Төрткүл дүниедегі ахуал тәулік сайын тербелмелі болып тұрғанда, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ең өзекті мәселенің біріне айналып отырғаны белгілі. Осы тақырыпты қаузаған кезде жалаң жетістік жайлы желпінтіп айтпай, әлі де кәдеге асырылмай жатқан ішкі мүмкіндіктерді де тілге тиек етуді мақсат тұттық.
Елорданы сапалы, қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету бағытында 130 кәсіпорын үздіксіз жұмыс істейді. Оның 68-і ет және ет өнімдері мен сүт және сүт өнімдерін, алтауы құс еті мен жұмыртқаны, қалған 54-і ұн, картоп, көкөніс, өсімдік майы тәрізді өнімдерді жеткізеді. Ауыл шаруашылығы құрылымдары жеткізген өнім 5 базарда, 29 сауда үйінде, 10 сауда орталығында сатылады. Өткен жылы елорда тұтынушыларына 115 мың тонна сүт және сүт өнімдері, 29,3 мың тонна ет және ет өнімдері, 259,7 млн дана жұмыртқа, 104,5 мың тонна картоп, 30,7 мың тонна көкөніс сатылған.
Биыл жыл басынан бері 11,3 мың тонна сүт және сүт өнімдері, 5,4 мың тонна ет және ет өнімдері, 36,8 млн дана жұмыртқа, 8,7 мың тонна картоп, 2,5 мың тонна көкөніс саудаланған. Осы арада соңғы жылдары көктем сайын көкөніс пен картоптың бағасы күрт өсіп кету көрінісі пайда болып жүр. Сараптап қарасаңыз, өңірде өндірілетін картоп көлемі жеткілікті. Жетіспейтіні – көкөніс сақтайтын қоймалар. Қазір қолда бары Целиноград ауданының төңірегінде. Оның барлығы елорда халқын қамтамасыз ету үшін жұмыс істейді. Ал облыстың өз ішінде көктемгі көкөзек шақта көкөніс сақтайтын қоймалар болмағандықтан, азықтың бұл түрі қымбаттайды. Облыс орталығы мен аудандар бұл мезгілде сырттан жеткізілетін картопты пайдаланады.
Егер ұлттық тағам институтының есебіне сәйкес бір адам бір жылда 100 кило картоп тұтынса, облыстағы 738 мың халыққа қанша өнім керек екенін есептеу қиын емес. Жалпы халықтың 430 мыңы – ауыл тұрғындары. Олар өздерін-өздері қамтамасыз етуге тиіс. Қала тұрғындары – шамамен 308 мың. Демек 30 мың тонна картоп жетіп жатыр. Ал өндіретін көлем 52 мыңға таяу. Міне, осы есеп бойынша күрмеуі қиын мәселе жоғарыда айтқанымыздай, қойманың жоқтығында болып тұр.
Тағы бір айта кететін жайт, бұл несібеге ауыл тұрғындары да ортақтасады. Кез келген ауылда картоп егетін алақандай жер, көң көл-көсір болса да, қажеттісін облыс орталығындағы базардан сатып алатындар көп. Міне, ел өз қамын өзі күйттейтін шаруақорлықтың берекесі кеткенінің белгісі. Оны айтасыз, ауылда отырып бір сиыр ұстамайтын отбасылар да көбейді.
Сүт өнімдерін молайту үшін ауылдағы малсақ қауымның маңдай терімен өсіріп отырған түлігінің сүтін сатып алуды бір жолға қою қажет. Сонда ғана мал ұстау тиімді болады. Қара мал бағып, төлін етке өткізуден өңірде жарытымды пайда табу қиын. Мал азығы жыл сайын қымбаттап барады. Табандатқан сегіз ай бойы қораға қамап бағылатын қара малдың шығыны шаш етектен. Сүт жинаудың әсте қиындығы жоқ. Білікті мамандар ол үшін бір-біріне жақын қоныстанған бірнеше ауылды біріктіріп, бір жерден тоңазытқышы бар сүт қабылдау нүктесін ашса, жеткілікті. Тасымалдау шығынын азайту үшін кешкі сауын мен таңғы сауынды қосса да болады. Малсақ қауымның қолындағы мал тұқымын асылдандыру әлі де өзекті күйде. Сүт молшылығы тікелей тұқымды асылдандыруға байланысты. Әйтпесе, сиыр деп баққанымен, ешкінің сүтіндей ғана сүт беретін, тұқымы азған Ойсылқара бағып көсегеміздің көгермейтіні белгілі.
