09 Сәуір, 2014

Қазақ тілі – қалауым

351 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Седова-1Мектепте оқып жүрген оқу­шыға албырттық, жастық тән ғой. Соңғы қоңырау со­ғы­лар ме­зет жақындаған сайын неше ­түрлі арман-қиялға бе­ріліп, қай ма­мандықты таңдарымызды біл­мей қи­на­лысқа түсетінбіз. Менің алдымда екі таңдау тұрды: бірі – қазақ тілі мен әдебиеті пән­­­­дерінің мұғалімі, екіншісі – адам­дардың тыныштығын кү­зететін полиция қызметкері атану. Қазақ құрбыларыммен жиі ара­лас­қандықтан, тұр­ғылықты халық­тың тілін, салт-дәстүрлерін бі­лу­ге құмартып өстім. Гаврилов ауы­лындағы аралас мектепте оқып жүргенде қазақ сыныптары ашы­ла бастады. Оған ауысқым келгенімен, анам жүрексінді. «Игере алмасаң ше...» деп сес­кен­­ген болу керек. Бірақ М. Қозы­­баев атындағы СҚМУ Тіл инс­ти­тутының қазақ тілі мен әде­биеті бөліміне түсу жөніндегі игі тіле­гімді жан-тәнімен қостап, сту­дент атанғанда жүрегі жарылар­дай қуанды. Өйткені, менің өз жо­­лымды тауып, айқын мақсат адас­тыр­майтындығына нық сенген еді. Студенттік жылдар мем­ле­кеттік тілді терең меңгеру кезеңіне жалғасты. Топтағы 30 студенттің 10-ы өзге энтос өкілдері болғанымен, сабақта да, қоғамдық жұмыста да ауызбірлік танытып, татулық пен достықтың ұясын қалыптастырдық. Ұстаздарыма деген алғысымыз шексіз. Біл­ме­ге­німізді ыждағаттылықпен, сабырмен үйретіп, үнемі демеп отырды. Міне, ұстаз атты қастерлі ма­ман­дықтың қыр-сырын меңгеріп, тылсым терең тұңғиығына бой­ла­ғаныма да төрт жылға жуық­тады. Содан бері Возвышен ор­та мектебінде жоғары сынып оқу­шыларының қарым-қабілетін ұштап, қазақ тілін меңгеруіне өз үлесімді қосып келемін. Бір кездері университет ұстаздарынан алған тәлім-тәрбиені тәжірибе ретінде қолданып, әр сабақты ұғымды, түсінікті түрде өткізуге тырысамын. Сол себепті сөз­дік­пен көп жұмыс істеуге дағды­ландырып, түрлі деңгейдегі мәтіндерді аудартуға баса назар аударамын. Өздік диктанттарын жиі жазғызамын. Бір сөзбен айтқанда, тіл үйренудің барлық мүмкіндіктерін қа­растырамын. Мектеп оқу­шыларының қазақ тілін мең­геруге деген ынта-талабы күшті. Өз ойларын еркін жет­кізіп, нақты тапсырмалар бойын­ша ой-пікірлерімен алмасады. Тілді біліп қою жеткіліксіз. Салт-дәстүрлер мен мәдени құн­ды­лықтарды меңгерген адам­ның танып-білсем деген ын­та­сы­ның арта беретінін күнделікті өмір көрсетіп отыр. Мен өзімнің білік­тілігімді үздіксіз шыңдау мақ­сатымен педагогикалық ба­сылымдарды, интернет ма­­те­риал­дарын жүйелі пайдалана­мын. Республикалық «Егемен Қа­зақ­сан», облыстық «Солтүстік Қа­зақ­стан» газеттерін оқу – әдетім. Қазақ тілі мен әдебиеті пән­дерінің мұғалімі мамандығын таңдау арқылы қазақ халқы жайлы ой-өрісім кеңейіп, достарым да көбейді. Бүгінде қоғамымызда мемлекеттік тілді білудің маңыз­дылығы мен қажеттілігін, барша қазақстандықтарды біріктірудің маңызды фактор ретіндегі рөлін түсінушілік барған сайын артып келеді. Мен сияқты қазақ ұлтынан емес жастардың қазақ тілін жақсы білетінін жиі кездестіретініме қуанамын. Оларға барлық жерде қолдау көрсетіліп жүр. Ирина СЕДОВА, Возвышен орта мектебі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі. Солтүстік Қазақстан облысы, Ғ. Мүсірепов ауданы.