09 Сәуір, 2014

Білімнің түпкі нәтижесі педагогтардың біліктілігін жүйелі арттыруға тікелей байланысты

1696 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын көрсетіп берді. Басты мақсат – Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру тұжырымдамасында алдағы жұмыстың ұзақ мерзімді ба­сым­дықтары белгіленген. Білім беру саласында да бірқатар мәсе­лелерді шешуде ауқымды жұ­мыстар күтіп тұр. «Біздің бола­шаққа барар жолымыз қазақ­стандықтардың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты. ХХI ғасырдағы ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар болу керек», – деді Жолдауда Н.Ә.Назарбаев. Еліміздегі білім беруді дамы­тудың 2011-2020 жылдарға ар­налған мемлекеттік бағдар­ла­ма­сында Қазақстанның болашақ мектебінің мазмұны мен білім беру тәсілдерін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Еліміздің білім кеңістігінде болып жатқан реформаларды іске асыруда мұғалімнің еңбегі ерекше. Ендеше, қоғам алдына осы қасиетті мамандықты таңдаған ұстаздар қауымының мәртебесін көтеру, жаңа заман талабына сай білім арттыру және біліктіліктерін көтеру міндеті де қойылған. Қазіргі кезде педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттырудың және кәсіби дағдыларын дамы­ту­дың түбегейлі жаңа жүйесі құрыл­ды. Ол Кембридж универ­си­те­тінің білім беру факуль­теті са­рапшыларының қатысуы­мен, педагогикалық шеберлік ор­та­лығы әзірлеген сала кадрла­рының біліктілігін арттырудың үш дең­гейлі бағдарламалары арқылы іске асуда. «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ педагогикалық шеберлік орталығының Ақтау қаласындағы филиалында 2013 жылы сәуір айынан бастап Маңғыстау облысы мұғалімдерін үш деңгейлі курстардан өткізуді бастады. Жыл ішінде 149 мұға­лім жаңа бағдарлама бойынша курстан өтті. 2014 жылы 144 мұ­ғалімнің білімін арттыру жос­парланып, қазір курстарда оқытылуда. Сонымен қатар, өткен жылы облысымыздан білім беру ұйымдарының басшыларының біліктілігін арттыруға арналған курстан 8 мектеп директоры өтсе, осы жылы 32 мектептің басшылары курсқа барады. Жаңа білім парадигмасы бірінші орынға баланың білімін, білігі мен дағдысын, тұлғасын, білім алу арқылы дамуын қойып отыр. Сондықтан да, қазіргі білім саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгермейінше сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес. Жаңа техноло­гияны меңгеру мұғалімнің интел­лектуалдық, кәсіптік, адам­гер­шілік, рухани-адамзаттық және басқа да көптеген адам қабілетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін өзі дамытып, оқу-тәрбие үрдісін тиімді ұйым­дастыруына көмектеседі, оқушының шығармашылық қабілеттерін арттыруға өз үлесін қосады. Жеті модуль аясында Кембридж бағдарламасы негізінде өткізіліп жатқан педагог мамандардың біліктілігін арттыру курстарынан күтілетін нәтижелер оқушылардың қалай оқу керектігін үйретеді. Соның нәтижесінде еркін, өзін­дік дәлел-уәждерін нанымды жеткізе білетін, ынталы, сенім­ді, сыни пікір-көзқарастары жүйе­лі дамыған қазақ, орыс, ағыл­шын тілдерін өз деңгейінде меңгеру­мен қатар, сандық технологияларда құзырлылық танытатын оқушы ретінде қалыптасуын қамтиды. Бағдарламаның бас­ты мақсаты, қазақстандық мұғалімдерге педагогикалық тәжірибесін жетілдіру мен бағалауға көмектесу. Сондықтан білім беру мен оқытудың қазіргі заманғы әдістері мұғалімнің күнделікті тәжірибесі және кәсіби мән-мәтінмен өзара байланыста қарастырылады. Осы бағдарламаның негізгі қағи­даты тәжірибелік қызметті нақты ғылыми зерттеулердің дәлел­денген нәтижелерімен кіріктіру болып табылады. Педагог қызмет­керлердің біліктілігін арттыру­дың негізі – бұл үрдісті үздіксіз сипатқа айналдыру. Жаңа сипатты курста педагогтың алған білімдерін іс үстінде пайдаланып, оны кейін талдау және түзету бағытындағы жұмыстың болуы оған сапалық өзгерістерін енгізіп отыр. Тыңдаушылардың білім білігін жасақтауда бірнеше кезеңдер белгіленген. Бірінші, алдымен теориялық ақпаратты тренер немесе топтық жұмыс арқылы, не болмаса нұсқаулықтан алған тәсілдерді жүзеге асыра білуі. Бұл – білу деңгейі делі­неді. Екінші – алған теориялық білімді одан әрі тәжірибемен ұштастырып, ой елегінен өткізіп, оны түрлеріне қарай ажыратып отыру. Бұл – түсінік деңгейі деп аталады. Үшінші – педагогтардың проблема төңірегінде ой қозғап, педагогикалық тәжірибемен байланыстыра түсінік беру, төртінші – педагогикалық үрдіс­тегі бір тәсілді екінші бір ұқсас тәсілмен байланыстырып, бір жерге жинақтау, бұл талдау деңге­йіне көтерілгенді білдіреді. Бесінші – атқарылған әрекетке өзіндік баға беру бұл педагогтың шығармашылықпен жұмыс жүргізе алғанының дәлелі. Жаңа форматтағы біліктілік арттыру курстары педагогтардың талапқа сай білімді іздеп табу мен одан әрі қолдануды жеңілдету мақсатында құрастырылған тұжырымдамалық оқуға, оны дамытуға арналған. Мұғалімнің барлық оқушыға тиімді білім беруін қамтамасыз ету үшін өз сыныбында қалай жұмыс істеу керектігін көрсететін кешенді әдістемелік құралдарды игеру арқылы жүргізіледі. Сонымен қатар, проблемалық тақырып аясында педагогтардың талапкерлермен сұхбаттасуы, пәнді талдауы және өз тәжірибесі туралы әріптестермен пікір алмасуы арқылы белгілі бір тұжы­рымдар жасай білу икемділігін жетілдіретін тиімді оқыту үрдісіне қолын жеткізеді. Мұғалім дайындау – елдің алдыңғы қатарда дамуын қамта­­масыз ететін іргетас. Себебі, мұ­­ғалім зияткерлік капитал­ды қа­­лып­тастыратынын ұмыт­пауы­мыз керек. Қатрия БОРАНБАЕВА, Педагогикалық шеберлік орталығының Ақтау қаласындағы филиалының директоры. Маңғыстау облысы.