Денсаулық сақтау саласы жиі сынға ұшырап жатады. Десе де, соңғы жылдары медициналық қызмет сапасын көтеру мақсатында бұл салада көптеген жұмыстар атқарылу үстінде. Соның бірі – медицина ұйымдарын аккредиттеуден өткізу. Бұл мәселені талқылау мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі «Республикалық денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы» ШЖҚ РМК бас директорының орынбасары Дәулетхан ЕСІМОВТІ сөзге тарттық.
Дәулетхан Серғазыұлы, соңғы кездері медициналық ұйымдарды аккредиттеу деген ұғымды жиі кездестіреміз. Жалпы, аккредиттеу дегеніміз не? Не үшін қажет?
– Аккредиттеу сөзі латын тілінен енген. Сенім білдіремін деген мағынаны білдіреді. Ол – медицина ғылымы мен технологияның қазіргі заманғы дамуы негізінде бегіленген стандарттарға сәйкестігін бағалау үшін қолданылатын үрдіс. Аккредиттеу – еріктілік, тәуелсіздік, әділдік, жариялылық және айқындық қағидаттарына негізделген, әрі бәсекеге қабілетті денсаулық сақтауды қалыптастыру, медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін жүргізіледі.
– Елімізде мекемелерді аккредиттеуден өткізу жұмысы қашан басталды?
– 2007 жылы Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі ең алғашқы ұлттық стандарттарды бекітті. Ол стандарттар талай өзгеріске ұшырады. 2009 жылдан бастап бізде аккредиттеу рәсімі басталды. Жыл санап аккредиттеуден өтуге ниеттенген мекемелердің саны ұлғайып жатыр.
– Демек, аккредиттеуден өтуге кез келген медициналық ұйым өтініш білдіре алады ғой?
– Әрине, аккредиттеу ерікті түрде өтеді. Бізге мекемелер сыртқы кешенді бағалап, өткізуді сұрап алдымен өтініш береді. Бағалаудан өту медициналық мекемелердің өздері үшін пайдалы. Себебі, тәжірибемізден байқағанымыздай, көбінесе халық сыртқы кешенді бағалаудан өткен медициналық ұйымға сенім артады.
– Аккредиттеуден өткізу үшін қаражат қажет пе?
– Жоқ, бізде Дүниежүзілік қайта құру және даму банкінің «Денсаулық сақтау саласына технологияларды беру» жөніндегі жобасы шеңберінде аккредиттеу тегін өткізіледі. Дамыған елдерде медициналық мекемелер сыртқы кешенді бағалауға қатысу үшін мол қаржы жұмсайды. Бұл жағынан алғанда аккредиттеудің тегін өткізілуі – отандық медициналық ұйымдар үшін едәуір көмек болып табылады.
– Жалпы, бағалау барысында басты назар неге аударылады?
– Аккредиттеуден өтуге ниеттенген медициналық ұйымдар жан-жақты бағалаудан өткізіледі. Себебі, ол кезде жалпы басқару, дәрілік қауіпсіздік, өрт қауіпсіздігі, науқастың қауіпсіздігі, қаржыны басқару, еңбек шараларының жүргізілу барысы, ішкі аудит, ресурстарды басқару, еңбек гигиенасы және т.б. параметрлерге жіті назар аударылады. Бұл медициналық қызмет сапасын арттыруға, техникаларды заман талабына сәйкестендіруге, медицина саласын жетілдіруге септігін тигізеді.
– Аккредиттеу медицинаналық ұйымдарға не береді?
– Жаңа айтып өткенімдей, бағалау барысында көптеген параметрлерге назар аударылады. Сондықтан біз ол мекемелердің әлсіз тұстарын айқындап, оң нәтиже беретін жолдарын көрсетеміз. Бұл медициналық көмек сапасының жақсаруына септігін тигізеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Гауһар ЕРМЕКБАЕВА.