Таяуда Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек пен «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев Саран қаласында болып, осындағы индустриялық жобаның бірі – шина шығаратын зауыт құрылысының жай-жапсарымен танысты. Айта кету керек, бұл кәсіпорынның болашақта Орталық Азиядағы ең ірі зауыттардың біріне айналу мүмкіндігі бар. Жауапты мамандардың айтуынша, бірінші кезеңде оның қуаттылығы жыл сайын 3,5 млн шина шығаруға жетеді. Одан кейінгі уақытта кәсіпорын жылына 9 млн көпбейінді шина жасап, өндіріс көлемін ұлғайтады.
Құрылысы 2021 жылы басталған зауыттың жоба жетекшісі Артём Крымов жұмыстың кестеге сай жүріп жатқанын атап өтті. Тіпті, кейбір жағдайларда жоспардағыдан озып кетушілік те бар екен.
– Биыл барлық ғимарат пен құрылысты жүзеге асыруға кірістік. Қазір құрал-жабдықтарға арналған іргетастар 70%-ға дайын, – деп баяндады ол.
«KamaTyresKZ» ЖШС – «Аллюр» компаниялар тобы» АҚ және «Татнефть» ЖАҚ бірлескен кәсіпорны салып жатқан шина зауыты осы жылдың соңына қарай ашылады. Мұнда мыңнан астам адам еңбек ететін болады. Қазірдің өзінде зауыт қызметкерлері Ресейдегі «Татнефть» компаниясының шина шығаратын кәсіпорнында тағылымдамадан өтіп жатыр.
«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев шина өндіру зауыты аталған холдингтің құрылымына енетін Қазақстанның даму банкінің еншілес ұйымы – Өнеркәсіпті дамыту қоры қаржыландыратын ірі жоба екенін айтты.
– Аталған жоба жұмыс орындарын құруға және еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға бағытталған, – деп атап өтті Қ.Шарлапаев.
Саранда шина зауытынан басқа мырыштау желісі бар металл бұйымдарын шығаратын кәсіпорынның да құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Мұнда жарықтандыру тіректері мен діңгектері, тосқауыл жол қоршаулары өндіріледі. Қазіргі уақытта өндірісте жоғары және дәлдігі жоғары технологияларды пайдаланатын заманауи жабдықтар сатып алынған. Жоспарда көп адамды жұмысқа орналастыру да бар.
Қалада құрылысын KazIsolation компаниясы бастаған тағы бір кәсіпорын – қоспаланған болаттан өнім өндіру бойынша құю цех та болашағы зор индустриялық жобаның бірі. Пайдалануға берілген кезде бұл цехтың қуаттылығы жылына екі мың тонна өнім шығаруға жетеді. Мамандардың айтуынша, кәсіпорын өнімдеріне деген жергілікті нарықта да, еліміз бойынша да зор сұраныс болады деген болжам бар.
«Бәйтерек» ҰБХ басқарма төрағасы Yutong маркалы автобус пен арнайы көлік құралдарын шығаратын QazTehna зауытының тыныс-тіршілігімен де танысты. Бұл кәсіпорын өзінің толық қуатына жеткенінде, ондағы жұмысшылардың саны 1 мыңның шамасында болады деген болжам бар.
Қазір зауыттағы 400 маманнан тұратын ұжым екі жылдың ішінде өндірісті жолға қойып, төмен еденді қалалық және 10 метрлік автобустардың екі жаңа моделін шығаруды игерген. Кәсіпорынның болашаққа бағытталған жоспары да ауқымды: күн тәртібінде автоқұрамдауыштар өндірісі үшін цехтарды кеңейту және қалпына келтіру жұмыстары тұр.
Жалпы, Саран қаласында болып, мұндағы индустриялық жобалардың қалай жүзеге асырылып жатқанын өз көзімен көрген Қ.Шарлапаев шағын шаһардың өнеркәсіптік әлеуетінің зор екенін атап өтті. Және ол жағымды жағдаяттың тұрғындардың тұрақты жұмыс пен табысқа ие болуына жол ашатынына сенім білдірді.
Қарағанды облысы,
Саран қаласы