ. Оны анықтау мынадай өлшемшартпен жүргізіледі: егер бір жеке тұлғаның шотына қатарынан күнтізбелік 3 айдың ішінде 100 және одан да көп әртүрлі адамнан ақша аударылса, онда бұл «кәсіпкерлік қызметтен табыс табу белгісі бар» болып саналады. Демек, сіздің мобильді қосымшаңызға күніне кемі екі әртүрлі адам ақша аударса және бұл үш ай қатарынан жалғасса, онда сіз жасырын түрде кәсіпкерлікпен айналысып жүрген адам болып шығасыз. Онда мемлекетке салық төлеуге тура келеді. Тіпті айыппұл қарастырылуы да мүмкін.
Бірақ бұл өлшемшартқа бола алаңдауға негіз жоқ. Өйткені салық органдары өздері бұл қызметті бақылауына алмайды. Оларға мәліметті екінші деңгейлі банктер береді және деректерді банктер салық органдарына дәл қазір ұстатқалы тұрған жоқ. Салық кодексі шеңберінде қолда бар санаттарды толықтыра отырып, 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырмақшы: I кезең бойынша (2022 жылғы 1 қаңтардан 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін) алдымен мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар мен олардың жұбайларының ақша аударымдары бақыланып, ондағы мәліметтер салық органдарына жіберіледі. II кезеңде (2023 жылғы 1 қаңтардан 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін) бюджет саласының қызметкерлері мен олардың жұбайлары, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жұмыскерлері мен олардың жұбайлары бойынша мәліметтер беріледі; III кезең (2024 жылғы 1 қаңтардан 2025 жылғы
1 қаңтарға дейін) заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары) және олардың жұбайлары, дара кәсіпкерлер және олардың жұбайлары туралы мағлұматтар алынады.
Ал төртінші кезеңде (01.01.2025 ж. бастап) халықтың қалған санаттары бойынша деректер анықталады. «Бұл бұйрықтың жеке тұлғалардың, адал салық төлеушілердің жеке аударымдарына қатысы жоқ және кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын құжат Қазақстан Республикасы заңнамасындағы нормаларды сақтауға және салық төлеуден жалтарудың алдын алуға бағытталған», делінген Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарламасында.