Белгілі болғандай, үшінші қабатта орналасқан кітап сақтау кабинетінде 15 шаршы метр аумақта жиһаз бен кітаптар отқа оранған. Өрт сөндіру бөлімі мамандары келгенге дейін 479 адам, оның ішінде 414 бала сыртқа шығарылған. Жедел жәрдем бригадасы оқиға орнынан 5 адамды ауруханаға алып кетті. Кейін үшеуі емдеу мекемесіне жатқызылды.
Тілсіз жауды ауыздықтауға төтенше жағдайлар департаментінің 35 қызметкері, 9 техника, ал апаттық медицина орталығынан 4 маман мен 1 техника жұмылдырылған. Жағымсыз жағдайдың себебі анықталуда.
Қала әкімі Асайын Байханов ауруханаға барып, зардап шеккендердің жағдайын біліп қайтты. Мектептің жағдайымен де танысты. «Әріптестермен бірлесіп мектепті қысқа мерзімде (2-3 апта) қалпына келтіру бойынша іс-шаралар жоспарын жасадық. Оқу орнының бірінші және екінші қабаттары зардап шеккен жоқ, сондықтан мектептегі оқу процесі жалғасады. Үшінші қабат тазалау және жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Мамандар орын алған жағдайға толықтай тергеу жүргізеді. Қазір балалар өздерін жақсы сезінеді, ауыр зақым алған жоқ. Балаларға барлық қажетті көмек толық көлемде көрсетіледі», деді шаһар басшысы.
Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады демекші, сол күні қаладағы екі бірдей ірі саяжай отқа оранды. Бірі шаһардың шығыс бөлігінде, бірі Теміржолшылар ауылының жанында орналасқан.
– 15 сәуір күні сағат 11:52-де «Надежда» және «Восточный» саяжай серіктестіктерінде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Қызыл жалын шамамен 30 га аумақтағы 10 саяжай учаскесін жалмады. Өртті сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінің 61 қызметкері мен 5 бірлік техника, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өрт сөндіру пойызы жұмылдырылды. Қосымша су жеткізу үшін жергілікті атқарушы органдардың күштері тартылды, – делінген облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ресми мәлімдемесінде.
ПАВЛОДАР