Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Самат Айтқалиевтың мәліметінше, «Россия» әуе компаниясы 23 сәуірде «Superjet 100» ұшағымен әуе рейсін бастайды.
«Ресейлік әуе компаниясының «Атырау–Мәскеу–Атырау» бағытындағы ұшағы аптасына 3 рет – дүйсенбі, сәрсенбі, сенбі күндері қатынайды. Атыраудан сағат 17:40-та ұшады. Мәскеуден ұшқан ұшақ Атырауға сағат 16:30-да қонады. Ұшу ұзақтығы – 2 сағат 20 минут. Ал «Air Astana» әуе компаниясы 26 сәуірде «Атырау–Ыстанбұл–Атырау» бағытында жаңа рейс ашады. Бұл әуе рейсі сейсенбі, жұма күндері орындалады. Атыраудан Ыстанбұл бағытына қатынайтын ұшақ сағат 08:10-да әуеге көтеріледі. Ыстанбұлдан Атырау қаласына сағат 17:05-те келіп қонады. Әуе рейсінің ұшу ұзақтығы – 4 сағат 10 минут. Билет құны Мәскеу бағытына 93 мың, Ыстанбұлға дейін 114 мың 300 теңгеден басталады», деп мәлім етті С. Айтқалиев.
Оның айтуына қарағанда, 26 сәуірде Атыраудан Ресейдің Астрахань қаласына қатынайтын әуе рейсінің алғашқы ұшағы ұшады. «Qazaq Air» әуе компаниясының «BC Bombardier Dash 8-400» ұшағы сейсенбі, сенбі күндері Атыраудан сағат 10:40-та әуеге көтеріледі. Атырауға сейсенбіде сағат 13:00-де, сенбі күні сағат 12:40-та келіп қонады. Екі аралыққа ұшу уақыты 50 минутты құрайды. Бір бағыттағы билет құны 35 мың 800 теңгеден басталады.
Аяна Тоғанбек