09 Сәуір, 2014

Шарайна

316 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Ресейліктер Путинді қолдауға дайын Егер таяу арада Ресейде президенттік сайлау өтер болса, онда Владимир Путин сенімді жеңіске жеткен болар еді. Бұл туралы «Левада-Центр» өткізген сауалдама нәтижелері мәлім етеді. Парламенттік сайлауда да билеуші партия үлкен басымдықпен жеңіске жетеді екен. Әлеуметтанушылардың деректеріне сүйенсек, Путинге ресейліктердің 77 пайызы өз дауыстарын беретіндері айқындалған. Ресей коммунистерінің серкесі Геннадий Зюгановты сұрау салынғандардың 9 пайызы қолдауға дайын екен. Ал Ресей либерал-демократтарының көсемі Владимир Жириновский 5 пайыз дауысты қанағат тұтуға мәжбүр болатын көрінеді. Сұралғандардың 18 пайызы кімге дауыс беретіндерін нақты білмесе, 10 пайызы сайлаудан бас тартатындарын мәлімдеген.   Квебекке тәуелсіздіктің ауылы алыс шар1Канаданың Квебегінде 7 сәуірде провинцияның заң шығарушы жиналысына сайлау болып өтті. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, сайлауда либералдар жеңіске жететін секілді. Сөйтіп, сайлаушылар сепара­тистік бағдарламаларын жүзеге асыр­мақ болған биліктегі Квебек партиясын қолдамай тастады. Бұл партияның билікті жоғалтуы француз тілді провинцияның Канада құрамынан шығу бойынша референдум өткізу мәселесін күн тәртібінен алып тастайды. Дауыс санаудағы соңғы деректерге сүйенсек, либералдар 125 сайлау округінің 70-інде көш бастап келеді екен. Ал Квебек партиясы бар-жоғы 31 округте алда тұрған көрінеді. Қалған округтерде шағындау партиялардың өкілдері жеңіске жететіні де белгілі болып отыр.   Италиялық дипломат бала саудалаған ба? Филиппиннің полициясы Италияның Түрікменстан­дағы төтенше және өкілетті елшісі Даниэле Бозиоға қатысты кәмелетке толмағандарды қорғау туралы заңды бұзды деген айыпты ілгерілетті. Бұл туралы кеше «Рейтер» агенттігі хабарлады.  Тергеудің деректері бойынша  Филиппинде демалысын өткізіп жатқан 46 жастағы Бозионың бала саудасына қатысы бар көрінеді. Италиялық дипломат бұрнағы күні Лагуна провинциясында қамауға алынса керек. Бұл туралы енді «Ассошейтед Пресс» агенттігі ақпарат таратты. Бозио 9 бен 12 жас аралығындағы 3 қаңғыбас баланың ортасынан табылыпты. Алайда, елшінің қай жерде ұсталғаны туралы нақты мәлімет жоқ. Кейбір мәліметтер бойынша ол жалдамалы пәтерде немесе қонақүйдегі нөмірде, тіпті болмаса балалар ойнайтын алаңда болған секілді.  Іс-әрекеті күдікті көрінген Бозионың ұсталуына құқық қорғаушылар ықпал етіпті.   Сноуден Риденаур сыйлығын алды Америка арнайы қызметінің бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуденге «Шындығы үшін» номинациясын­­­­­дағы Риденаур сыйлығы берілді. Бұл жөнінде марапат­тың ресми сайтында айтылады. Америка арна­йы қызметінің сорақы іс-әрекетін жалғанға жария еткен Сноуден бүгінде АҚШ билігінен жасырынып жүр. Ал оған АҚШ тарапы шпиондық жасады деген айып таққан болатын. Қазіргі кезде ол Ресейде тұрып жатыр. Сноуденге 2013 жылдың тамызында Ресей аумағында 1 жылға уақытша тұруға рұқсат берілген болатын. Ал марапаттың құрылтайшысы Американың «Ұлттар институты» мен «Фертель қоры» болып табылады. Марапат журналист Рон Риденаурдың құрметіне солай деп аталады. Ол АҚШ әскерилерінің Вьетнамда бейбіт тұрғындарды өлтіруін зерттеу нәтижесі арқылы танымал болған еді.   