Футбол • 19 Сәуір, 2022

Англия мен Испания клубтары кездеседі

145 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өткен аптада футболдан клубтар арасындағы ең ірі екі турнир – Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының ширек финал ойындары аяқталып, жартылай финалға жолдама алған ең үздік төрт команда белгілі болды. Чемпиондар лигасының ½ финалына Англия мен Испаниядан екі-екі клубтан шықса, екінші деңгейлі Еуропа лигасының жартылай финалында Германияның – екі, Англия мен Шотландияның бір-бір командасы ойнайтын болды.

Англия мен Испания клубтары кездеседі

Чемпиондар лигасының жартылай финал бәсекеле­рінің алғашқы жауап кезде­суінде бірінші ойында осы турнирдің қазіргі чемпиондары – Англияның «Челсиін» қонақта 3:1 есебімен жеңген «Реал» Мадридтегі қарымта кездесудің негізгі уақытында қарсыластарына дәл осындай есеппен жол берді. Лондон клубынан Маунт, Рюдигер және Вернер гол соқса, алаң иелері сапынан Родриго 80-минутта есеп айырмасын қысқартып, командасының құтқарушысына айналды. Екі матчтың есебі 4:4 бол­ғандықтан, жеңімпаз ко­манданың есімі екі экстра-таймда анықталды. Қо­­сымша уақытта «Реал» ша­буыл­­шысы Кәрім Бензема екі ойындағы төртінші (Лон­донда бір өзі үш доп соқ­қан) голын салып, команда­сын жартылай финалға шы­ғарды.

Ал өз алаңында «Бава­рия­дан» (Германия) басым түскен Испанияның «Вильяр­­реалы» (1:0) турнир­дегі сенсациясын Мюн­хен­де де жалғастырды. Қа­рым­та матчтың негізі уақы­ты аяқ­талуына екі минут қалғанға дейін 1:0 есебімен жеңіліп жат­қан «Вильярреал» футболшылары 88-минутта таразы басын теңестіріп, өз тарихында екінші мәрте Чемпиондар лигасының жартылай финалына жолдама алды. «Мюнхен машинасы» атанған «Бавария» осылайша ширек финалда «аварияға» ұшырап, турнирден шығып қалды.

Англиядағы ширек фи­нал­дың алғашқы ойынын­да «Атлетиконы» 1:0 есебі­мен жеңген «Ман­чес­­тер Сити» сырт алаңда Мад­рид клубымен тең ой­нап (0:0), жарыстың кейінгі кезе­ңіне жолдама алды. Со­нымен қатар сырт алаңда Пор­ту­га­лияның «Бен­фи­ка­сын» 3:1 есебімен сенім­ді түрде жеңген Англияның «Ли­вер­пуль» клубы өз ала­ңында 3:3 нәтижесімен тең ойнап, жартылай финалға шықты.

½ финалда жанкүйерлер Испания және Англия клуб­тарының теке-тіресін тама­шалайтын болды. Алғаш­қы жұпта «Манчестер Сити» мен «Реал» клубтары ойнаса, екінші жұп­та «Ливерпуль» мен «Вильяр­реал» финал жолдамасын сарапқа салады. Кездесулер 26-27 сәуір мен 3-4 мамыр күндеріне жоспарланған.

Тұңғыш рет Еуропа лигасына қатысып жатқан «Барселона» «Айнтрахттан» же­ңіліп, жанкүйерлерінің ал­дында ұятты болды. Ал­ғаш­қы ойында екі команда тең ойнаса (1:1), Ис­па­ниядағы қарымта кездесуде германиялықтар 3:2 есе­бімен басым түсті. «Айн­трахт» жартылай финалда «Лион­ды» екі ойында (4:1) жеңген «Вест Хэм» клубымен кездеседі. Ал жартылай финалдың екінші жұ­бында «Аталантаны» ұтқан «Лейпциг» (1:3) пен «Бра­гадан» басым түскен «Глазго Рейнджерс» финал жолдамасын сарапқа салатын болды. Бұл ойындар 29 сәуір мен 6 мамыр күндері өтеді.