Былтырғы ел біріншілігінің жеңімпазы «Сарыарқа» плей-офф кезеңінің жартылай финалында елорданың «Номадымен» кездесіп, қарағандылық хоккейшілер соңғы, шешуші матчта қарсыластырын ірі есеппен жеңіп, жарыстың финалына шықты. Жалпы есеп – 4:2. Ал жартылай финалдың екінші жұбында өнер көрсеткен Көкшетаудың «Арланы» жетінші кездесуде Атыраудың «Бейбарысын» 2:1 есебімен қапы қалдырып, жалпы серияда 4:3 нәтижесімен финалдық сайысқа жолдама алды.
Екі финалист арасындағы алғашқы кездесу Қарағандыдағы алты мыңға жуық жанкүйер сыятын «Қарағанды-Арена» мұзайдынында өтіп, қарағандылық команда күтпеген жерден «Арланнан» жеңіліп қалды. Қарағандылық хоккейшілер матчтың бірінші кезеңінде көкшетаулықтардың қақпасына толассыз шабуыл ұйымдастырғанымен, Илья Румянцев қорғаған қақпадан саңылау таба алмады. Дегенмен екінші кезеңнің 36-минутында мұзайдын иелерінен Михаил Рахманов мергендік танытып, мақтаулы Румянцевтен айласын асырды. Үшінші 20 минуттықта ойынға өзгеріс жасаған қонақтар айналдырған төрт минуттың ішінде екі шайба соғып, таразы басын өздеріне аударды. 44-минутта Роман Бердников ойындағы есепті теңестірсе, 48-минутта Роман Граборенко командасының екінші шайбасын соғып, маңызды жеңіс сыйлады – 2:1.
Араға бір күн салып екі команда Қарағандыда екінші ойынын өткізді. Бұл кездесуде де көкшетаулық команда жеңіске бір табан жақын тұрған еді. Алайда овертаймда мықтылық танытқан «Сарыарқа» ойыншылары жеңісті жұлып алды – 4:3. Осылайша, алғашқы екі ойыннан кейін сериядағы есеп теңесті.
Бірінші кезеңде мұзайдын иелерінен Кирилл Беляев дубльдің авторы атанса, қонақ команда сапынан Александр Меньщиков пен Виталий Жиляков гол соқты. Ал үшінші кезеңде Владимир Боровков «Арланды» алға шығарғанымен, матч аяқталар тұста Михаил Рахманов таразы басын теңестіріп кетті. Сөйтіп, ойын овертаймға ұласты. Қосымша уақытта Александр Борисевич мергендігімен көзге түсіп, «Сарыарқаға» жеңіс сыйлады. Серияның келесі матчтары Петропавлда өтеді.
2021/22 жылғы турнир регламентіне сәйкес, ½ финалдың қорытындысы бойынша жеңіліске ұшыраған және тұрақты чемпионаттың нәтижесі бойынша жоғары орын алған «Бейбарыс» биылғы Pro Ligasy-ның қола жүлдегері атанды.