Пікір • 20 Сәуір, 2022

Жаңа Қазақстан құрудың жарқын дәлелі

455 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиясыздандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа дер кезінде қол қойғаны баршамызды қуантып отыр. Бұл құжат халықтың көкейіндегі көп түйіннің тарқауына сеп болады әрі тиімділігімен елдің көңілінен шығады деп санаймын. Өйткені халық әр шенеуніктің алдында табанын тоздырып жүруден титықтады. Азаматтар қандай да бір мәселенің қысқа мерзімде шешімін тапқанын қалайды. Президент бұл жағдайдан толыққанды хабардар екенін дәлелдеді.

Жаңа Қазақстан құрудың жарқын дәлелі

Ел Президенті біршама уақыт бұрын жаңа Қазақстанды құруға ниетті екенін мәлімдегені баршамызға мәлім. Ал жаңа сипаттағы мемлекет қай кезде де елдің көкейкесті мәселелерін назардан тыс қалдырмауы қа­жет. Халықтың сұранысын қана­ғаттандыру – біз айтып отыр­ған Жаңа Қазақстанның бас­ты міндеті. Сондықтан да осы Жар­лық­тағы негізгі басымдықтар Жаңа Қазақстанды құрудың алғаш­қы қадамдарының нақты дәлелі деуге әбден болады.

Жарлық мемлекеттік аппарат жұ­мы­сының тиімділігін арттыратыны даусыз. Бірінші кезекте Қазақстан аза­мат­­тарының шағымдары мен ұсы­ныс­тары дер кезінде қаралып, уақтылы шешімін табатын болады. Елге де керегі осы. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, бұрын бұл процесс өте көп уақытты алғаны баршаға бел­гі­лі. Құжат атаулы бір қолдан өтіп, екін­ші бір қолға жетіп, содан кейін тағы басқа адамдардың қарауына түсіп жататын. Мұндай жағдай әрине, ха­лық­қа тиімсіз еді. Өйт­кені азаматтар алтынға бергісіз уақытын әр жерге бір жүгірумен жоғалтып жататын. Енді процесс жеделдетіліп, әр көшбасшы мәселелерді жоға­ры­ға жолдап, қарап отыра бермей, белгілі бір деңгейде өзі шеше алады. Жарлық сонысымен де жұртшылыққа ыңғайлы болып тұр.

Әрине, зайырлы мем­ле­кет­тің бір қағидаты кез келген процесті жедел шешумен байланысты болса керек. Сол тұрғыдан алып қарайтын бол­сақ, Жарлық өз деңгейінде орын­дал­ған кезде біз өзіміздің  зайырлы, құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды толыққанды сезіне түспекпіз. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, бұл заң ең бастысы, Қазақстан халқының көңілінен шығатындығына сенімім кәміл.

 

Есберген АЛАУХАНОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

заң ғылымдарының докторы, профессор