Егемен Қазақстан • 19 Сәуір, 2022

Ауылдағы оқырмандарға тарту

322 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамы «Қазпошта» акционерлік қоғамымен бірлесіп, 2022 жылға толық жазылушылар арасында ұтыс ойнатқан болатын.

Ауылдағы оқырмандарға тарту

Газетіміздің әлеуметтік желі­лер­дегі парақшасында өткен лотерея ке­зінде батысқазақстандық 5 оқыр­ма­нымыз да түрлі жүлдеге ие болды. Айта кетерлігі, бұл сайысқа газетімізге толық жазылған оқырмандарымыз автоматты түрде, «Қазпошта» берген тізім бойынша қатысқан еді.

Байқаудың ең бағалы жүлдесі – ұялы телефон Алғабас ауылында тұратын Қошетер Әжимов есімді оқыр­манымызға жол тартты. Алғабас – былтыр «Egemen Qazaqstan» газетіне ең көп – мың данадан аса жазылған Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданындағы елді мекен.

Тағы бір бағалы сыйлық  –  «Egemen Qazaqstan» және «Казахстанская правда» газеттерінің атауы жазылған қа­бырға сағатын өңірге белгілі азамат, Батыс Қазақстан облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альберт Есалиев ұтып алды.

Альберт Темірболатұлы былтыр мерзімді басылымдарға жазылу мау­сымы кезінде Қазталов ауданының әкімі болатын. Мамандығы тарихшы, еңбек жолын ауыл мұғалімі қызметінен бастаған ол мемлекеттік газет-жур­нал­­дардың байырғы оқырманы екенін айтады. Соның ішінде «Egemen Qazaqstan» газетін тұрақты жаздырып оқып келе жатқанына 20 жылдан асқан. «Мемлекеттің ұстанымы, Үкі­меттің әлеуметтік-экономикалық даму бағыты көрініс табатын ел газетін әрбір мемлекеттік қызметші жаздырып алуға тиіс», дейді ол. Айта кетейік, осындай оң көзқарастың нәтижесінде былтыр Қазталов ауданында 800-ден астам адам газетке жазылған болатын.

«Қазпошта» АҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалының жетекшісі Динара Хасанғалиева оқырмандарына бағалы сыйлық таратып, халықты мерзімді басылымға жазылуға ынталандырып отырған «Egemen Qazaq­stan» акционерлік қоғамына шынайы алғыс айтты.

«Әсіресе сыйлықтың басым бөлі­гі­не қарапайым ауыл тұрғындары ие бол­­ғанына қатты қуандық», дейді Динара Рысқалиқызы.

Газет-журналға жазылу науқа­нын ұйымшылдықпен өткізген пошта қызметкерлеріне де «Егемен Қазақстан» сериясымен шыққан кі­тап­тар сыйға берілді. Соның ішінде Тайпақ ауылдық пошта бөлімшесінен 30 және одан да көп дана «Егемен Қазақстан» газетіне жаздыруды ұйым­дас­тырғаны үшін К.Мұзафарға «Жүз жылдық жылнама» бестомдығы, 25 адам­ды газетке жаздырғаны үшін Орал қа­лалық пошта қызметкері Тол­қын Керімова Әбіш Кекілбайдың «Дә­уір дауысы» жинағы, 15 адамға жазылуды ұйымдастырған Ақжайық ауданы Шабдаржап ауылдық пошта бөлімі қызметкері Р.Саламатова «Жиырма бес жыл: жеңістер мен жемістер» атты кітапқа ие болды.

«Қазпошта» АҚ Батыс Қазақстан облыс­тық филиалы арқылы батыс­қа­зақстандық оқырмандар биылғы алғашқы жартыжылдықта 61 319 түрлі газет-журнал жаздырып алады екен. Дәл қазір екінші жартыжылдыққа да жазылу науқаны басталды. Сүйікті оқырмандарымызды болашақта да бізбен бірге болуға шақырамыз.

 

Батыс Қазақстан облысы