Аймақтар • 20 Сәуір, 2022

Ырыздығына ыждағатпен қарамайды

203 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ілкі заманнан бері төрт түлік малмен күнкөріс қажетін өтеген Алаш жұрты амандық-саулықты малдан бастап сабақтайтыны бекер емес. Өйткені бар тіршілік ақ адал малына, малының амандығына байланысты. Соңғы жылдары мал ұрлаған суық қолдыларды жазалау шарасы күшейтілгенімен, ұрылардың құрығы қысқармай тұр.

Ырыздығына ыждағатпен қарамайды

Бар жайды ақыл таразысына салып сараптап қарасаңыз, мал сүмесімен күн көріп отырған елдегі ағайынның өзі ырыз­дығына ыждағатпен қарамайды екен. Өңірде осы жылдың қаңтар айының со­ңын­да полиция қызметкерлері жергілікті атқа­рушы органдардың қызметкерлерімен бірлесе отырып, мал ұрлығының алдын алуға байланысты бірқатар іс-шара өткізді. Айналдырған екі күннің ішінде иен жайлауда қараусыз жүрген 693 бас мал назарға ілігіп, арнайы қораларға қамалды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 408-бабына сәйкес 135 әкімшілік хаттама толтырылды. Осы бір мысалдан-ақ кей ретте шығасыға иесінің өзі басшы болатындығын аңғару қиын емес. Демек малсақ қауым өз малын көзінің қарашығындай сақтауы керек екендігін тағы бір қайталап айта кетсек, артықтығы болмас. Ал суық қолдылардың жолын кесу бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері мал мен мал өнімдерін тасымалдайтын 45 автокөлікті тексерді. Нәтижесінде, тиісті құжаттарсыз мал тасымалдаудың 12 дерегі тіркелді. Сондай-ақ ет өнімдерін сататын және өткізетін 63 орын мұқият тексеріліп, қылмыстың алдын алу жұмыстары жүргізілді.

Қараусыз мал – ұрыға оңай олжа. Ұрының құрығы түспегеннің өзінде күре жолдың бойына шығып кетіп, жол апатына себеп болуы әбден мүмкін. Темір жолдың бойында да дәл сондай төтеден келер қауіп бар. Сондықтан абай болған жөн. Әрі ауыл шаруашылығы құрылымдары да бейберекет жайылып жүрген төрт түліктің жайқалып өсіп тұрған егініне жиі түсетіндігін айтып, орынды өкпе-назын білдіреді. Тұяқты мал басқан егін – диқанның маңдай тері. Олар да біреудің бейқамсыздығынан берекесі қашып, жоқ жерде шығын шекпек.

Наурыз айының басында облыстың полиция қызметкерлері «Мал ұрлығы» жедел алдын алу шараларын өткізді. Бірінші күні Есіл ауданындағы мал ұрлығы оқиғасы ашылды. Өткен жылдың қараша айында болған оқиға кезінде Московское селосының маңында 14 бас қой мен 1 бас жылқы жоғалған. Мал иесінің айтуына қарағанда, жайылымда жүрген жерінен ұрланса керек. Шығын мөлшері 2 млн теңгенің көлемінде. Қылмыстың ізін суытпай, жедел іздестіру барысында 45 жастағы күдікті қолға түскен. Тергеу барысында ол өзінің қылмысын мойындаған. Мұндай оқиға Қорғалжын ауданындағы Шал­қар ауылында да тіркелген. Жайы­лымда жүрген жеті бас жылқы қас пен көздің арасында жоғалып кеткен. Мал иесінің шығыны 3,5 млн теңге көлемінде. Полиция қызметкерлерінің әр деректі салыстыра жүріп іздеуінің нәтижесінде жоғалған мал Алмас ауылынан табылды. «Қайтқан малда қайыр бар» демекші, мал иесіне жоғалған жеті жылқысы олжадай болып көрінгенімен, осы бір ғана дерек арқылы мал ұрлығының тыйылмай, тегін олжаға қызығатын тексіздердің әлі де кездесетіндігін аңғаруға болады.

Осы жылдың 27 наурызында қас қарая Көкшетау – Рузаев бағытындағы күре жолдың 13-ші шақырымында жол-көлік оқиғасы болды. Зеренді ауданының 19 жастағы тұрғыны жеңіл көлікпен Көкше­тауға келе жатып, жол үстіне шауып шық­қан жылқыға соғылған. Бір жақсысы көлік­тегілер зиян шеккен жоқ. Дәл осындай оқи­ға Есіл қаласына жақын жерде де тіркелді. Көкшетау – Атбасар бағытындағы тас жол­дың үстінде Есіл қаласының 33 жастағы тұр­ғыны жолға шығып кеткен жылқыны соққан. Осының барлығы берекесіздіктен келген бейнет. Егер мал иесі өз малын қа­рау­сыз қалдырмай, дұрыстап бақса, жол үстін­дегі жолаушы да зардап шекпес еді. Кө­лік жүргізушілердің айтуына қарағанда, әсіресе таң алдындағы қою қараңғылық пен тұманды, қыс мезгіліндегі боран-шашынды уақытта қауіп көбейе түседі екен.

Тәртіп сақшылары малсақ қауымға бағымдағы малына ие болу қажет екен­дігін ұдайы түсіндіріп келеді. Наурыз айының соңында облыстық полиция депар­таментінде азаматтармен кездесу өткізілді. Мекеме басшысымен жүздесуге үш адам жазылыпты. Айтатын өтініштің арнасы – мал ұрлығы. Зеренді ауданындағы Шағалалы селосының тұрғыны Бағдат Дүйсеновтің алты бас жылқысы жоғалғалы әлденеше жыл өткен. Белгісіз біреулер елді мекеннің жанындағы жайылымда жүрген жылқыларды айдап алып кетсе керек. Малы жоғалғанын білгеннен кейін мал иесі ұрыларды өз бетінше іздеген. Одан еш нәтиже шықпаған соң амалсыз жергілікті полиция қызметкерлеріне хабарлаған. Ал осы уақыт аралығында ұрылардың ізі суып та үлгерген. Осы ауданның Приречное елді мекенінің 40 жастағы тұрғыны ақпан айының орта шенінде бір үйір жылқысын жоғалтқан. Нақтырақ айтқанда, 20 бас. Бие-жабағысы аралас. Шамамен бес миллион теңгенің көлеміндегі шығын. Бұл жолы да мал иесі екі аптадан артық із кесіп, малын өзі іздеген. Содан кейін барып полиция қызметкерлеріне хабарлаған. Боран-шашыны жиі қыс ішінде із кесіп, жоғалған малдың сорабын анықтау өте қиын. Ақ қардың үстінде соқталанып жатқан ұрылардың ізін қар жауып тастады ғой. Егер уақытында хабар берілсе, мал ұрлығымен ұртын майлап жүрген ұрылардың өрісі тарылар еді.

Кісіге жасалар қиянатты қалай тыю­ға болады? Ең алдымен адамның ар-ожда­нын, ұятын тірілту керек шығар. Заң қатай­ғанымен, баукеспелер аяғын аңдап басатын емес. Ал әр көкірекке ар-ұяттың сәулесін себезгілеу жалғыз тәртіп сақшыларының ғана емес, жалпы қоғамның жұмысы.

 

Ақмола облысы