Үкімет • 19 Сәуір, 2022

Шағын және орта кәсіпкерлік қалай дамиды?

3447 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері және ел экономи­касының салаларын білікті кадрлармен қамтамасыз ету шаралары қаралды.

Шағын және орта кәсіпкерлік қалай дамиды?

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Бірінші тақырып бойынша Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының міндетін атқарушы Нариман Әбілшайықов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов және Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айбек Сәтті­баев баяндама жасады.

ШОБ саны 1,4 млн субъектіге жетті

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықовтың ай­туын­ша, 2015 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі кезеңде Қазақстандағы шағын және орта кәсіпкерліктің даму серпіні оң нәтижелерді көрсетіп отыр. ІЖӨ-дегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 7,9%-ға артып, 34,7%-ға жетті. ШОБ өнімдерін шығару 2 есеге жуық артып, номиналды мәнде 29,7 трлн теңгеге жетті. Жұмыс істеп тұрған ШОБ-тың жалпы саны 15,2%-ға артып, 1,4 млн субъек­тіге жетті. ШОБ-та жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 10,6%-ға артып, 3,5 миллион адам болды. Сонымен қатар ол кәсіпкерлік қызметті одан әрі дамытуға қолайсыз реттегіш жүйе мен шектен тыс әкімшілік жүктеме кедергі келтіретінін атап өтті.

Бұл проблеманы Мемлекет басшысы 2021 жылдың аяғында қол қойған жаңа реттеу саясатын енгізу мәселелері жөніндегі заң аясында екі кезеңде шешу жоспарланып отыр. Мәселен, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында төрт басым салада: сауда қызметі, көлік, ауыл шаруашылығы, қоғамдық тамақтандыру және қонақ үй қызметтері секілді салаларда реттеушілік талаптар қайта қаралады. Аталған салаларда ШОБ субъектілерін қамту шамамен 60%-ды құрайды. 2022 жылдың екінші жартыжылдығында және 2023 жылы денсаулық сақтау, құрылыс, өнеркәсіп және т.б. (ШОБ қамту – 40%) секіл­ді қалған салаларда бизнеске қо­йы­ла­тын талаптарды (40 мыңнан астам) қайта қарау жоспарланып отыр. Жаңа тәсіл­дерді іске асыру бизнеске түсе­тін жүкт­емені түбегейлі азайтуға және жаңа эко­номика жағдайында іскерлік белсен­­ділікті дамытуға серпін беруге жол ашады.

Қолдаудың тағы бір құралы – Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы. Оның аясында нарықтың жекелеген қаты­су­шыларына әділетсіз артықшы­лық­тар беретін заңнамалық және реттеу­ші актілердің күшін жою; ШОБ үшін реттеушілік кедергілерді қысқар­ту; шектеулі бюджет ресурстарын пай­даланудың тиімділігін арттыру үшін жеке тұлғалар алдында ұжымдық пайданың басымдығын қамтамасыз ету; жаңа бастаған және жұмыс істеп тұрған бизнес үшін сапалы өнеркәсіптік, инновациялық және креативті инфрақұрылымның артық ұсынысын жасауды ынталандыру; бизнестің есептілігін автоматтандыру және рұқсат беру құжаттарының санын қысқарту көзделіп отыр.

Қаңтар оқиғасының салдарынан алдын ала деректер бойынша 1 630 ШОБ субъектісі зардап шекті, оларға шамамен 38,6 млрд теңге сомасына залал келтірілді. 1 491 ШОБ субъектісі жалпы сомасы 8,3 млрд теңгеге төлем алды.

Ұлттық экономика бірінші вице-министрінің айтуынша, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру проблемаларының бірі – қолайсыз реттегіш жүйе және шек­тен тыс әкімшілік жүктеме. Атал­ған проблеманы шешу үшін 2021 жыл­ғы 30 желтоқсанда Мемлекет басшы­сы Қазақстан Республикасында кәсіп­кер­лік қызмет саласында жаңа Рет­теу­шілік саясатты енгізу мәселелері жөнін­дегі заңға қол қойды. Заң бизнес үшін кедергілер жасауға жол бермеуге бағытталған. Бизнеске арналған талаптарды қайта қарау бойынша жұмыс екі кезеңде жүргізіледі. 1-кезең – 2022 жыл­дың бірінші жартыжылдығында сауда қыз­меті, көлік, ауыл шаруашылығы, қоғам­дық тамақтандыру және тұру қыз­меттері салалары сияқты төрт басым салада реттеушілік талаптарды қай­та қарауды қамтамасыз ету жоспарла­нып отыр. Аталған салаларда ШОБ субъек­­тілерін қамту шамамен 60%-ды құрай­ды. 2-кезең – 2022 жылдың екін­ші жар­ты­жыл­дығында және 2023 жылы денсау­лық сақтау, құрылыс, өнер­кәсіп және бас­қа да салалардағы биз­неске қо­йы­ла­тын талаптарды қайта қарау қам­та­ма­сыз еті­леді. Осылайша, кәсіп­кер­лік сала­сын­дағы міндетті талаптар тізілімі қа­лып­тас­ты­рылып, ол бизнес ортаға теріс әсер ететін талаптарға қатысты «Реттеуші гильо­тина» әдісін қолдануға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік бақылауды автоматтандыру арқылы тексерулер мен жаза­дан құқық бұзушылықтардың алдын алуға көшу жүзеге асырылады. Бұл ба­қы­­лау және қадағалау органдарын Бизнес­­тің проблемалық субъектілеріне шоғыр­лан­дыруға және оларды ретке келтіруге мүмкіндік береді. «Кәсіпкерлік қызметті реттеудегі жаңа тәсілдерді іске асыру бизнеске жүктемені түбегейлі азайтуға және жаңа экономикалық шындық жағдайында іскерлік белсенділікті дамытуға серпін бере­ді», деп атап өтті Т.Жақсылықов. Жал­пы «таза парақтан» реттеуді енгізу бо­йын­ша жұмыс жоспар-кесте аясында одан әрі жалғасып, тұрақты бақылауда болады.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Нариман Әбілшайықов Мемлекет бас­шысының Ұлттық кәсіпкерлер палата­сының 8-ші съезінде ШОБ-тың 2030 жылға дейінгі жаңа даму стратегиясын айқындау міндетін қойғанын атап өтті. «Осы тапсырманы орындау үшін «Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырым­дамасының жобасы» әзірленді. Құжатты қабылдаудың мақсаты – бизнестің экономикалық белсенділігін ынталандыру және дамыту және бәсекеге қабілетті ШОБ субъек­тілерін құру. Бұл үшін құжатта өсу әлеуеті бар ШОБ-қа басым қолдау көр­­сетуге бағытталған ШОБ-ты дамыту тәсіл­дері қалыптастырылған», деді ол. Әзір­ленген тәсілдерді іске асыру мы­на­дай қағидаттарды сақтау арқылы жү­зе­ге асырылады: кәсіпкерлік баста­малар­­ды қолдау және ынталандыру; фис­кал­­дық парасаттылықты көтермелеу арқы­лы көлеңкеден шығуға ықпал ету; ШОБ бә­се­к­е­ге қабілеттілігінің өсуіне жәрдемдесу.

ШОБ-ты дамыту тәсілдері пирамида қағидаты бойынша құрылады және Қазақстан Республикасында ШОБ-ты дамыту проблемаларын шешуге бағыт­тал­ған мынадай міндеттерді орындау арқылы іске асырылады: 1) кәсіп­кер­лік белсенділікті қамтамасыз ететін инсти­ту­ционалдық орта құру;  2) бизнес-ахуал мен бизнес-ортаға әсер ететін кәсіп­керлік қызметті реттеуді дамыту;  3) мемле­кеттік қолдау шаралары құрылы­мының тиімділігін қамтамасыз ету.

Қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін тұжырымдамада мыналар жоспарланған: нарықтың жекелеген қатысушыларына әділетсіз артықшылықтар жасайтын барлық заңнамалық және реттеушілік актілердің күшін жою; ШОБ үшін реттеушілік кедергілерді қысқарту; шектеулі бюджет ресурстарын пайдаланудың тиім­ді­лігін арттыру мақсатында жеке ресурс­­тар алдында ұжымдық пайдаға ар­тық­­шылық беру; жаңа бастаған және жұ­мыс істеп тұрған бизнес үшін сапалы өнер­кәсіптік, инновациялық және креа­тивті инфрақұрылымның артық ұсыны­сын жасауды ынталандыру; бизнес есеп­тілігін автоматтандыру және цифрландыру; рұқсат беру құжаттарын қысқарту.

Бизнестің, бірінші кезекте шағын және орта бизнестің проблемалық мәселелерін шешу үшін Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың жетекшілігімен тұрақты алаң жұмыс істейді. Отырыс аптасына 2 рет өткізіледі.

ҰКП съезінің қорытындысы бойынша осы жылдың ақпанында бизнестен 254 сұрақ келіп түсті. Қазір аталған алаң деңгейінде 96 мәселе талқыланып, оның 20-сы шешілген, қалған мәселелер салалық министрліктермен және басқа да уәкілетті органдармен пысықта­лып жатыр. Мәселелер 18 түрлі саланы қамтиды. Оның басым бөлігі мемлекеттік сатып алу, АӨК, сауда, денсаулық сақ­тау, қаржы және т.б. салаларға қатысты. Одан бөлек, қазіргі экономикалық жағ­дайға байланысты бизнестің жедел мә­се­­лелері Дағдарысқа қарсы шаралар жөнін­дегі жедел штабқа шығарылады. «Биз­неспен жұмыс тиімділігін арттыру үшін «Атамекен» ҰКП ШОБ-қа назар аудара отырып, өз қызметін трансформа­ция­лауды бастады. Кәсіпкерлер палата­сының соңғы съезінде микро және шағын, орта бизнесті қолдауға, қорғауға және дамытуға назар аудара отырып, «Ұлт­­тық кә­сіпкерлер палатасы туралы» заң­ға өз­герістер пакетін дайындау туралы шешім қабылданды», деді Н.Әбілшайықов.

Талқылау қорытындысы бойынша Үкімет Шағын және орта кәсіпкерлік тұжы­рымдамасында ұсынылған тәсіл­дерді қолдады. Премьер-Министр Үкімет «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасау үшін тұрақты негізде сындарлы жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Мәселен, Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бекітіліп, Кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеу саясатын енгізу мәселелері туралы заң қабылданды. Өз кезегінде Үкімет «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы мен «Бизнестің жол картасы» аясында қолдау шараларын жалғастырады. «Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін 2030 жылға дейінгі шағын және орта кәсіпкерлікті да­мыту тұжырымдамасы әзірленді. Бұл құжатқа сәйкес, шағын және орта биз­нестің дамуына жаңа серпін беру үшін қажетті институционалдық жағдайлар мен алғышарттар қабылданатын болады. Тұжырымдаманы іске асыру 2030 жылға қарай осы салада жұмыс істейтіндердің санын 5 миллион адамға дейін ұлғайтуды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ 2030 жылға қарай жалпы ішкі өнімдегі ШОБ үлесін 40%-ға, жалпы ішкі өнімдегі орташа компаниялардың үлесін 20%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Аза­мат­тарға кәсіпкерлік қабілеттерін іске асыру­ға тиісті жағдай жасап, ашық әрі адал бизнес жүргізгенде ғана аталған мақ­саттарға қол жеткізу мүмкін болады», деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысы Ұлттық экономика министрлігіне «Атамекен» ҰКП-мен бірге Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту тұжырымдамасын сапалы іске асыруды қамтамасыз етуді, кәсіпкерлік қызметті «таза парақтан» реттеудің жаңа тәсілдерін іске асыру үшін салалық мемлекеттік органдар мен өңірлердің әкім­діктеріне бірінші басшылардың жауап­ты орынбасарларын белгілеуді, Ұлт­тық экономика министрлігіне мүд­делі мемлекеттік органдармен бірге Тәуе­кел­дерді басқару жүйесінің негізінде бизнесті мемлекеттік бақылау жүйесін автоматтандыру жөніндегі жол картасын әзірлеуді тапсырды.

а

Жоғары білім беру жүйесін қайта қарау қажет

Үкімет отырысында ел экономи­касы­ның салаларын білікті кадрлармен қам­тамасыз ету шаралары қаралды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағам­бетов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Пав­лодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ректоры Мейрам Бегентаев және Хромтау тау-кен техникалық колледжінің директоры Бағдашжан Молдашева баяндама жасады.

БҒМ басшысының айтуынша, кадр­ларды сапалы даярлау мемлекеттік ор­гандардың, оқу орындары мен жұмыс берушілердің бірлескен жұмысына тікелей байланысты. Қазіргі уақытта елі­мізде 1 миллионнан астам адам оқудан өтеді, олардың 300 мыңы жыл сайын еңбек нарығына шығады. Кадрларды даярлау деңгейін арттыру үшін БҒМ білім беру гранттарының санын ұлғайтуды, оқуға түсу үшін іріктеу жүйесін жетілдіруді, топ-менеджментті жаңартуды және ЖОО-лардың академиялық еркін­дігін кеңей­туді, жаңа білім беру бағдар­лама­ларын әзірлеуді, қосарлы білім беруді дамытуды, Қазақстанда шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуды, кол­ледждер жанынан құзыреттер орта­лық­­тарын құруды, сондай-ақ мем­лекеттік ба­қы­лауды күшейтуді көздейтін алты не­гізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Бұл орайда, А.Аймағамбетовтің айтуынша, бірқатар проблемалық мәселе бар: сертификаттау жүйесі жеткілікті дамымаған; жұмыс берушілердің кадрлар даярлауға қызығушылығы төмен; жаңа білім беру жобаларын қаржы­лан­дыруды арттыру және ЖОО мен колледж­дердің материалдық-техникалық база­сын жаңар­ту талап етіледі; кадрларға қажет­тілік­ті болжау әдістемесін жетілдіру қажет.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ең­бек нарығының 2030 жылға дейінгі не­гізг­і сын-тегеуріндері – жұмыс күшіне ене­тін жастардың айтарлықтай өсуі, экономикадағы жұмыс орындарының жеткіліксіз генерациясы, сондай-ақ бір­қатар кәсіптің жойылуына алып келетін тех­нологиялар мен инновациялардың жедел таралуы екенін айтты. Осының барлығы Ұлттық біліктілік жүйесі (ҰБЖ) негіз болатын кадрларды даярлау жүйесін одан әрі жаңғырту қажет екенін білдіреді. Бұл орайда ҰБЖ-ны жаңа экономикалық жағдайларға бейімдеу талап етіледі. Осы жұмыс шеңберінде нақты мамандардың тапшылығын болжау тетіктерін жетілдіру, Кәсіптік стан­дарттар банкін құру және әрбір мем­лекет­тік органға барлық салалық маман­дық­тарды кәсіптік стандарттармен қамту бойынша жауапкершілік бекіту жоспар­ланып отыр. Тағы бір басты міндет – кәсіптік стандарттар негізінде білім беру бағдарламаларын әзірлеу. Бұл бағыт­ты ынталандыру үшін кәсіптік стан­дарт­тарға сәйкес өзектендірілген бағ­дар­ламалар негізінде оқытатын ұйым­дар­ға мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу ұсынылады. Сонымен қатар қазіргі уақытта қызметкерлердің кәсіби білік­тіліктерін тану тәртібін заңнамалық бекіту бойынша жұмыс жүргізілуде, бұл ҰБЖ-ның дамуына ықпал етуі керек. Осы бағыт шеңберінде формалды емес және инфор­малды білім беруді тану тетіктері, жұмыс­сыздардың біліктілігін танудың ваучер­лік-модульдік жүйесі және жұмыс беру­шінің қызметін декларациялау кезін­де қызметкерлердің біліктілігін тануды есепке алу жүйесі пысықталып жатыр.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов кәсіби кадр даярлау ісі Қазақстан үшін ең өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті. «Жаңа кәсіпорындар салып, инвес­ти­циялық жобаларды іске асыру үшін экономикаға жоғары білікті мамандар қажет. Индустрияның дамуы адами капиталдың сапасына байланысты. Елімізде ұлттық жобаларды, Халықтың табысын арттыру бағдарламасын іске асыру аясында 2 млн-нан астам жаңа жұмыс орнын құру көзделіп отыр. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кадр даярлау жүйесін қайта бағдарлауға айрықша назар аударды», деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы отандық универси­тет­тердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және шетелдік ЖОО-да білім алғаннан кейін жастардың елден кетуін қысқарту үшін жоғары білім беру жүйесін қайта қарау қажет екенін атап өтті. «Кадрларды даярлау мақсатында экономикаға қажетті мамандықтардың өңірлік карталарын жасап, кәсіпорындардың колледж­дерді қамқорлыққа алу тәжіри­бесін дамыту жоспарланып отыр. Мектептерде оқушыларды ерте бастан кәсіпке бейімдеу жұмыстарын жүргізу қажет. Колледждер мен жоғары оқу орындары жастар мен жұмыс берушілер және инвесторлар үшін «тартылыс орталығына» айналып, дәстүрлі оқу бағдарламаларын ғана емес, қысқа мерзімді бағдарламаларды да ұсынулары керек. Осы міндеттердің барлығы Білім беруді дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасында ескерілуі тиіс», деді Ә.Смайылов.

Премьер-Министр Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министрлігіне, «Атамекен» ҰКП-ға және өңірлер әкімдік­теріне бірқатар тиісті тапсырмалар берді.