«Ұлттық экономика министрлігі «Атамекен» палатасымен бірге Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту тұжырымдамасын сапалы іске асыруды қамтамасыз етсін. Кәсіпкерлік қызметті «таза парақтан» реттеудің жаңа тәсілдерін іске асыру үшін салалық мемлекеттік органдар мен өңірлердің әкімдіктері бір апта мерзімде бірінші басшылардың жауапты орынбасарларын белгілесін», деді Ә. Смайылов.
Бұл бағыттағы жұмыс Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа жүктелді.
«Мемлекет басшысы бизнес субъектілерін мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүйесінде «адами факторға» жол бермей, оны толық автоматтандыруды биылғы жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды. Аталған жүйені тексеру нәтижесінде 93 бақылау саласының 24-і ғана, 18 қадағалау саласының 2-і ғана автоматтандырылғаны анықталды. Бұл бағыттағы жұмысты күшейту керек. Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге 2 апта мерзімде тәуекелдерді басқару жүйесінің негізінде бизнес субъектілерін мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүйесін автоматтандыру жөніндегі Жол картасын әзірлеп, келісілген жобаны Премьер-Министр кеңсесіне енгізсін. Цифрлық даму министрлігі автоматтандыру жұмыстарын бақылауға алсын», деді Үкімет басшысы.