Ет және ет өнімдерін молайту да тура осылай тығырыққа тіреліп тұр. Ғылыми есеп бойынша, қара малдың төлі 18 айдың ішінде төрт центнерге жетуге тиіс. Одан көп бақсаңыз, мал азығы шығын. Жеке шаруаның қолы сапалы, жұғымды мал азығына жете бермейді. Бары шөп пен астық қалдығы ғана. Ал бордақылау алаңдарының мүмкіндігі зор. Демек шаруаның қолындағы төлді сатып алып, осы алаңдар арқылы бордақыласа, екі жаққа да тиімді болмақ. Етті мол өндіру үшін де жоғарыда айтқанымыздай, мал тұқымын асылдандыруға айрықша көңіл бөлуіміз керек. Әйтпесе, сан көңіл қуантқанымен, сапа айтарлықтай жақсармай тұр.
Міне, осындай тығырықтан шығарар ұзақмерзімді инвестициялық жобалар болмақ. Ауқымды жобалар 2021-2025 жылдары жүзеге асырылады деп межеленген. Былтыр жалпы құны 18,3 млрд теңгені құрайтын 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде бір жылда 6 мың тонна құс етін өндіруге мүмкіндігі қаптал жететін «Ақ дала Агро» ЖШС-ның құс фабрикасын айтуға болады. Биыл жалпы құны 15,9 млрд теңгені құрайтын 16 жоба жүзеге асырылмақ. Целиноград ауданындағы «Родина» агрофирмасы тауарлы сүт фермасының қажеттігіне орай 1,3 мың гектар суармалы жерде мал азығы дақылдарын өсірмек. Бұл жоба жүзеге асырылды. Есіл ауданында «Органико» ЖШС 1 мың тонна көкөніс сақтай алатын қойма салып алды. Бұл жобаны игеру үшін 300 млн теңге қаражат жұмсалды. Бір жақсысы, шалғайдағы Есіл ауданының және іргелес қоныстанған өзге ауданның тұрғындары көкөністі жыл бойы пайдалана алады. Осындай жағымды жаңалық Зеренді ауданында да жүзеге асырылды. «Зеренді сақтау өнімдері» жалпы құны 400 млн теңге болатын жобаны жүзеге асырды. Бұл қоймада 5 мың тонна көкөніс сақтауға болады. Міне, осындай ілкімді істер жүзеге асырылып жатса, жыл бойы шеттен тасымалданатын көкөніске иек артып отырған өңір тұрғындары тапшылықтың тақсыретін тартпайды әрі жергілікті өнім сырттан келетін тауарға бәсекелестік тудырып, бағаның да қолжетімді болуы әбден ықтимал.
Сүт өнімдерін молайту үшін мал шаруашылығын асылдандыру және сүтті өңдеу мәселесіне көбірек көңіл аудару керек екенін екпін түсіріп айтқан болатынбыз. Атбасар ауданында «Шуйское ХХІ» ЖШС-ында 600 басқа арналған сүт фермасы салынды. Осындай жақсы жұмысты Егіндікөл ауданындағы «Аскоп» серіктестігі де қолға алған. Жобаны жүзеге асыру үшін 200 млн теңге қаражат жұмсалды. Қажетті жер телімі бөлінді. Құрылыс жұмыстары жер дегдіген соң жүзеге асырылмақ. Жақсы ауданындағы «Виктор» шаруа қожалығы 100 бас сиырға шақталған, жалпы 160 млн теңгені құрайтын тауарлы сүт фермасын қолға алуда. Сүтті бағыттағы түлік сатылып алынды. Сүт сауу аппаратураларын сатып алу үшін келісімшарт жасалған.
Міне, осылайша сүт және ет өндіру тарапында біршама талпыныс бар. Ал тағы бір айта қаларлықтай жаңалық Целиноград ауданындағы Aqua factoria серіктестігі. Бұл жерде балық фермасы бар. Бағалы тұқымды балық өсіріледі. Жылына 15 тонна бекіре мен 35 тонна форель өндірілмек.
Алдағы уақытта облыстағы ауыл шаруашылығы құрылымдарының бар мүмкіндігін толайым пайдалану, сол арқылы өнім көлемін көбейту міндеті өте өткір тұр. Бұл біріншіден мал сүмесімен күн көріп отырған ауылдағы ағайынның әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға септігін тигізеді. Екіншіден, қымбатшылық қос бүйірден қаусыра қысып тұрған кезде өзіміз өндірген қолжетімді өнімді тұтыну арқылы аузымыз аққа тиеді.
Ақмола облысы