Қарабақ «майданында» шығын бар шар2Бұрнағы күні әзербайжандық және қарабақтық әскерилер түйісетін шепте мина жарылған. Оқиға салдарынан 3 әзербайжандық әскери қызметкер қаза тапқан. Жарылысқа жақын жерде жүрген басқа әскерилер түрлі дене жарақаттарын алған. Зардап шеккендер туралы мәлімет әртүрлі. Кейбір дерек көздері 6 солдат жараланған десе, екіншілері 8 солдат дегенді көлденең тартады. Зардап шеккендер Физули ауданындағы әскери госпитальға жеткізіліпті. Аса ауар жарақаттанған бір әскери қызметкер Бакуге тік­ұшақпен апарылған. Оқиға орнына Әзербайжанның қорғаныс минис­трі Закир Гасанов та келіп кеткен көрінеді.Ал Таулы Қарабақтың 20 жылдан астам уақыттан бері жанжал аймағы болып отырғаны мәлім. 1990-жылдардың басында өңірдің армяндар көп тұратын бөлігі Әзер­байжаннан тәуелсіздігін жариялаған болатын. Ал түйісу шебінде оқтын-оқтын осындай оқиғалар орын алып тұратыны түсінікті болса керек.   Кейде Тайсонға да көмек керек Бокстан аса ауыр салмақтағы бұрынғы абсолютті әлем чемпионы Майк Тайсонға өзі қолтаңба берген шараны тастап шығу үшін 12 күзетшінің көмегі қажет болған. Боксшының фанаттарымен кездесуі АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы сауда орталығында ұйымдастырылса керек. Шараға Эвандер Холифилд, Рэй Леонард, Роберто Дюран және Томас Хернс секілді бұрынғы чемпиондар да қатысыпты. Кездесуге шамамен 700 адам жиналыпты. Тайсонмен суретке түскісі келетіндер 149 доллар төлеуге тиіс болыпты. Бұдан бөлек, жанкүйерлерге құны 2000 доллар тұратын VIP-пакет те сатылған.Оны сатып алғандарға жоғарыда аталған 5 боксшымен бір мезгілде уақыт өткізуге мүмкіндік беріліпті. Енді Тайсонға келсек, ол кәсіби рингте 58 кездесу өткізсе, соның 50-інде жеңіске жеткен (44-ін нокаутпен), 6 рет жеңілсе, 2 кездесуін тең аяқтаған. Қысқа қайырып айтқанда: БҰҰ-ның есірткі және қылмыстылық бойынша басқармасы­­­­ның екі қызметкері Сомалидің Галькайо қаласындағы әуежайда атып өлті­рілген. Олар Францияның және Ұлыбританияның аза­мат­­тары екен. БҰҰ өкілдері ұшақтан түсіп келе жатқан кезде оққа ұшқан. БҰҰ-ның Сомалидегі арнайы өкілі Николас Кей Бас ұйым­­­ның өкілдерін өлтір­гендерге аяушылық жоқ екенін мәлімдеді. Ресейдің Волгоград пен Пятигорск қалаларында жасалған лаңкестік әрекеттер ашылды. Бұл туралы Федералды қауіпсіздік қызметінің директоры Александр Бортников мәлім етті. Пятигорскідегі лаңкестік өткен жылдың 27 желтоқсанында жасалып, үш адам опат болса, Волгоградтағы 29, 30 желтоқсандағы қосарланған лаңкестіктерден 34 адам қаза тапқан болатын. АҚШ-тың Калифорния штатындағы студенттік кеш тәртіпсіз­діктермен және полициямен қақтығыспен аяқталған. 100 шақты адам тұтқындалса, 44-і зардап шеккен. Кешке барлығы 15 мыңнан астам адам қатысыпты. Көңіл көтеру барысында жастардың бірі бөтелке толы сөмкемен полиция қызметкерін ұрған. Осыдан кейін басқа да шараға қатысушы жастар тәртіп сақшыларына қарсы тас лақтырған. Полицияның бірнеше көлігі зақымданған. Интернет материалдары негізінде әзірленді.